Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әділет министрі Қанат Мусинді қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Президентке министрліктің былтырғы атқарған жұмыстарының нәтижелері мен 2022 жылы мән берілетін басым бағыттар жөнінде баяндалды. Биыл 26 заң жобасы әзірленіп, Парламент қарауына енгізіледі деп жоспарланып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаевқа мемлекет мүддесінің қазақстандық және халықаралық соттарда қорғалуын қамтамасыз ету жөнінде мәлімет берілді. Қазір министрлік 25 іс бойынша мемлекет мүддесін қорғау жұмыстарын жалғастыруда. Атап айтқанда, олардың 14-і халықаралық арбитраждардың, 5-еуі шетелдік соттардың қарауында жатыр, 6 іс сотқа дейінгі өндірісте. Президент Әділет министрлігінің 2022 жылға арналған жоспарымен танысқаннан кейін әзірленіп жатқан нормативтік-құқықтық актілердің сапалы орындалуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауға бағытталған заңгерлік қызмет көрсету ісіне ерекше назар аударуды тапсырды.