«Адам өкпесін құсып тастайды екен» – Жамбылдың шөбересі үкіметтен 52 мың теңге жәрдемақы алса да, дәріге ақша таппай жүр
«Адам өкпесін құсып тастайды екен» – Жамбылдың шөбересі үкіметтен 52 мың теңге жәрдемақы алса да, дәріге ақша таппай жүр
©А.Ахметқазы
255
оқылды

Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туған шөбересі Бекмұрат Жамбылов халықтан көмек сұрауға мәжбүр. «Уақыт көрсетеді» бағдарламасында берген сұхбатында ол денсаулығы нашарлап, дәріге ақша таппай, күнелтіп жүргенін айтқан. Қант диабетіне шалдыққан асылдың сынығы бір аяғы мен өкпесінің жартысынан айырылған. Көзі де көруден қалыпты. Мүгедек арбасына таңылған жарымжан жанды әйелі де тастап кеткен. Ол қазір бөтеннің босағасында күнелтіп жүр.

Оның бар арманы – үйлі болу. «Қазіргі тұрып жатқан үйім ағамдікі. Ол кісінің балалары, немерелері өсіп келе жатыр. Қашанғы оған масыл боламын? Ертең бала-шағама мұра болып қалатын жағдайым болса деймін. Өліп қалсам, менің жаназамды шығаратын үйім де жоқ» дейді Бекмұрат Жамбылов. Бекмұрат Жамбылов – Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, халық ақыны Әлімқұл Жамбыловтың кенже ұлы. Ал Әлімқұл Жамбылов – жыр алыбы Жамбылдың туған немересі, Тоққұлдың ұрпағы. Тоққұл – Жамбыл Жабаевтың ортаншы ұлы. Жасы 50-ге жақындаған Бекмұрат Әлімқұлұлы да өнерден кенде емес. Домбыра шертіп, Жамбыл атасының жырларын жатқа айтады. Айтуынша, өзі 20 жылдан аса той басқарған. 2007 жылдары қант диабетіне шалдыққан екен. Күйбең тіршілікпен жүріп диета сақтауға мүмкіндігі болмаған. Салдарынан дерті асқынып, 2018 жылы төсек тартып жатып қалған. – Әлсіреп, екі аяғым ауырып, төсек тартып жатып қалдым. Қан кете бастады. Адам өкпесін құсып тастайды екен. Ауруханаға алып кетті. Бір ай бойы құстым, өкпеден қан тоқтамады. 25 күндей жан сақтау бөлімінде жатып, 11 айдай тубдиспансерде емделдім. Сол кезде өкпемнің жартысын алып тастады. Ем кезінде неше түрлі химикат дәрілер берді. Соның салдары болар көзім дұрыс көрмей қалды, – дейді Бекмұрат Жамбылов. Артынан, 2020 жылы Бекмұрат Жамбылов көзіне ота жасатқан. Алайда бір көзі сол күйі көрмей қалды. Ал екінші көзі бұлыңғыр көреді. Бұл аздай, аяғына шыққан жара түбінде пышақ астына жатқызған. – Аурудың кесірінен денеге шыққан жаралар да тез жазылмайды екен. Былтыр табаныма жара шығып, қанша тұзды суға салып, дәрігерге барсам да, аяқта ірің кетпеді. Одан ыстығым көтеріліп, екі айдай ауруханада жаттым. Дәрігерлер аяғымның башпайларын кесіп тастады. Сонда да ірің азаймады, одан сайын көбейіп кетті. Табанымның терісін алып тастады. 17-18 күндей ыстығым түспей, 39 градуспен сандырақтап жаттым. Дәрігерлер аяғымды түсіріп, іріңнің сүйекке отырып алғанын көрді. Енді ірің буыннан өтіп, тізеге өтті. Ақырында «аяқты кестірмесеңіз болмайды, әйтпесе ірің жеп қояды» деген соң, оны кестірттім. Сөйтіп, екі ота жасатып, қазанда үйге шықтым. Міне, содан бері үйдемін, – дейді кейіпкер. Мүгедек арбасына таңылған жарымжан артынан әйелімен ажырасқан. «Әйелімді өз еркіммен жібердім. Оның өз себептері бар» деген Жамбылов ара-арасында балаларын көріп тұратынан айтты. Айтуынша, жұбайы медицина ғылымдарының кандидаты. Жұмысбасты болғандықтан, балаларға қарайтын уақыты жоқ. Ажырасқан соң 11 және 9 жастағы екі ұлын интернатқа өткізген. Олар айына 1-2 рет әкесіне келіп тұрады. Бекмұрат Жамбылов үш рет үйленіп, ажырасқан. Алғашқы екі некесінен бір ұлы мен бір қызы бар. Тұңғышы – 20 жастағы Айсұлтан әкесіне келіп тұрады екен. Ал екінші некеден Айнұр есімді қызы бар. Жасы – 15-те. Анасы қарсы болғандықтан Айнұрды әкесі көрмегеніне 12 жыл болған. Жамбыловтың ендігі арманы – қызын бір көріп, балаларының басын өз баспанасында қосу. Бекмұрат Жамбылов бүгінде II топ мүгедегі, мемлекеттен айына 52 мың теңге жәрдемақы алады. Оның 15-20 мың теңгесі пәтерақыға, ал қалғаны азық-түлікке кетеді. Қазір ағасының үйін паналаған жарымжанның дәрі-дәрмек алуға мүмкіндігі жоқ. Ал кезінде қоян-қолтық араласқан жолдастары бүгінде телефон тұтқасын көтермейді екен. https://www.youtube.com/watch?v=gQsDdzBqwZk&t=10s