Полицейлерді қорғау күшейтілмек. Әйтпесе, олардың өздері қорғансыз жағдайға жетті. Тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жылда қызметін орындау барысында 802 полицей қаза тапты, тағы 2 650-і жарақат алды, мүгедек болды. Бұл сан 2022 жылғы «қасіретті қаңтар» оқиғалары салдарынан күрт көбейді. Сонымен бірге тәртіп сақшыларына тіл тигізу, бетіне түкіру, жағасынан алу үйреншікті көрініске айналды. Жағдай өзгермесе, орган қызметкерлері жаппай қызметтен кетуі, қоғамдық тәртіптің тоз-тозы шығуы, республика артта қалған елдер құрдымына құлауы мүмкін.
Полиция беделі неге төмен?
ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділовтың дерегінше, қаңтардың басында елдің 11 өңірін жайлаған жаппай тәртіпсіздіктер, қылмыстық, радикалды топтардың шабуылдары барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері және әскерилер арасынан 19 адам мерт болды, 3 мыңнан астамы түрлі дене жарақатын алды. «Олардың ішінде оқ тигендер, пышақталғандар және денесіне басқа да ауыр зақым келгендер бар. Бүгінде қаңтар оқиғаларында ауыр жарақат алған 273 қызметкер мен әскери қызметші ауруханаларда емделуін жалғастырып жатыр. Олардың бір бөлігі осы уақытқа дейін жансақтау бөлімінде жатыр. Өкінішке қарай, бұл қызметкерлер ары қарай жұмыс істей алмайды, олар мүгедек болып қалды», – деді С.Әділов. Қаңтар қақтығысынан кейін қоғам тарапынан күш құрылымдарына қысым, оларды негізді-негізсіз айыптау күшейді. Адам темір емес, жүйкесі сыр берсе керек, әлеуметтік желіде кейбір жерде полиция қызметкерлерінің жұмыстан кетуге жаппай талаптанғаны жазылды. Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген «Кейбір заңнамалық актілерге Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасы бойынша консультативтік құжатта құқық қорғау қызметкерлерін құрметтемеу проблемасы ушығып кеткені айтылады. «Ішкі істер органдарының бедел-имиджі халық арасында жоғары деңгейде емес. Полиция қызметкерлеріне құрмет пен сенімнің болмауы, ал кейбір жағдайларда оларға қарсы агрессияның көрініс беруі олардың өз міндеттерін жүзеге асыруында қиындықтар туғызады. Қолданыстағы қылмыстық заңнама орган қызметкерлерінің құқықтық қорғалуын толық көлемде қамтамасыз етпейді. Осыған байланысты полицейлердің құқықтық қорғалуын арттырып, билік өкілдеріне шабуыл жасағаны және заңды талаптарға бағынбағаны үшін жауаптылықты қатаңдату қажет», – деген ұсыныс беріледі құжатта. Әрине, полиция беделінің түсуіне олардың кейбір өкілдері де «сүбелі үлес» қосқаны жасырын емес. Пара алып, істі жаба салу, шағымданып келген қарапайым адамдардың арыз-өтінішіне атүсті қарау, іс материалдарын тергеусіз-ақ архивке, номенклатураға өткізе салу, кінәсіз адамдарды айыпты ету, күдіктілерді тергеу үстінде өлтіріп тастау секілді кесір-кесапаттар құқық қорғау органдарының абыройын төгетіні сөзсіз. Ендеше полиция беделін көтеру – осы теріс құбылыстардан арылу, алдын алу және онымен қатаң күресумен қатар жүргені жөн болса керек.Жаман сөз тасқыны тәртіп ұстынын шаяды
