Сонымен, заңсыз майнерлермен нақты күрес басталды деуге болады. Қарағанды облысында анау-мынау емес, Арнайы экономикалық аймақтан заңсыз майнинг фермасы анықталды. Осы оқиғаға тікелей қатысы бар деген күдікпен «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағының басқарма төрағасы тергеуге алыныпты. Оған қызмет бабын асыра пайдаланды деген айып тағылып отыр. Олай болатыны, әзірге бізде заңсыз майнинг үшін жазалайтын заң жоқ. Әйтсе де, тиісті органдар шын тексеруге Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасынан кейін батыл кірісе бастаған сияқты. Өйткені ірі өнеркәсіптік нысандарда жасырын фермалардың бары туралы айтылып жүргені бүгін емес.
Майнинг жайлы әңгіме гу-гу есіп тұр
Қаржылық мониторинг органдары Қарағанды облысынан анықтаған заңсыз майнинг фермасы 40 тонналық 4 контейнерден тұрады екен. Онда жалпы құны 5,8 миллион АҚШ доллары немесе 2,5 миллиард теңге болатын 1 173 арнайы жабдық орналастырылған. Басқарма төрағасы тергеу кезінде оларға «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағының электр желісінен сағатына 6 мегаватт қуат көзін алу туралы заңсыз техникалық шарт берілгенін растаған. Мұндай аймақтарды ашудағы әуелгі мақсат онда келушілерге жеңілдік беру екенін ескерсек, заңсыз майнердің сол 6 мегаватты да арзан тарифпен пайдалануға ниетті болғанын аңғару қиын емес. Ендеше әкімдіктің мұрнының астынан мұндай заңсыз майнингке жол берілуі – бұл проблеманың тамыры тым тереңде, нақты айтқанда, тым жоғарыда жатқанын аңғартады. Өйткені жекеменшік өндіріс аймағы емес, мемлекеттік маңыздағы аумақта мұндай заңсыздыққа баруға екінің бірінің тісі бата бермейтіні анық. Ол не байдың бағланы, не байдың шонжары болса керек. Тіпті, әлеуметтік желіде еліміздің төрт өңірінде төрт бірдей ірі-ірі дата-орталықтар бар екені, олардың билікке ықпалды адамдардың қатысуымен жұмыс істеп жатқаны туралы әңгіме гу-гу есіп тұр. Ол есімдер елімізде «атынан ат үркетін» ығай мен сығайлар. Әрине, ол майнинг фермаларының жұмысы заңды-заңсыз екеніне баға беру құқық қорғау органдарының құзыреті. Бірақ мұндағы мәселе – заңды майнерлердің заңсыз майнерлердің кесірінен зардап шегіп, шығынға батып отырғанында. Өйткені Энергетика министрлігі оларды 14 қаңдардан бастап 28 ақпанға дейін электр энергиясынан айырып тастаған. Одан кейін де тоққа қосу-қоспауы әлі анық емес. Бір анығы, «Сарыарқа» АЭА-дағы жалғыз деректің Президенттің тікелей тапсырмасынан кейін ғана анықталып отырғаны, пайымымыздың негізсіз емес екенін білдіреді. Әйтсе де, ықпалды адамдардың «сұр» майнингтегі көлеңкесі қаншалықты қою екенін уақыт көрсетер. Бастысы, сең сөгілді, тексеріс басталды. Әзірге біз білетін заңсыз майнинг дерегі осы ғана. Бірақ басы да, аяғы да емес екені рас. Мұндай фактінің Қаржылық мониторинг агенттігінің өндірісінде бір емес, бірнешеуі бар, бірақ әзірге тиісті органдар мақұлдап жатқандықтан, алдағы аптада ғана жария болуы мүмкін. Қарағанды демекші, таяуда «Қазақстан халқына» қорына шетелдік Genesis Digital Assets компаниясы 300 млн теңге аударған болатын. Осы компанияның кенді өлкеде 4 дата-орталығы бар. Мәселен, былтыр бұл компания әлем бойынша жалпы сомасы 431 млн доллар инвестиция тартқан екен. Бұл тоққа тоймайтын мешкей майнингтің өте табысты өндіріс екенін білдіреді. Айталық, 2021 жылы криптовалюта нарығы 5 есе өсіп, 3 триллион долларды құрапты. Еліміз майнинг өндірісінде әлемдік көлемнің 18%-ын иеленіп, АҚШ-тан соңғы екінші орында тұр. Сонысымен ол криптовалюта нарығында жанама болса да, тербелістік факторға ие болып қалып тұр. Оны жыл басынан бергі оқиғалардың жиынтығынан аңғаруға болады. Осылайша, Қазақстан осынау жаңа технологиялық сипатқа ие өнеркәсіптің маңызды бөлшегіне айналып отыр. Сондықтан да біздің билік қабылдайтын шешім криптомайнинг өндірісінің, оған сабақтас криптовалюта нарығының бүгініне де, болашағына да тікелей ықпал етпек. Сондықтан да мемлекет бұл нарықтың қатысушыларына энергетикалық кешен инфрақұрылымдарын жаңғыртуда олардың да мүддесі бар екенін дұрыстап түсіндіріп, майнерлерді осы кешенге инвестиция құюға шақыра білуі керек.Президентке ашықхат
