Павлодарлық кемпір-шал аш қалған төрт жиенін бағудан бас тартты
Павлодарлық кемпір-шал аш қалған төрт жиенін бағудан бас тартты

11 ақпан күні аш құрсақ күйде қалған төрт кішкентай бала Павлодар облыстық ауруханаға түскен. Балалардың жасы – 7, 5, 4, 3. Көпбалалы отбасы Екібастұзда тұрады. Әлеуеті төмен көпбалалы отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етуге барған жергілікті еріктілер балалардың бірнеше күн бойы тамақ ішпей, бұратылып жатқанын көріп, ауруханаға апарып, үкіметтен мәселенің мән-жайын қарастыруды талап еткен.

 Қараусыз қалған төрт бала

Еріктілердің айтуынша, көпбалалы отбасына қорғаншылық және қамқорлыққа алу ұйымы өтінішімен көмектесуге келген. Сол кезде үйде аяғына тұра алмай, өздігінен жүруден қалған кішкентай төрт бала болған. – Қыз баланың іші күмпиіп ісіп кеткен. Ал кішкентай ұлдың құсып жатқанына екі күн болған. Екі үлкен бала үш күн бойы тамақ ішпегеннен, әлсіздіктен бұратылып, төсек тартып жатып қалған. Үйдің іші астан-кестен, барлық жерде нәжіс, үйдің ішінен зәрдің иісі шығып тұрды. Тіске басар ештеңе жоқ. Тіпті, балалардың үстіне ілер киімі де болмаған. Балалардың аш-жалаңаш үйде жатқанына біраз болған, – дейді Vita іздеу тобының еріктісі Людмила Былинина. Оқиға орнына келген жедел жәрдем бірден балаларды облыстық ауруханаға жатқызды. Балалардың анасы да ауруханада. Оның коронавирусқа шалдыққаны анықталды. [caption id="attachment_184481" align="alignnone" width="1200"]Павлодар ©exk.kz[/caption]

Балалардың іші ісіп, аяғы қисайып, жүруден қалған

Дәрігерлердің мәліметінше, маугли атанған балалардың ең кенжесі үште. Анасының айтуынша, ол екі жасынан бастап жүрмей қалған. Оның үстіне, балалардың бұлшықеті әлсіз, осыдан сүйегі қақсап, ауырады. Салдарынан аяғы қисайып, жүруден қалған. Арасында 7 жасар бала ғана сөйлейді, қалғандарының тілі шықпаған.

– Төрт бала да тұқым қуалайтын рахит тәрізді ауруға шалдыққан секілді.  Іштің ісіп кетуі де содан. Әлі ешқандай болжам айта алмаймыз. Себебі әзірге балаларды диагностикадан өткізіп жатырмыз. Тексеруден кейін консилиум өтеді. Содан кейін ем-дом жүргізіледі. Негізі балалардың біреуінен ковид шыққан, өзгелердің нәтижесі теріс болғанымен белгілері табылған. Сондықтан балалар, алдымен, коронавирустан емделеді. Айыққан соң, негізгі дертін анықтап, күресеміз, – дейді Павлодар облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Темірғалиева.

[caption id="attachment_184473" align="alignnone" width="1200"]Павлодар ©exk.kz[/caption] Анықталғандай, балаларға мүгедектік әлі ресімделмеген. Өйткені олар тұрғылықты жері бойынша емханаға тіркелмеген екен. Мұндай отбасының барын, тіпті балалары қараусыз, аш-жалаңаш қалғанынан облыстық әкімдік хабарсыз. Олардың айтуынша, көпбалалы отбасы Ақсудан Екібастұзға көшкен кезде хабар-ошарсыз қалған. Қаланың әлеуметтік қорғау ұйымы немесе дәрігерлері іздеу салып, хабарласпаған. Сөйтіп, бұл отбасы ұмытылған. Осы іске салғырттық танытқаны үшін облыс басшысы Екібастұз бен Ақсу қалаларының әкімдеріне сөгіс жариялады. Ал жергілікті Полиция департаменті көпбалалы отбасы тұрғылықты жерін жиі өзгерткендіктен қадағалай алмағанын жеткізді. Қазір полиция бұл отбасына қатысты ата-ана міндеттерін орындамағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша іс қозғап, материалды сотқа жіберген.

 Балалар қайда қалады?

Ендігі мәселе – ауруханадан шыққан балалар қайда барады, кімді паналайды. Жақында төрт баланың ата-әжесі табылды. Кемпір-шал Павлодар облысының маңындағы Қалқаман елдімекенінде тұрады. Олар осы 3 мыңнан астам тұрғыны бар ауылда туып-өскен. Екеуі екі ұл, екі қызын қатарынан қалдырмай, жеткізген. [caption id="attachment_184471" align="alignnone" width="1067"]Павлодар ©exk.kz[/caption] – Бір ұлымыз – отбасылы, Екібастұзда тұрады. Ал екінші ұлымыз осыдан бірнеше жыл бұрын құрылыста жүріп, қаза тапқан. Үлкен қызымыз кенжесімен бірге Ақсуда тұрады. Ол өзінің екі баласын Павлодардағы балалар үйіне тастады. Арасында оларға барып тұратынбыз. Пандемия басталғалы әкімшілігі бізді көрістірмеді, – дейді Виктор Зейналов. Еріктілердің айтуынша, кемпір-шалдың бұл қызы ішімдікке салынған. Ол ішкен күндері қызын қараусыз қалдырады екен. Қазір 37 жастағы ана қамауға алынған, ал бір жарым жасар бала ауруханаға жатқызылды. – Ал мына төрт баланың анасы ішімдікті аузына алмайтын секілді. Жасы – 28-де, жұмыссыз. Өздері пәтер жалдап тұрады. Үйдің асыраушысы – күйеуі. Бірақ ол ішеді. Көпбалалы отбасы ретінде үйдің кезегіне де тұрмаған. Тіпті, қалада тіркелмеген екен. Олардың неге мұндай күйде қалғанын әйел еш түсіндіре алмады. Әлі де көп нәрсе бізге белгісіз, – дейді Екібастұз әкімінің орынбасары Мариям Маликова. Балаларына салғырт қарағаны үшін ерлі-зайыпты ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін. Ондай жағдайда балалар кімге қалады? Нағашы ата-әжесі жиендерін қолына алмайтынын айтты. Сол үшін ауыл ішінде сынға да қалды. – Балаларды өсірдік, жеткіздік. Қыздарымыз тұрмысқа шығып, ана атанды. Біз күні-түнімен жұмыс істеп, балаларымызды өзіміз жеткіздік. Сол секілді оларда өз балаларын өздері өсіру керек. Ауыртпалығын бізге неге салады? Олармен қазір араласпаймыз. Сол себепті әркім өз күнін өзі көруі керек? – дейді Виктор Зейналов.