«Сұр» майнерлермен күрес басталды
«Сұр» майнерлермен күрес басталды
© коллаж: Әсел Балтақызы
Сонымен, заңсыз майнерлермен нақты күрес басталды деуге болады. Қарағанды облысында анау-мынау емес, Арнайы экономикалық аймақтан заңсыз майнинг фермасы анықталды. Осы оқиғаға тікелей қатысы бар деген күдікпен «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағының басқарма төрағасы тергеуге алыныпты. Оған қызмет бабын асыра пайдаланды деген айып тағылып отыр. Олай болатыны, әзірге бізде заңсыз майнинг үшін жазалайтын заң жоқ. Әйтсе де, тиісті органдар шын тексеруге Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасынан кейін батыл кірісе бастаған сияқты. Өйткені ірі өнеркәсіптік нысандарда жасырын фермалардың бары туралы айтылып жүргені бүгін емес.

Майнинг жайлы әңгіме гу-гу есіп тұр

Қаржылық мониторинг орган­дары Қарағанды облысынан анық­таған заңсыз майнинг фермасы 40 тонналық 4 контейнерден тұрады екен. Онда жалпы құны 5,8 мил­лион АҚШ доллары немесе 2,5 мил­­лиард теңге болатын 1 173 ар­найы жабдық орналастырылған. Басқарма төрағасы тергеу кезінде оларға «Сарыарқа» арнайы эконо­микалық аймағының электр желі­сінен са­ғатына 6 мегаватт қуат кө­­зін алу туралы заңсыз техни­ка­лық шарт берілгенін растаған. Мұн­дай ай­мақ­тарды ашудағы әуел­гі мақсат онда келушілерге же­ңілдік беру екенін ескерсек, заң­сыз майнердің сол 6 мегаватты да арзан тариф­пен пайдалануға ниетті болғанын аң­ғару қиын емес. Ендеше әкім­дік­тің мұрнының астынан мұн­дай заңсыз майнингке жол берілуі – бұл проблеманың тамыры тым тереңде, нақты айтқанда, тым жоғарыда жатқанын аңғартады. Өйт­кені жекеменшік өндіріс аймағы емес, мемлекеттік маңыздағы ау­мақ­та мұндай заң­сыз­дыққа баруға екінің бірінің тісі бата бермейтіні анық. Ол не бай­дың бағланы, не бай­дың шонжары болса керек. Тіп­ті, әлеуметтік же­ліде еліміздің төрт өңірінде төрт бірдей ірі-ірі да­та-орталықтар бар екені, олар­дың билікке ықпалды адамдардың қатысуымен жұмыс істеп жатқаны туралы әңгіме гу-гу есіп тұр. Ол есім­дер елімізде «аты­нан ат үрке­тін» ығай мен сығайлар. Әрине, ол майнинг фермаларының жұмысы заңды-заңсыз екеніне баға беру құқық қорғау органда­рының құзы­реті. Бірақ мұндағы мәселе – заң­ды майнерлердің заңсыз май­нер­лердің кесірінен зардап шегіп, шы­ғынға батып отырғанында. Өйткені Энергетика министрлігі оларды 14 қаңдардан бастап 28 ақ­панға дейін электр энергиясынан айырып тастаған. Одан кейін де тоққа қосу-қоспауы әлі анық емес. Бір анығы, «Сарыар­қа» АЭА-дағы жалғыз деректің Президенттің ті­келей тапсырма­сы­нан кейін ғана анық­талып отыр­ғаны, пайы­мы­мыз­дың негізсіз емес екенін біл­ді­реді. Әйтсе де, ық­палды адамдар­дың «сұр» май­нингтегі көлеңкесі қаншалықты қою екенін уақыт көр­сетер. Бас­тысы, сең сөгілді, тек­серіс бастал­ды. Әзірге біз біле­тін заңсыз май­нинг дерегі осы ғана. Бірақ басы да, аяғы да емес екені рас. Мұндай фактінің Қаржылық мониторинг агенттігінің өнді­рі­сінде бір емес, бірнешеуі бар, бірақ әзірге тиісті органдар мақұлдап жатқандықтан, алдағы аптада ғана жария болуы мүмкін. Қарағанды демекші, таяуда «Қазақстан халқына» қорына шет­елдік Genesis Digital Assets ком­па­ниясы 300 млн теңге аударған бо­латын. Осы компанияның кенді өлкеде 4 дата-орталығы бар. Мә­се­лен, былтыр бұл компания әлем бойынша жалпы сомасы 431 млн доллар инвестиция тартқан екен. Бұл тоққа тоймайтын мешкей майнингтің өте табысты өндіріс екенін білдіреді. Айталық, 2021 жылы криптовалюта нарығы 5 есе өсіп, 3 триллион долларды құрап­ты. Еліміз майнинг өндірісінде әлемдік көлемнің 18%-ын иеленіп, АҚШ-тан соңғы екінші орында тұр. Сонысымен ол криптовалюта нарығында жанама болса да, тер­белістік факторға ие болып қалып тұр. Оны жыл басынан бергі оқи­ғалардың жиынтығынан аңға­руға болады. Осылайша, Қазақстан осынау жаңа технологиялық си­патқа ие өнеркәсіптің маңызды бөл­шегіне айналып отыр. Сон­дықтан да біздің билік қабыл­дай­тын шешім криптомайнинг өнді­рісінің, оған сабақтас криптова­люта нарығының бүгініне де, бо­лашағына да тікелей ықпал етпек. Сондықтан да мемлекет бұл на­рық­тың қатысушыларына энер­гети­калық кешен инфрақұры­лым­дарын жаңғыртуда олардың да мүд­десі бар екенін дұрыстап тү­сіндіріп, май­нерлерді осы кешенге инвестиция құюға шақыра білуі керек.

