Cоңғы оқиғалардан кейін қызды-қыздымен Қаржылық мониторинг агенттігі «Айырбастау пункттері терроризмді қаржыландыруда пайдаланылуы мүмкін» деген күмәнділеу мәлімдеме таратты. Бұл пікірдің күмәнді болатын тұсы сол – қазір қаржылық операциялардың барлығы онлайн жүргізіледі. Демек, қолма-қол ақшаға анау айтарлықтай сұраныс жоқ. Сұраныс болғанның өзінде астыртын жоспары бар содырлар сөмке-сөмке ақшамен валюта айырбастау пункттерін аралап жүре ме? Табалдырығын аттаған әр тұтынушыны жеті атасына дейін тексеретін, әр қадамы бейнебақылау камерасына жазылатын орында террористік топ мүшелері емін-еркін ақша айырбастайды деуге сенудің өзі қиындау. Алайда агенттік мұндай мәлімдемені неге жасады?
Күдікті операция – дабыл сигналы
Негізінен, Қаржылық мониторинг агенттігінің мұндай мәлімдеме жасап, айырбастау пункттеріне ауыр айып тағуының өзіндік себебі бар сияқты. Ведомство осы сәтті пайдаланып, айырбастау пункттерінің жауапкершілігін еселей түсуді көздейтіндей. Неге десеңіз, қолданыстағы заңнамаға сай 500 мың теңгеден астам сомаға валюта айырбастау кезінде кассир клиенттің жеке басын куәландыратын құжат пен тұрғылықты мекенжайы туралы мәліметтерді сұратуы керек. Егер сома 500 мың теңгеге жетпесе, тұтынушы жеке басын куәландыратын құжатты ғана ұсынады. Мұндай талап бізде 2018 жылдан бері бар. Кассир клиенттің мәліметтерін электронды журналға тіркейді. Әрі ондағы деректерді валюта айырбастау пункттері құқық қорғау органдары жекелеген азаматтарға қатысты ақпарат сұратқанға дейін құпия ұстайды. Демек, ірі көлемде валюта айырбастағандар туралы мәліметтер құзырлы органдарға қажет кезінде ғана беріледі. Дегенмен тұтынушыдан жеке куәлігі мен мекенжайы туралы ақпарат сұрату талабына айырбастау пунктінің барлығы бірдей құлақ аса қоймайды. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, былтыр Ұлттық банк тиісті талапты көзге ілмеген 134 айырбастау пунктін жауапкершілікке тартқан екен. Осы фактіні алға тартқан ведомство айырбастау пункттері терроризмді қаржыландыруда, заңсыз табысты заңдастыруда әлдекімдердің сойылын соғып кетеді деп күдіктенген болуы мүмкін. Ірі көлемде валюта айырбастайтындар туралы мәлімет жинау жоғарыда айтылғандай, заңсыздықтың жолын кесуді мақсат етеді. Мұндай тәжірибені көптеген ел әлдеқашан қолданысқа енгізген. Көрші Ресейде 15 мың рубльден артық сомада валюта айырбастайтындардың мәліметтері тіркеуге алынады. Беларусьте 2014 жылдан бері айырбастау пункттері клиенттерінен жеке мәліметтерін талап ете бастады. Айтпақшы, валюта айырбастау жүйесіне аса сергек қарайтын Ресейде жеке айырбастау пункттері жоқ. Оларда қызметтің мұндай түрін тек банктерге қарасты қаржы ұйымдары ғана ұсына алады. Ал бізде қазір 2 150 валюта айырбастау пункті болса, оның 1 482-сі екінші деңгейлі банктерге қарайды. Ал қалған 668 пунктке «Қазпошта» акционерлік қоғамы мен жеке коммерциялық ұйымдар иелік етеді. Демек, ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан көп мөлшерде валюта айырбастағандардың операциясы жайында мәлімет жинау тәжірибесінің берері мол. Алайда мұнда заңды табысын өзі қалаған валютаға ауыстырғысы келетіндердің де қосақ арасында күдікке ілінбеуін мұқият ойластырған абзал. Қаржылық мониторинг агенттігі бұл тұрғыда ірі сомаларды тұрақты айырбастайтындар мен үшінші тұлғалардың қатысуымен валюта айырбастауға тырысатындар, терроризмді қаржыландыру тәуекелі жоғары елдерден келген азаматтардың күдікті операциялары қатаң бақылауда болатынын айтып отыр. Өз кезегінде құзырлы органдар да айырбастау пункттерінен күдікті операциялар туралы хабар түссе, терроризммен байланысты ұйымдар мен тұлғаларды дер кезінде анықтайды. Ал тұтынушылардан қажетті құжаттар мен мәліметтерді сұратпаған, күдікті операциялар туралы хабарламаған валюта айырбастау пункттерінің әрекеті заңсыз кірістерді иемденуге, терроризмді қаржыландыруға қатысы бар деп тануға негіз болады. Соған сай, мүдделі органдар айырбастау пункттерінің айырбастау операцияларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін лицензиясын қайтарып алу түріндегі жауапкершілікке тартады.Бәрін валюта айырбастаушылар бүлдірген бе?
