Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде ұсталған 741 күдікті қамауда отыр - Бас прокуратура
Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде ұсталған 741 күдікті қамауда отыр - Бас прокуратура
149
оқылды
741 күдікті сот санкциясымен қамауда отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Бас прокуратурасы 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биылдың 16 ақпанындағы жағдай бойынша Бас прокуратураның, Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің тергелуіндегі барлық қылмыстық істер бойынша 741 күдікті сот санкциясымен қамауда. Олардың ішінде 113-і бұрын сотталған, 42-сі тыйым салынған экстремистік ұйымның қатысушысы және 35-і ұйымдасқан қылмыстық топ өкілі», - деді Е. Қилымжанов.
Осы орайда ол қамауға алынғандардың жеке бастары зерттелгенін және Алматы қаласындағылар бойынша олардың портреттері жасалғанын атап өтті. «Негізгі массада – олар жоғары білімі және тұрақты жұмысы жоқ 30 жасқа дейінгі жас адамдар.Алматы қаласында анонимді сауалнама жүргізу барысында әрбір үшінші қиратушы жағдайды пайдаланып, бөтеннің мүлкін ұрлау арқылы пайда табуды қалағанын мойындады. Прокуратура органдары азаматтық ұйымдардың өкілдерімен бірлесе қамауға алынғандардың және ұсталғандардың жағдайын күнделікті тексеруде», - деді Бас прокуратура өкілі.