Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен палата отырысында депутаттар Жоғарғы Сот судьясын қызметінен босату туралы ел Президентінің ұсынымын қарады. Сонымен қатар отырыс барысында екі заң қаралып, қабылданды. Жоғарғы Сот судьясын қызметтен босату туралы мәселені қараған сенаторлар тиісті қаулыны қабылдап, Жаңылсын Архарованы Жоғарғы Сот судьясы қызметінен босатты. Одан соң қаралған екі заңның алғашқысы ЕАЭО-ның ортақ электр энергетикалық нарығында электр энергетикасы саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеу мен бақылау тәртібін регламенттейді. Мұндай нормалар «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа (Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру бөлігінде) өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңда жазылған. «Қабылдаған заң Еуразиялық экономикалық одақта ортақ электр энергетикалық нарық қалыптастыруды және ұйымға мүше мемлекеттер арасында әділ бәсекелестікті қамтамасыз етуді көздейді. Сондай-ақ бұл құжат экономикалық өзара тиімді және тең құқылы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға арналған. Алдағы уақытта мұның бәрі Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға септігін тигізеді деп сенеміз», – деді заң бойынша пікір білдірген Мәулен Әшімбаев. Сонымен қатар сенаторлар «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы әскери ынтымақтастық туралы шартты ратификациялау туралы» заңды да қабылдады. Бұл келісімге 1994 жылы қабылданған алдыңғы шарттың нормаларын жандандыру үшін 2020 жылы қол қойылды. Себебі алдыңғы шарттың ережелері бүгінгі талаптармен салыстырғанда ескірген немесе қазірдің өзінде іске асырылған. Шарт әскери өзара іс-қимылды нығайтуға, өңірлік қауіпсіздіктің сын-қатерлері мен қауіптеріне қарсы әрекет етуге, тиісті мәселелер бойынша штабтық келіссөздер мен консультациялар өткізуге арналған. Құжат жедел және жауынгерлік даярлық бағытындағы ынтымақтастықты, атап айтқанда бірлескен оқу-жаттығулар өткізуді де қамтиды. Сондай-ақ отырыста сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.