Алайда сала мамандары Қаржылық мониторинг агенттігінің айырбастау пункттері терроризмді қаржыландыруға қолдануы мүмкін деген ескертпесі мүлдем қисынға келмейді деген пікірде. Қазақстан валюта айырбастау пункттері қауымдастығының президенті Аршын Ғалымбаев бұл мәселені әлі де пысықтау қажетін айтады. – Шынында, агенттіктің бұл байламы ақылға қонбайды. Мен бұл жағдайда айырбастау пункті мен банктердің арасында ешқандай айырма көріп тұрған жоқпын. Демек, теріс пиғылдылар терроризмді қаржыландыруға қажетті қаражатты банктің кассасынан да алуы мүмкін. Жалпы, террористік әрекетті қаржыландырғысы келетіндер валюта айырбастау пункттеріне барып, ақша айырбастаудан да күрделі схеманы қолданады. Ақшаны айырбастаудан бұрын оны шетелден алып келу немесе шетелге алып шығу керек. Мұндай ірі көлемдегі қаржының шекарадан өткізген шекара, кеден қызметінің әлгіндей іске қатыстылығын зерделеген жөн, – дейді Аршын Ғалымбаев. Қауымдастық президенті елдегі айырбастау пункттері тұтынушылардың мәліметін жинақтау бойынша талаптарды мейлінше мойынсұнатынына да назар аударды. Оның айтуынша, жеке мәліметтерін айырбастау пункттеріне беруге клиенттің көбі қарсылық танытқан. Уақыт өте жұртшылық та қаржылық операциялар кезінде бұл талапты орындауға мәжбүр болған. Сонымен бірге ақша айырбастау операциясы толығымен бейнебақылау камерасына жазылады. Ондағы жазбалар 90 күнге дейін сақталады. Демек, құқық қорғау органдары күдік тудырған операцияны бейнебақылау камерасындағы жазбалар арқылы да тексеруіне болады. – Шынын айтқанда, агенттік осы мәлімдемесі арқылы қаржылық операциялар кезіндегі «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге тағы да валюта айырбастау пункттерін кінәлі етіп көрсеткісі келеді. Бұған дейін де ұлттық валютаның құнсыздануына айырбастау пункттері кінәлі деген мәлімдеме болған. Енді келіп терроризмді қаржыландыруға қатысы бар деген айып тағылды, – дейді А.Ғалымбаев. Жоғарыда қолма-қол ақшаға сұраныс аздау деп айтқанымызбен, бізде валюта айырбастау пункттерінің қызметіне жүгінетіндердің қарасы қалың екен. Тек былтырғы жылдың 3-тоқсанының өзінде отандастарымыз жалпы көлемі 811,6 миллиард теңге болатын қолма-қол шетел валютасын сатып алған. Мұндағы жалпы шығыстардың 63,1 пайызы АҚШ долларына тиесілі. Сондай-ақ осы аралықта валюта айырбастау пунктіне барғандардың әрбір төртіншісі Ресей рублімен қаржылық операция жүргізіпті. Сонда да валюта айырбастайтындардың арасында содырлар болуы мүмкін деген пікірді құптауға болмайды. Қандықол қарашқылардың теріс пиғылын жүзеге асыруға қажетті ақшаны банк кассасынан да шешіп алуы ғажап емес. Ескеруге тұрарлық тағы бір факті. Тек өткен жылдың 2 айының өзінде Қаржылық мониторинг агенттігі қолма-қол ақшаны алу схемаларын құрып, заңсыздыққа барған бірнеше ұйымдасқан қылмыстық топты әшкереледі. Олардың кейбірі кәсіпкерлерге жалған бухгалтерлік құжаттар арқылы 2 жыл ішінде 3 миллиард теңгеге жуық қаржысын қолма-қол шешу қызметін ұсынған. Ал Атырау облысындағы жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бірінің директоры 1 миллиард теңгеге жуық қаражатты шетелге заңсыз шығарған. Бұл факті валюта айырбастаушылардан бөлек ірілі-ұсақты кәсіпкерлер де терроризмді қаржыландыру мен заңсыз табысты заңдастыруға «көмек» көрсете алатынын байқатады. Демек, Қаржылық мониторинг агенттігі «нарықтың» да әлгінде айтылған істерді қаржыландырудағы мүмкіндігін назардан шет қалдырмағаны абзал.Шет қалмайтын да сияқты
Бет қатталып жатқанда Қаржылық мониторинг агенттігі терроризмнің төлем қызметін көрсететін ұйымдар арқылы қаржыландырылуы мүмкін екенін хабарлады. Агенттік бұған Сириядағы қарулы топ мүшелері иелік ететін шетелдік QIWI әмияндарына жүйелі түрде ақша аударған жеке тұлғаға қатысты тергеу жүргізуді мысал еткен. Тіпті, бұл жүйе есірткі және психотроптық заттарды сатып алу үшін де жиі пайдаланылады екен. Мәселен, ведомство өкілдері есірткі заттарын сатушыға төрт ай ішінде бірдей сомамен 450 рет қаражат түскенін де анықтапты. Бұл мәлімдеме терроризмді қаржыландандыру, заңсыз табысты ресімдеуде валюта айырбастау пункттерінен басқа да қаржы операцияларын жүргізетін жүйелердің қызметі қолданылатынын көрсетті. Әрі бұл тізімнің уақыт өте қаржы аударымын, әртүрлі төлемді қамтамасыз ететін арналармен толыға беруі де ғажап емес.