Тексеріске түрткі болған да, майнинг нарығын реттеуге қозғау салған да Президенттің 8 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында берген тапсырмалары болатын. Мемлекет басшысы Цифрлық майнингтің заңсыз жұмыс істейтін субъектілерін анықтауды, электр энергиясы нарығын «көлеңкелі» майнинг субъектілерінен тазартуды тапсырды. Барлық майнинг фермаларын анықтауға, салықтық және кедендік есептерін тексеруге, техникалық шарттарын сараптауға және тағы да басқа қызметтерін мұқият зерттеуге 19 наурызға дейін, ал салынатын салық мөлшерін қысқа мерзімде бірнеше есеге өсіруге, цифрлық майнингті реттеу және дамыту бойынша толыққанды шешімдер пакетін жасап шығаруға 1 сәуірге дейін уақыт берілді. Әйтсе де, таяқтың екі ұшы бар демекші, мұндай төтенше шаралар «ақ» майнерлерге «жығылған үстіне жұдырық» болып тиіп отыр. Сондықтан да қазақстандық майнерлер Президентке ашықхат жазды. «2021 жылдың қыркүйегінен бастап біздің қауымдастық мүшелері жалпы өндірістік қуатының 20-30%-ы көлемінде ғана жұмыс істеп келген болса, электр энергиясынан ажыратып тастағандықтан, желтоқсан айының соңынан бері 100% тұрып қалды. Соның салдарынан майнинг фермалары күн сайын миллиондаған шығынға батуда. Бұл – мәселенің шешімі емес. Оның бір шешімі – Ресей тәжірибесін қолданысқа енгізу қажет деп санаймыз. Онда жеке тұлғаларға энергия тұтыну нормаларын енгізу, ал нормадан артық электр энергиясын тұтынатындарға кәсіпкерлік нысан тарифі бойынша ақы төлеу ұсынылған. Бұған қоса, артық тұтынылған қуат үшін салық салу да қарастырылған», – дейді хат авторы, Блокчейн және деректер орталығы индустриясы ұлттық қауымдастығының басшысы Алан Доржиев. «Электр энергиясының тапшылығына майнерлер кінәлі деген тұжырым қате. Өйткені ол рас болатын болса, бізді тоқтан ажыратып тастағалы, яки 2021 жылдың желтоқсан айынан бері елдің энергожүйесінде 640 Мвт профицит болуы керек еді. Бірақ олай болмады. Демек, осы жайттарға негізгі кінәлі майнерлер емес деген қорытынды шығаруға болады. Біз Үкіметке электр энергиясын Ресейден 25 теңге көтерме бағамен импорттауды ұсындық. Тасымалдауға кететін шығынды қоса есептегенде ол шамамен 30 теңгеге айналар еді. РФ-дағы профицитті ескере келе осылай істеуге болады. Сонда майнинг компанияларын қуат көзінен ажыратпауға болады. Есесіне біз үш ай бойы тоқтап тұрмай, тиісті салықтың бәрін, соның ішінде арнайы салық түрін де төлер едік», – дейді қазақстандық Блокчейн-технологиялар қауымдастығының басқарма төрағасы Сапар Ахметов. Былайша алғанда, майнинг өндірісінен еліміз үшін айтарлықтай қауіп жоқ. Керісінше, бюджетке қосымша табыс болар еді. Бірақ бар мәселе олар тұтынатын электр энергиясының көлемінде болып тұр. Егер ол үшін инфрақұрылымдарымыз бұған дейін дайын болғанда, онда қазіргі саясатпен Қазақстан майнинг өндірісінде Американың да алдына шығып кетуі ғажап емес еді. Заңмен иіріп әкеліп, икемге келтірсе, бұл өндірістен де қарайған қаржы түсіріп, инфрақұрылымның қуаттық әлеуетін дұрыстап алуға болады. Өйткені криптонарық дегеніміз – әлемдік қаржы моделінің болашақ мұхиты, ал майнинг оның енді ғана атқылай бастаған бұлақ көзі. Ендеше Қазақстан тұма бастаудың басында отыр. Бұл мүмкіндікті қолдан жіберіп алмай, ұтымды пайдаланғанымыз ләзім. Бір жағы бұл криптоқаржы нарығына қазақстандықтарды тартуға, сол арқылы олардың қаржылай сауаттылығын арттыруға да септік етер еді.