Көктемде ауа райы қандай болады?
Көктемде ауа райы қандай болады?
Фото: kaz.zakon.kz
507
оқылды

«Қазгидрометтің» болжамынша, көктемде ауа температурасы жоғарылайды. Биыл көктемде былтырға қарағанда жауын-шашын мол жауады.

Синоптиктердің мәліметінше, көктемде, ауа температурасы көтеріледі. Наурызда ауаның орташа температурасы республиканың басым бөлігінде нормадан 1-2°С жоғары, Батыс Қазақстан облысында, Атырау облысының солтүстік-батысында нормаға жуық болады деп күтіледі. Сәуірде еліміздің барлық аумағында ауа температурасы нормадан 1°С жоғары болмақ. Батыс Қазақстан облысы мен Шығыс Қазақстан облысының басым бөлігінде, Алматы облысының оңтүстік-шығысында күн жылынады.
«Алайда көктемде өтпелі маусымда ауа райы құбылмалы болады. Осылайша, суық ауа массаларының ағындары кезінде, қарлы боран көбінесе солтүстік аймақтарда, ал арктикалық антициклондар әсерінен оңтүстік аймақтарда аяз болуы мүмкін» делінген хабарламада.
Мамырда республиканың басым бөлігінде, ауаның орташа айлық температурасы көпжылдық нормаға жуық болады деп күтіледі. Алайда бірқатар облыстарда мамырда ауа температурасы климаттық нормадан 1°С төмен болады. Әсіресе, елдің солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде Сібірден суық ауа массасының ығысып келуіне байланысты болады. Наурызда республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормаға жуық, ал Қазақстанның солтүстік-батыс бөлігінде нормадан артық болады деп болжанады. Сәуірде жауын-шашын мөлшері, республиканың басым бөлігінде, еліміздің батысында, қиыр солтүстігінде, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының оңтүстік-шығыс жартысында, Түркістан және Жамбыл облысының таулы, тау бөктерлі аудандарында нормадан азаяды. Мамырда республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормаға жуықтайды. Қызылорда, Түркістан, Қостанай облыстарының басым бөлігінде, Қарағанды облысының батыс жартысында, Жамбыл облысының солтүстік-батыс жартысында, Ақтөбе облысының оңтүстік-шығысында нормадан аз болады деген болжам бар.