Мемлекет басшысы шетелге заңсыз шығарылған қаражат Қазақстанға қашан қайтарылатынын айтты
Мемлекет басшысы шетелге заңсыз шығарылған қаражат Қазақстанға қашан қайтарылатынын айтты
267
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «QAZAQSTAN» телеарнасына берген сұхбатында шетелге заңсыз шығарылған қаражатты Қазақстанға қайтару жұмыстарына қатысты берген тапсырмалары қашан орындалатынын айтты. 
«Сіз Үкіметтің отырысында шетелге заңсыз шығарылған қаражатты Отанымызға қайта әкелу керек деп тапсырма бердіңіз. Бұл тапсырма қашан орындалады? Соның мерзімдері туралы айта аласыз ба?», - деп сұрақ қойды журналист Жайна Сламбек. «Мен Үкіметке тиісті тапсырма бердім. Бұл мәселе бойынша Үкімет екі айдан кейін маған нақты ұсыныстарын айтады. Содан кейін жұмыс басталады. Аталған мәселе бойынша ауқымды сараптама жасау керек. Онсыз болмайды. Содан кейін шетелдегі тиісті мекемелермен келіссөздер жүргізуге кірісеміз. Бұл өте күрделі әрі ұзақ уақытқа созылатын жұмыс болатын сияқты. Оны ашық айтқан жөн. Бірақ әділдікке жету үшін осы жұмысты бастау керек. Шетелге заңсыз шығарылған қаражатты елге қайтаруға тиіспіз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.