Сарапшылар жаңа заң аясында билік, яғни құқық қорғау өкіліне тіл тигізу, қорлау үшін жазаны күшейтуді ұсынуда. Өйткені кейінгі жылдары мұндай «кесел» қоғамда кең тарала бастаған. ІІМ қызметкерлері, әсіресе учаскелік инспекторлар тұрғындардың заңды талапқа бағынбайтынына, сөзін тыңдамайтынына, әйелдер жағы қарғап-сілеп, бетке түкіріп, тепкілеп, ал ерлер жағы төбелесе кететініне шағымданып жүр. Мысалы, өткен жылдың соңында Алматы әуежайында жұртқа тиісіп, мазасын алған масаң күйдегі 47 жастағы еркекті полицей ұстады. Әлеуметтік желіде тараған видеода ер адамның қызмет бабындағы тәртіп сақшысының талабына көнбек түгіл, былапыт сөздер айтып, күш көрсеткені, оны жұлқылай жөнелгені бейнеленген. Өткен-кеткен куәгерлер қызық көріп, оқиғаны бейнежазбаға түсіруде. АҚШ-та, Еуропада мұндай жағдайда полицейлерге күдіктіні атып тастауға да рұқсат етілген. Бақытымызға орай, қазақстандық заңнама сонша қатал емес. Дегенмен жаза да жұмсақтау: Қылмыстық кодекстің «Билік өкiлiн қорлау» деп аталатын 378-бабының 1-тармағы бойынша сөзбен қорлаушылар 80 АЕК (245 040 теңге) айыппұлмен немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе 80 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылумен құтылып кетеді. Полицейге күш қолданғандар әдетте 3 000 АЕК айыппұлмен құтылады. Алматының тек бір мекемесі – Көліктегі полиция департаменті былтыр қызметтiк мiндеттерiн атқару үстінде полицейге бағынбаумен, жұрт көзінше қорлап, тіл тигізумен және күш қолданумен байланысты 30 шақты фактіні тіркеген. Кейбір қазақстандықтар «102» нөміріне еш себепсіз, тек орган қызметкерлері туралы не ойлайтынын айтып, сынап-мінеу үшін қоңырау соғады. Бұл полицейлерге психологиялық жүктеме, қысым болса керек. Қылмыстық кодексте «Билік өкiлiнiң қызметтiк жұмысы туралы сын тұрғысында айтылған жария сөздер осы бап бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпайды» деп жазылған. Яғни, бұл үшін жазаланбайды. Бірақ біразы жай сынмен шектелмейтін көрінеді. Мысалға, Көкшетауда тұратын әйел түнгі 02.30-да «102»-ге телефон соғып, Жедел басқару орталығының инспекторын ұзақ боқтаған. Кейін есін жиған соң бұған оны ішімдіктің қызуы итермелегенін айтып, ақталыпты. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің 378-бабының 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Бұл оқиға кейбір адамның сана-сезімінде «полицияға негізсіз тіл тигізе беруге де болады» деген зиянды ой тұнып жатқанын, ерігіп-зеріккенде, мас күйге енгенде сол ой тілден төгіле жөнелетінін көрсетеді. «Полиция қызметкерлеріне тіл тигізу мемлекеттік билікті құрметтемеу дегенді білдіреді, бұл қоғамдағы тұрақтылық пен құқық тәртібі негіздерін күйретуі мүмкін. Ішкі істер органдары қызметкерлеріне нұқсан келтіретін барлық қылмыстың ішінде олардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлауға бағытталған қылмыстық әрекеттер басым. Көптеген азамат полицияның заңды талаптарына бағынуды қажет деп санамайтын болды және күш көрсету арқылы полицейлерге белсенді қарсылық көрсетеді. Мұндай азаматтардың заңсыз әрекеттері билік органдарының жұмысын бұзады, билік өкілдерінің қоғамдағы беделіне нұқсан келтіреді», – делінген заң жобасына консультациялық құжатта. Бұдан бөлек, құжатта құқық қорғау қызметкерлерінің дербес деректері жеткілікті қорғалмағаны атап көрсетілген: «Цифрландырудың дамуы, ақпараттық жүйелердің мүмкіндіктерін арттыру орган қызметкерлерінің дербес деректері мен жеке өмірінің құпиясына қол сұғу тәжірибесінің өрістеуіне соқтырды. 2020-2021 жылдары қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерінің дербес деректерін заңсыз иеленудің және оны қорқыту, жала жабу мақсатында пайдаланудың фактілері анықталды». Демек, жаңа заңда бұған тосқауыл қоятын шаралар қарастырылуы тиіс.Өзге елдердің нендей озығын алу керек?
