Руслан Ысқақов Қазақстанның даму банкін басқарады
Руслан Ысқақов Қазақстанның даму банкін басқарады
Руслан Искаков. Фото:facebook.com/baiterek
185
оқылды
Руслан Ысқақов Қазақстанның даму банкінің басқарма төрағасы және директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланды.
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының шешімімен Руслан Викторович Ысқақов 2022 жылғы 16 ақпаннан бастап «Қазақстанның даму банкі» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы және директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланды, – делінген хабарламада.
Осы мұның алдында холдингтің еншілес ұйымы – KazakhExport экспорттық сақтандыру компаниясын басқарған. Банк ұжымына жаңа басшысын «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев таныстырды.
Руслан Викторовичтің қаржы ұйымдарындағы жұмыс тәжірибесі 18 жылдан асады, ол алты жылы бойы КаzakhExport-ты басқарып, жемісті еңбек етті. Бүгіннен бастап Қазақстанның даму банкінің басшысы болып тағайындалды. Бұл меритократия қағидатының көрінісі екенін айтқым келеді, банк нарығында және біздің холдинг ішінде табысты жұмыс істеген адам бүгінде ең жоғары позициялардың біріне жетті. Оған қолдау көрсетіп, бірлесе кооперация режимінде сәтті жұмыс істейтіндеріңізге сенемін, – деді Қанат Шарлапаев.
Руслан Ысқақов 1980 жылы туған. 2003 жылы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін бітірген. Руслан Ысқақов басқарған KazakhExport төрағасы міндеттері 16 ақпаннан бастап компанияның басқарма төрағасының орынбасары Рауан  Жақсыбаевқа жүктелді. Еске салайық, 25 қаңтарда Президент сынынан кейін Қазақстанның даму банкінің басшысы Абай Сарқұлов қызметінен кетті. Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтарда Қазақстанның даму банкі санаулы тұлғаның жеке банкіне айналғанын айтты.