Жаңа әкімнің алғашқы шешімдері
Жаңа әкімнің алғашқы шешімдері
264
оқылды
Еліміздегі  ең ірі мегаполиске Ерболат Досаевтың әкім болып тағайындалғанына да екі аптаның жүзі болды. Әрине, «айға да толмаған уақытта әкім не бітірді?»  деп айту орынсыз болар. Дегенмен мегаполис әкімінің алғашқы шешімдері арқылы қаланың даму бағытын  болжауға болатын тәрізді. Досаевтың бұған дейінгі бірнеше әкімнен негізгі екі айырма­шылығы бар. Біріншісі – осыған дейін биліктің әртүрлі сатысынан бірде сүрініп, бірде сүрінбей өтіп келгенімен, әкімдік қызметке алғаш тағайындалуы. Екіншісі – алып мегаполиске кешегі «қасіретті қаңтардан» кейін басшы болып келуі. Дүрбелеңнің зардабы шаһар­дың экономикасына едәуір залал келтіргені рас. Мемлекет басшы­сы­ның Алматыны қалпына келтіруді басқаға емес, экономист маманға тапсыруының да бір себебі – осы. Сонымен, жаңа әкім  не істеп жатыр, нақты қандай шешім шығарып үлгерді? Осы тұрғыда бір-екі ауыз сөз айта кетуді жөн деп санадық. Досаевтың  Алматыға әкім болып келуін  қаңтар оқи­ғасы­мен қанша жерден тығыз бай­ланыстырғанмен,  оқиғаға дейін де біраз мәселе нақты шешімін таппай тұрған болатын.  Солардың қатарында қала ішіндегі заңсыз құрылыс нысандарының мәселесі де бар. Бұл туралы қала белсенді-л­ерімен қатар қарапайым тұрғын­дардың да талмай айтып келе жат­қанына бірнеше жыл болған. Тіп­ті, бұл тақы­рып экс-әкім Бақытжан Сағынтаевтың да назарынан тыс қалмаған еді. Құрылыс компанияларымен ара­дағы бітіспес даулар мен сағызша созылған сот отырыстары біраз адамның  ұйқы­сын қашырған. Дәл осы мәселе  Досаев мыр­заның  да алдынан шық­ты. Бірақ ол әкім ретіндегі алғашқы шешім­дерінің бірі арқылы  жыр болған құрылыс нысандарының жұмысын уақытша тоқтата тұруға бел байлады. Ақпанның алғашқы күндерінде шыққан шешім мега­полистің ортасында қыз-қыз қай­нап жатқан 19 құры­лыс нысанының  жұмысын бір күнде тоқтатты. Оның ішін­де талай адамның жүй­ке­­сін жұқартқан   Самал-3  ша­ғын­ауданы мен Дос­тық даң­ғы­лы 125 мекен­жайын­дағы ірі құрылыс нысандары бар. Әри­не, шешім барлық мәсе­ле­лер анықталғанша уақытша тоқтата тұруға шықты. Десе де, алдағы бір­неше сатыдан тұратын сот отырыс­тарының ұйға­рымдары қала тұр­ғын­­дары мен әкімдіктің пайдасына шешілетін болар деп үміт­тенеміз. Себебі  Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 29 қазанда қала­дағы даулы жер телімдерінде құрылыс жүргізуге тыйым салуға тапсырма берген болатын. Қалай айтсақ та, қала басшысы ретінде шығарған бұл батыл  шеші­мі арқылы жаңа әкім алматы­лық­тарға біршама үміт сыйла­ғандай болды. Одан кейін шаһардағы әл-Фараби даңғылының бойын Шы­ғыс айналма автомобиль жолы мен Саин көше­сі­нің аралығын орташа жөн­деуге бөлінген  қаржыны қай­та қарауға шешім шығар­уы. Осы шешім арқылы жаңа әкім аталған жобаға бөлінген  2 миллиард тең­гені ерекше мұқтаж аудандарға  жол салу­ға жұмсамақ. Білуімізше, бұл қаржының бір бөлігі «Халықтың бюджетке қаты­суы» бағдарламасы аясында жұм­са­латын секілді. Себебі жақында қаладағы жаңа ауданның бірі Наурызбай ауданы халқымен кез­дес­кен сәтінде әкім осы бағдар­ламаға қаралған қаржыны тағы да 500 миллион теңгеге, яғни  алғаш­қы қаралған  1,3 миллиардтан 1,8 мил­лиардқа дейін ұлғайтатынын айт­қан. Соның есебінен ауданда тозып кеткен жолдар  күрделі жөн­деуден өтіп, балаларға арналған ойын және спорт алаңдары салын­бақ. Сондай-ақ Алматыны кешенді дамыту жоспары аясында кемінде 100 шақырым жаңа жол төсел­мек. Бұл туралы Досаевтың өзі 8 ақ­пан­да Мемлекет басшы­сы­ның қатысуы­мен өткен Үкі­меттің кеңей­­­­тілген отырысында баян­даған болатын. Бұл екі шешім де қала тұрғын­дарының ойынан шығып, қолдау тапты деп ойлаймыз. Ал  жақында «Алматы Метро­политеннің» жұмы­сына  қатысты шығарған ше­шімі қала халқын онша қуанта қойған жоқ. Нақты айт­сақ, «Момышұлы» және «Сары­арқа» метро бекет­тері­нің құры­лысын алматылықтар наурыз айын­да бітеді деп еді. Жақында Досаев мырза атал­ған екі бекеттің құрылысын аяқтауды мамыр айына дейін созу­ға шешім шығарған. Алай­да  нақты себебі айтыл­ған жоқ. Өткен жылдың соң­ғы күндері сол кездегі қала әкі­мі Б.Сағынтаев мырза  атал­ған екі бекеттің де құры­лыс жұмыстары 95 пайызға бітіп тұрғанын,  қалған жұмыстары осы жылдың бірінші тоқсанында толық аяқталады деген болатын. Экс-әкімнің сөзінше, алдағы наурыз айында  жаңа екі бекет пайда­лануға берілуі тиіс еді. Бірақ  жаңа әкімнің су жаңа шешіміне сәйкес, мегаполистіктерге  жаңа бекеттерді көктемнің соңғы айына дейін күту­ге тура келіп тұр. Десе де, сағыз­ша созылған талай жобаның куәсі болып үйреніп қалған  алма­ты­­лықтарда «метро құрылысы мамырдан да  ары созылып кетпес пе екен?»  деген  уайымдары да жоқ емес.

Алматы қаласы