«Әлемде құқық қорғау өкілдерін жақсы көретін елді табу қиын. Бұл жерде мәселе махаббатта емес, құрмет көрсетуде. Мысалы, АҚШ-тың өзінде полицейлер қара нәсілділерді атып тастаған сайын мыңдаған жұрт наразылық шарасына шығып, оның соңы мүлікті қирату мен өртеуге ұласып жатады. Кеңес Одағында тәртіп сақшыларының беделі «Степа ағай миллиционер» секілді көркем образдар арқылы көтерілді. Кеңес халқы да миллиционерлерді ұнатпайтын. Бірақ құрмет болды. Тек 80-90-жылдары құқық қорғау органдары жете қаржыландырылмай, коррупция тамыр жайып, органдардың беделі түсе бастады», – дейді Ішкі істер органдарының ардагері Владимир Симонов. Ол полицияның беделін көтеру үшін әлемдегі түрлі ел аса қатаң шараларға барғанын еске салды. Мысалы, АҚШ-та, Еуропада тәртіп сақшысына күш көрсеткендер, зорлық-зомбылық жасағандар аяусыз жазаланады, біраз жылға түрмеге отырады. Дәл осы жолға Ресей түсті: мысалы, 2019 жылғы 27 шілдеде Мәскеудегі келісілмеген наразылық шеруінде полицейлер мен «Росгвардия» өкілдеріне қарай бұрышты газ сепкен И.Подкопаев 3 жылға, тәртіп сақшысының қолына жабысқан Д.Беглец 2 жылға, «Росгвария» қызметкерінің шлемін ұрған студент К.Жуков 3 жылға, ал полицейді итеріп жіберіп, оған пластик стақан лақтырған Е.Коваленко 3,5 жылға сотталып кетті. Шектен тыс қатаң жазалар құқықтанушылардың сынына ұшырады. Бұған жауап ретінде Президент В.Путин мұндай заңсыз әрекеттер үшін демократиялық ел саналатын Ұлыбританияда – 5 жылға, Швецияда, АҚШ-та 10 жылға темір торға қамайтынын еске салды. «Америкада полисмен қажет деп тапса, еш ескертусіз атып тастай алады. Бұл тым шетін шара болса керек. Әйткенмен Қазақстан дамыған елдердің полиция имиджін көтеру тәжірибесінің озық тұстарын қабылдағаны абзал. Мысалы, оларда әр полицей өзіне сеніп тапсырылған аудан тұрғындарының сенімі мен оң көзқарасына қол жеткізу үшін барын салады. Айталық, «болашақпен достасу» деген тәсілі бар. Егер полисмен балалардың жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өткелі тұрғанын көрсе, біздегідей айғайлап, қумайды, керісінше жолдағы көлік ағынын дереу тосқауылдап, өтіп кетуіне көмектеседі. Кешке жалғыз жүрген баланы көрсе, әке-шешесіне айыппұл салмайды, алдымен көлігіне отырғызып, үйіне жеткізіп салады, отбасындағы ахуалды анықтайды. Мектеп оқушыларымен де жиі кездесу өткізеді. Осылайша, полицейлерді құрметтейтін ұрпақ өсіп шығады», – дейді В.Симонов. Ал бізде ата-аналар «тентек болма, әйтпесе полиция алып кетеді» деп қорқытады. Бірақ Қазақстан да полицияның сервистік моделіне көшіп жатыр. Бұған дейін қазақстандық полицейлердің жалақысы тым төмен болды. Оның көтерілуі де бұл мамандық беделінің жоғарылауына үлес қосуы тиіс. 2022 жылы учаскелік полицейлердің жалақысы 30%-ға, олардың көмекшісінің айлығы 7%-ға көтеріліпті. «Президент тапсырмасымен 2019 жылдан бері қызметкерлердің жалақысын кезең-кезеңмен өсірудеміз. 2023 жылы қызметкерлердің жалақысы 50-90% аралығында көбейеді. Нәтижесінде, сержанттың жалақысы 81 мыңнан 101 мыңға, лейтенанттікі 130 мыңнан 174 мың теңгеге дейін өседі», – дейді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев. Оның мәліметінше, полиция қызметінің басты өлшемі азаматтардың қауіпсіздік деңгейінің және халық сенімінің артуы болмақ: «Осы мақсатта тәуелсіз институттар әлеуметтік зерттеулер жүргізіп тұрады. 2021 жылдың І жартысының қорытындысында қазақстандықтардың 38,7%-ы полицияға толық сенетіні, 38,1%-ы ішінара ғана сенетіні анықталды», – дейді ІІМ басшысы.P.S.
Биылғы 11 ақпанда Мәжіліс отырысында сөйлеген сөзінде Президент Қ.Тоқаев Үкіметке «Полицейлердің құқықтық қорғалуын арттыруды, билік өкілдеріне шабуыл жасау және заңды талаптарына бағынбау үшін жауапкершілікті күшейтуді» тапсырды. Осы бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Парламент те тұрақтылық пен тәртіпті нығайту үшін бұл заңды ұзатпай, қабылдауға әзір отыр.