Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) барлық салмақ дәрежесіндегі боксшылардың рейтингісін жаңартты. Әлем боксшыларымен қатар қазақстандық былғары қолғап шеберлерінің де рейтингтегі орны белгілі болды. Аса ауыр салмақта өнер көрсететін Жан Кособуцкий 19-орнын сақтап қалды. Бірінші ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев 32-сатыда тұр. Екінші орта салмақтағы Айдос Ербосынұлы мен Әли Ахмедов сәйкесінше 17 және 21-қатарға жайғасқан. Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтағы рейтингте төртінші орында тұр, ал Мейірім Нұрсұлтанов 17-сатыдан 10-орынға көтерілді. Ал бірінші орта салмақтағы Садриддин Ахмедов 20-қатарда тұр. Жартылай орта салмақтағы Данияр Елеусінов үш саты жоғалтып, 23-орынға сырғыса, Талғат Шайкен 37-сатыда келеді. Бірінші жартылай орта салмақта Батыр Жүкембаев 22-орында, ал Руслан Мадиев 39-қатарда тұр.
А.ЖАСАНҰЛЫ