Президентке ашықхат

Тексеріске түрткі болған да, май­нинг нарығын реттеуге қозғау салған да Президенттің 8 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында берген тапсырмалары болатын. Мемлекет басшысы Цифрлық майнингтің заңсыз жұ­мыс істейтін субъектілерін анық­тауды, электр энергиясы нарығын «көлеңкелі» майнинг субъек­ті­лерінен тазартуды тапсырды. Бар­лық майнинг фермаларын анық­тауға, салықтық және кедендік есептерін тексеруге, техникалық шарттарын сараптауға және тағы да басқа қызметтерін мұқият зерт­теуге 19 наурызға дейін, ал салы­натын салық мөлшерін қысқа мер­зімде бірнеше есеге өсіруге, цифр­лық майнингті реттеу және дамыту бойынша толыққанды ше­шімдер пакетін жасап шығаруға 1 сәуірге дейін уақыт берілді. Әйтсе де, таяқтың екі ұшы бар демекші, мұндай төтенше шаралар «ақ» май­нерлерге «жығылған үстіне жұ­ды­рық» болып тиіп отыр. Сон­дық­тан да қазақстандық майнерлер Пре­зидентке ашықхат жазды. «2021 жылдың қыркүйегінен бас­тап біздің қауымдастық мүше­лері жалпы өндірістік қуатының 20-30%-ы көлемінде ғана жұмыс істеп келген болса, электр энер­гия­сынан ажыратып тастағандық­тан, желтоқсан айының соңынан бері 100% тұрып қалды. Соның салдарынан майнинг фермалары күн сайын миллиондаған шығынға батуда. Бұл – мәселенің ше­шімі емес. Оның бір шешімі – Ресей тәжірибесін қолданысқа енгізу қажет деп санаймыз. Онда жеке тұлғаларға энергия тұтыну норма­ларын енгізу, ал нормадан артық электр энергиясын тұтынатын­дарға кәсіпкерлік нысан тарифі бойынша ақы төлеу ұсынылған. Бұған қоса, артық тұтынылған қуат үшін салық салу да қарастырыл­ған», – дейді хат авторы, Блокчейн және деректер орталығы индус­триясы ұлттық қауымдастығының басшы­сы Алан Доржиев. «Электр энергиясының тап­шылығына майнерлер кінәлі деген тұжырым қате. Өйткені ол рас болатын болса, бізді тоқтан ажы­ратып тастағалы, яки 2021 жылдың желтоқсан айынан бері елдің энер­гожүйесінде 640 Мвт профицит болуы керек еді. Бірақ олай бол­мады. Демек, осы жайттарға негізгі кінәлі майнерлер емес деген қо­рытынды шығаруға болады. Біз Үкіметке электр энергиясын Ре­сей­ден 25 теңге көтерме бағамен импорттауды ұсындық. Тасы­мал­дауға кететін шығынды қоса есеп­тегенде ол шамамен 30 теңгеге айналар еді. РФ-дағы профицитті ескере келе осылай істеуге болады. Сонда майнинг компанияларын қуат көзінен ажыратпауға болады. Есесіне біз үш ай бойы тоқтап тұр­май, тиісті салықтың бәрін, соның ішінде арнайы салық түрін де төлер едік», – дейді қазақстандық Блокчейн-технологиялар қауым­дастығының басқарма төрағасы Сапар Ахметов. Былайша алғанда, майнинг өндірісінен еліміз үшін айтарлық­тай қауіп жоқ. Керісінше, бюд­жетке қосымша табыс болар еді. Бірақ бар мәселе олар тұтынатын электр энергиясының көлемінде болып тұр. Егер ол үшін инфрақұ­рылымдарымыз бұған дейін дайын болғанда, онда қазіргі саясатпен Қазақстан майнинг өндірісінде Американың да алдына шығып кетуі ғажап емес еді. Заңмен иіріп әкеліп, икемге келтірсе, бұл өнді­рістен де қарайған қаржы түсіріп, инфрақұрылымның қуаттық әле­уетін дұрыстап алуға болады. Өйт­кені криптонарық дегеніміз – әлем­дік қаржы моделінің болашақ мұхиты, ал майнинг оның енді ғана атқылай бастаған бұлақ көзі. Ендеше Қазақстан тұма бастаудың басында отыр. Бұл мүмкіндікті қол­дан жіберіп алмай, ұтымды пай­даланғанымыз ләзім. Бір жағы бұл криптоқаржы нарығына қазақ­стандықтарды тартуға, сол арқылы олардың қаржылай сауаттылығын арттыруға да септік етер еді.