Мемлекет адамдар үшін – Жұлдыз Сүлейменова
Мемлекет адамдар үшін – Жұлдыз Сүлейменова
167
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың "Qazaqstan" ұлттық арнасына журналист Жайна Сламбекке берген сұхбаты ұнады. Сұхбат арқылы Президент қоғамның көкейінде жүрген сауалдарға кеңінен тоқталды, көп сұрақтарға жауап берді, сонымен қатар халқымызды біріктіретін басты құндылықтарды айқындады деген ойдамын. Ең бастысы, қасіретті «Қаңтар оқиғасы», оның себеп-салдары, алдағы уақытта халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған саяси және әлеуметтік реформалар туралы егжей-тегжейлі баяндады. Бейбіт азаматтарды лаңкестерден, қарақшылардан бөліп алу, олардың, яғни осы бейбіт азаматтардың құқығының қорғалуы туралы бөле-жара атап өтті. Өте дұрыс айтылды деген ойдамын. Бұл жұмысқа құқық қорғау органдары қызметкерлерімен бірге, тәуелсіз құқықтық сарапшылар, мысалы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльмира Азимова, заңгерлер, құқық қорғау саласының сарапшылары – Айман Омарова, Жеміс Тұрмағамбетова, Абзал Құспандардың қатыстырылғандығы туралы, әр істің мұқият қаралатындығы жайында қайталап тоқталып өтті. Сонымен қатар лаңкестерді, қарақшыларды «Халық қаһарманы» етуге болмайтындығы дұрыс қозғалды деген ойдамын. Мемлекеттің тұтастығына, халықтың қазынасына қол салғандар заң аясында жауапқа тартылуы керек. Мемлекет басшысы, саяси-әлеуметтік реформалардың басты мақсаты: - әділетті қоғам орнату, - монополияларды жою, - саяси трансформация жасау, - еліміздің экономикалық дамуын жеделдету, - деп нақты айқындап берді. Жаңа Қазақстанның Мемлекеттік идеологиясы: -Тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай қастерлеу, сақтау, - Заң үстемдігін қамтамасыз ету, - Адал еңбекті насихаттау, - Біліктілікке негізделген нақты іске баулу, - Сабырлылықты, Әділеттілікті насихаттау. Бұл – әрбір отбасында, мектепте, қоғамдық ортада қалыптасатын құндылықтар. Шын мәнінде, халқымыздың ендігі болашағы осы құндылықтардың санаға сіңіп, өмірлік ұстанымға айналуымен байланысты.  Сол себепті Мемлекет басшысының бастамаларын, реформаларын нақты іспен жүзеге асыруда еңбек ете береміз.