Қазіргі таңда мемлекеттік тілді білмейтіндерді «А» және «Б» корпусының лауазымдарына тағайындау шектелмеген. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі хабарлады. «А» және «Б» корпусының лауазымдарына үміткерлерге мемлекеттік тілді білу талабы енгізілмеген.
«Қазіргі уақытта "Б" корпусы лауазымына үміткерлерге мемлекеттік тілді білу деңгейі бойынша талап жоқ. Мысалы, мемлекеттік тіл бойынша тестілеуден 0 балл алған үміткер іріктеудің келесі сатысына өткізіле береді. Бұған қоса "Мемлекеттік қызмет істері" туралы заңның 23-бабына сәйкес, "А" корпусы лауазымына тағайындау конкурссыз өткізіледі. Соған байланысты "А" лауазымына үміткерлер тестілеуден өтпейді, соның ішінде қазақ тілі бойынша да сынақ тапсырмайды. Сонымен «А» және «Б» корпусының лауазымдарына үміткерлерге мемлекеттік тілді білу деңгейі бойынша талап қойылмайды», – делінген Total.kz редакциясының сауалына Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің берген ресми жауабында.