Хаменеи: Иран атомды бейбіт мақсатта пайдаланады
Хаменеи: Иран атомды бейбіт мақсатта пайдаланады
199
оқылды
«Тегеран ядролық қару жасауға құштар емес, атом энергетикасын тек бейбіт мақсатта қолданады» дейді Иранның рухани көшбасшысы Аятолла Али Хаменеи. «Біз ядролық қару жасауға құштар емеспіз, атом энерге­ти­касын тек бейбіт мақсатта қол­да­намыз… Ерте ме, кеш пе, бізге бейбіт атом энергетикасы бәрі­бір қажет болады және оған осы бас­тан қамдана бермесек, 20 жыл­дан кейін өте кеш қала­мыз»,– деп Tasnim агенттігі Ха­менеидің сөзінен үзінді келтіреді. Иран өзінің атом энерге­ти­касын тіпті сонау ХХ ғасырдың соңында-ақ дамытуды бастап кеткен. Сонымен бірге елдің оң­түстігінде Бушерде Мәскеу мен Тегеран АЭС құрылысының бірлескен жобасын қолға алған. Махмуд Ахмадинежадтың пре­зиденттігі кезінде (2005-2013 жыл­дар) Иран өзінің ядролық бағ­дарламасын қарқынды дамы­ту қамына кірісті. Батыс оны Тегеранның ядролық қару жасау әрекеті деп түсініп, осыған бай­ланысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі мен Батыстың тағы бірқатар мем­лекеті Иранның экономика­лық және қаржылық сектор­ла­рына санкция жариялады. Со­ның салдарынан мемлекет дағ­дарысқа ұшырады. 2013 жылы президент Хасан Роухани Иранның ядролық бағ­дарламасын шектеу арқылы санкцияны алып тастау жөнінде Батыспен келіссөздер жүргізе бас­тады. Сөйтіп, Тегеранның ядролық бағдарламасы бойынша Бірлескен жан-жақты қамтыл­ған әрекет жоспары (БЖӘЖ) бо­йынша 2015 жылы Ұлыбри­та­ниямен, Германиямен, Қытай­мен, Ресеймен, АҚШ-пен және Франциямен келісімге келді. Алайда 2018 жылы сол кез­дегі АҚШ президенті Дональд Трамп Уашингтонның БЖӘЖ-дан шығуы туралы шешім қа­былдап, Тегеранға салынған бұ­рынғы санкцияның бәрін қа­л­пына келтірді. Иран оған жа­уап ретінде ядролық зерт­теу­лердің, центрифугалардың және уранды байыту деңгейінің шек­теулері бойынша келісім аясын­дағы міндеттемелерден біртін­деп бас тартатынын мәлімдеді. Қазір Венада БЖӘЖ-ны қайта жаңғырту және АҚШ-тың Ираннан санкцияларын алу бо­йынша келіссөздер қайта жал­ғасып жатыр. 27 желтоқсан күні оның сегізінші раунды басталды. Оған дейін өткен жетінші раундта, желтоқсан айында Еу­ро­па жағы келісімге Иранның позициясын да енгізіп, тараптар келісімнің екі жобасы бойынша мәмілеге келген болатын. Иран СІМ басшысының орынбасары Али Багери Кянидің айтуынша, тараптар Тегеранның ядролық бағдарламасы бойынша келісім­ге қол жеткізуге өте жақын тұр.