Лаңкестер интернеттің өшірілетінін білгендіктен, ақпараттық соғыста жеңіліп қалдық – Сапар Ахметов
Лаңкестер интернеттің өшірілетінін білгендіктен, ақпараттық соғыста жеңіліп қалдық – Сапар Ахметов
Фото: astana-akshamy.kz
225
оқылды

Мемлекет басшысы Qazaqstan ұлттық телеарнасына арнайы сұхбат беріп, Қаңтар оқиғасы, тергеудегілердің тағдыры, наурыз айында халыққа арнайтын Жолдауы жайында айтты.

Қазақстандық блокчейн-технологиялар қауымдастығының төрағасы, «Nur Otan партиясы жанындағы Азаматтық қоғам және мемлекеттік басқаруды дамыту жөніндегі»  республикалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Сапар Ахметов Мемлекет басшысының сұхбатына қатысты пікір білдірді. – Ел Президенті Қаңтар оқиғасы туралы халыққа егжей-тегжейлі айтып берді. Бейбіт шеруге шығып, аласапыран басталғанда қаза тапқандардың тағдырына тоқталды. Құқық қорғау органдарына сараптама қорытындысын талдап, әділ тергеу жүргізуді тапсырды. Ұрлық, тонау, жаппай тәртіпсіздіктер қайталанбау үшін құқық қорғау саласының қызметкерлері мен әкімдердің алдағы уақытта атқарар міндеттерін де жіктеп айтып берді. Елдің әлеуметтік-экономикалық мәселесін Президент әрдайым жіті қадағалап отыр. Меніңше, Қаңтар оқиғасынан баршамыз сабақ алуымыз керек. Ел ішінде дүрбелең басталғанда кейбір телеарналар, радиолар, БАҚ жұмысы тоқтап қалды. Интернет өшірілгендіктен, ақпарат таратушылар абдырады. Бейбіт заманда ақпарат таратып үйренген журналистер тосылып қалды. Интернет өшірілген кезде ақпарат халыққа жетпей жатты.
Лаңкестерге келетін болсақ, олар интернеттің өшірілуі мүмкін екенін білді. Бір-бірімен хабарласу, байланыс жүйелері мықты болды. Өзге елдердің тәжірибесінде ел ішінде дүрбелең басталғанда интернет өшірілмейді.
Бізде Қаңтар оқиғасы кезінде ақпараттың ақ-қарасын дер кезінде айтылмады. Тек қана «Хабар 24» арнасынан жаңалықтардан шеруге шыққандардың хал-жағдайын білдік. Өзге арналар хабар тарата алмай қалды. Ақпараттың халыққа сол уақытта жетпеуі де кері әсерін тигізді. Ел ішінде қауесет тарады. Оқиғаның мән-жайын көрші Ресейдің арналарынан көріп отырдық. Интернет өшірілгендіктен, біздің арналардың қажетті деңгейде хабар таратуға мүмкіндігі шектеулі болды. Сондықтан біз ақпараттық соғыста жеңіліп қалдық. Қаңтар оқиғасы қайталанбасын десек, өткен қателіктерімізден сабақ алуымыз керек.