ШҚО-да орынбасары жемқорлық фактісімен ұсталған әкім жаңа қызметке тағайындалды
ШҚО-да орынбасары жемқорлық фактісімен ұсталған әкім жаңа қызметке тағайындалды
192
оқылды
Глубокое ауданының бұрынғы әкімі Тамара Рахымжанова «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына басшы болды. Бұл туралы «Inbusiness.kz» сайты хабарлады. Естеріңізге сала кетейік, Тамара Рахымжанова 2021 жылдың желтоқсан айында жемқорлықпен ұсталған орынбасары үшін қызметімен қош айтысқан еді.
«Менің орынбасарларымның бірі жемқорлық фактісімен істі болды. «ҚР Мемлекеттік қызмет туралы» заңының 60-бабына сәйкес аудан әкімі қызметке тағайындалған күннен бастап үш ай өткен соң оған тікелей бағынатын қызметкерлердің бірі сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған жағдайда отставкаға өтініш береді. 2021 жылғы 19 қарашада аудан әкімінің орынбасарына қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша Шығыс Қазақстан облыстық апелляциялық сотының үкімі шықты. Үкім заңды күшіне енгеннен кейін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қызметімнен кеттім», - деп жазған болатын ол өзінің Instagram-дағы парақшасына.
Тамара Рахымжанова еңбек жолын 2001 жылы Өскемен қаласында «ВНИИТцветмет» мекемесінде тазалықшы болып бастаған. 2014-2016 жылдары «Өскемен-Тазалық» ЖШС директоры, 2016-2019 жылдары «Өскемен-тәртіп» мекемесінің директоры қызметтерін атқарған. 2019 жылдың ақпан айынан 2020 жылдың қыркүйегіне дейін Өскемен қаласы әкімінің орынбасары, 2020 жылдың қыркүйегінен 2021 жылдың желтоқсанына дейін Глубокое ауданының әкімі болды.