Батыс Қазақстан облысында браконьерлер "Охотзоопром" кәсіпорнының инспекторларына оқ атты. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Инстаграм парақшасында мәлімдеді. Оқиға 16 ақпанда инспекторлар Қазталов ауданындағы Жұлдыз ауылына кезекті рейд жасаған кезде болған.
– «Охотзоопром» өндірістік бірлестік инспекторларына екі браконьер қарсылық көрсетіп, оқ атқан. Абырой болғанда адам шығыны мен жарақат алғандар жоқ. Инспекторлар барлау кезінде Казталов ауданы Жұлдыз кенті аумағында «Боран» маркалы қарда жүргіш көлігінің ізіне түскен. Жедел қуып жеткен қорықшылардың пәрменіне құлақ аспаған қаскөйлер Тойота маркалы қызметтік көлікке анықталмаған мылтықтан шамамен 10 рет оқ атқан. Автомобильдің алдыңғы дөңгелектері жарылып, бампері зақымдалған, – делінген хабарламада.Инспекторлардың табельдік қарудан ескерту оқ атқандарына қарамастан, браконьерлер БҚО, Жаңақала ауданы, Новоказанка ауылына қарай іздерін суытқан. Оқиға орнына Казталов аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері шақырылып, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.