Қаңтар оқиғаларында оқ тиіп жараланған 600-ден астам адам медициналық көмекке жүгінген
Қаңтар оқиғаларында оқ тиіп жараланған 600-ден астам адам медициналық көмекке жүгінген
149
оқылды
Қаңтар оқиғаларында оқ тиіп жараланған 600-ден астам адам медициналық көмекке жүгінген. Бұл туралы ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да өткен брифингте айтты.
Мүліктік сипаттағы қылмыстармен қатар ішкі істер органдары қаңтар оқиғалары кезінде адамдардың қайтыс болуы және олардың жарақат алу фактілерін тергеуде. Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша қаңтар оқиғалары барысында 1 726 адам, оның ішінде 673-і оқ-дәрі жарақаттармен, 469-ы пышақталған және тесілген жарақаттармен, 431-і дене жарақаттарымен медициналық көмекке жүгінген. Медициналық көмекке жүгінген азаматтардың басым бөлігі Алматы қаласында – 686, Алматы облысында – 336, Қызылорда облысында – 164, Жамбыл облысында – 153, Шымкент қаласы мен Шығыс Қазақстан облысында 126 адам.», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.
Ол тәртіпсіздіктер барысында 3 мыңнан астам құқық қорғау органдары қызметкерлері және әскери қызметшілер әртүрлі дене жарақаттарын алғанын еске салды. Оның ішінде атыс және пышақтау жарақаттары, сондай-ақ басқа да ауыр зардаптар бар. Қазіргі уақытта медициналық мекемелерде жаппай тәртіпсіздіктер барысында ауыр жарақат алған 273 қызметкер мен әскери қызметші емделуде.
"Олардың бір бөлігі осы уақытқа дейін жан сақтау бөлімінде. Өкінішке орай олар ары қарай жұмыс жасай алмайды, іс жүзінде мүгедек болып қалды. Полиция қызметкерлері мен әскерилерді қатыгездікпен ұрып-соғудың, сондай-ақ әкімшілік және өзге ғимараттарға шабуыл жасаудың кадрлары әлеуметтік желілерде жеткілікті мөлшерде бар. Олардың көпшілігін тәртіпсіздіктерге қатысушылардың өздері таратты", – деді Санжар Әділов.