Терроризммен күреске 270 миллиард теңге бөлінсе де, нәтиже жоқ – сенатор
Терроризммен күреске 270 миллиард теңге бөлінсе де, нәтиже жоқ – сенатор
Фото: yandex.kz
150
оқылды

Терроризммен күреске 270 миллиард теңге бөлінді, – деп хабарлайды AstanaTV.

Cенат депутаты Сұлтан Дүйсенбиновтің айтуынша, қомақты қаржы бөлінгенімен, нәтиже жоқ.
«Деструктивті діни ағымдардың мақсаты бір. Халифатта өмір сүру. Мемлекеттің заңын, құрылымын, мәдениет, салт-дәстүрін мойындамау. ҰҚК антитеррористік орталық штабы бастығының бірінші орынбасары Сергей Швейкин елімізде деструктивті діни ағымдарды ұстанушылардың саны 20 мыңнан асатынын мәлімдеген болатын. Осы тұста бұлардың саны неге көбейіп жатыр деген сұрақ туындайды», – деді Сұлтан Дүйсенбинов.
Депутаттың дерегінше, діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін бюджеттен бес жылға 270 миллиард теңге бөлінген. Бірақ бұл бағдарламаның нәтижесіз екенін қаңтар оқиғасы көрсетті. Халықтың 70 пайыздан астамы діни сауаттылығын арттыру үшін әлеуметтік желілерді қолданады. Депутат Үкіметке сауал жолдап, діни ахуалды зерделеп, экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі жаңа мемлекеттік бағдарлама әзірлеу қажет екенін  айтты. Сонымен қатар республикалық зерттеу орталығын құруды ұсынды.

Бұған дейін қаңтар оқиғасына қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитеті 27 қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіп жатқанын хабарлаған болатынбыз.