«Nur Otan». Жаңғыру жолында
«Nur Otan». Жаңғыру жолында
Қаңтардағы қайғылы оқиғалар мемлекеттің барлық саласына ықпал еткені мәлім. Ең алдымен саяси-партиялық жүйені жаң­ғыр­ту қажет екені көптен бері ай­тылып келеді. Бірден-бір се­беп – билік пен халық арасында алшақтық пайда болды. Егер қос тарап арасында диалог орна­ған­да, бәлкім «қаңтар қасіреті» бол­мас па еді? Не десек те, саяси жүйемен қатар билік партиясы да өзге­руі қажет екені айқындалып ке­леді. Бұл жөнінде партия Төраға­сы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтты. Алайда жұрт ба­зынасын билік органдарына жеткізгеннен гөрі әлеуметтік желіге жаза салуды құп көретін уақытта партия қандай функция атқаруы тиіс? Сайлауалды бағ­дарламаны бақылауды фор­мал­ды шараға айналдырмаудың жо­лы қандай? Сонымен, бас партияны қандай өзгерістер күтіп тұр?

Партия. Бүгін.

Бүгінде «Nur Otan» партиясы – Қа­зақстанның саяси-партиялық жүйесін­дегі қуатты әрі ықпалды күш. Қазіргі деңгейге бір күнде жетпеді. 1999 жылдан бері бірнеше өзгеріс, ассимиляция, мо­дернизацияның нәтижесінде бүгінгі тұғырына жетті. Мүше саны, саяси сал­ма­ғы, филиалдар желісі, Мәжіліс пен мәс­лихаттардағы өкілдері, Үкімет құра­мын жасақтау мүмкіндігі бойынша өзге партиялардан оқ бойы озық тұр. Билік партиясына бүгінде 800 мыңдай адам мүше, 4,5 мың бастауыш партия ұйымы тіркелген, аймақтарда 216 филиал мен 238 қабылдау бөлмесі жұмыс істейді. Мә­жілісте 76 депутат, жергілікті мәслихат­тарда 2 701 депутат «Nur Otan» атынан өкілдік етеді. Жоғарыда келтірілген ресурс соңғы сайлауда электорат қолдауына ие болуға мүмкіндік берді. Парламент сайлауында партия 71 пайыз дауыс жиды. Ауыл әкімдері сайлауында 87 пайыз әкім «Nur Otan» өкілі атынан жеңіске жетті. Яғни, ұзақ жылдар бойы жинаған тәжірибе, партиялық ресурс, сенім, имидж шешуші сәтте жеңіске жетеледі. Сондай-ақ соңғы жылдары «Nur Otan»-ның саяси ұйым ретінде өзгеруіне, жаңа мүшелермен то­лы­ғуына партияішілік сайлау – прай­мериз ықпал еткенін атап өткен жөн. Себебі осы процесс барысында аймақ­тардағы, республикалық маңызы бар қа­лалардағы белсенді азаматтар, қоғам қайраткерлері өзінің сайлауалды бағ­дарламаларын партия мүшелеріне ұсы­нып, «додаға» түсті. Жүзден жүйрік шық­қандары ғана партия атынан мәсли­хат, Мәжіліс сайлауына қатысты. Прай­меризге 11 249 азамат қатысып, 10 073 адам тіркелді. Республика бойынша әр­бір аудан, қала, облыс бойынша 217 сай­лауалды бағдарламасы даярланды. Нәтижесінде, сайлауалды кандидаттар тізімі 80 пайызға жаңарды. Яғни, «Nur Otan» партиясының атынан тек «саяси элита» өкілдері ғана емес, түрлі салада маман ретінде мойындалған қатардағы азаматтар да сайлауға қатысу құқығын жеңіп алды. Осылайша, партияішілік прай­мериз «Nur Otan»-ның өзгеруіне, жаңа өкілдермен, мүшелермен толы­ғуына, электоратқа тағы бір қадам жақын болуға ықпал еткен шараға айналды.

Өзгерістер уақыты

«Қаңтар трагедиясы» қоғамның сан саласына ықпал етті. Саяси-партиялық жүйе де сырт қалған жоқ. Тіпті, партия басшылығының ауысу процесін же­делдетті. «Nur Otan»-ның кезектен тыс съезінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев партияның жаңа төрағасы болып сай­ланды. Партияның кезектен тыс ХХІ съе­зінде Қ.Тоқаев партияны жаңғырту­дың жолдарын жариялады. Сондай-ақ «Nur Otan» партиясының атқарушы хатшысы болып тағайындалған Асхат Ораловпен кездесу барысында да бұл мәселе қайта көтерілді. Яғни, «Nur Otan» партиясы да замана ағысын сай жаңғыруы тиіс. Дегенмен республикалық алып сая­си ұйымды өзгертудің жолдары қандай? Біріншіден, партия қатарындағы ынтымақтастықты нығайту, қоғамдағы конструктивті күштерді шоғырландыру. Партия қатарында 800 мыңнан астам мү­ше бар. Әрине, олардың көзқарасы, құн­дылығы әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ сон­шама азаматты партияның саяси плат­­формасы, патриотизм, елге қызмет сияқты ортақ түсініктер мен факторлар ортақтастырады. Міне, партияның осын­дай адами ресурстарын біріктіру маңызды. Жалпы, «қасіретті қаңтарда» партия мүшелері елге көмек көрсетуде шет қалған жоқ. Партия атынан сайланған Мәжіліс пен мәслихат депутаттары, белсенділер мен мемлекеттік қызмет­керлер ереуілге шыққандармен келіссөз жүргізіп, оларды тыныштандыруға және жағдайды қалыпты бағытқа бұруға, жұрт­тың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ты­рысты. Партияның қоғамдық қабыл­даулары жұмысын үзіліссіз жалғастырды. «Nur Otan» мүшелері зардап шеккендерге, әскерилер мен тәртіп сақшыларына, ком­муналдық қызметтерге көмек көр­сетті. 12 облыста 3,5 мың партия мүшесі қоғамдық қауіпсіздік жасақтарына қо­сылды, партия мен «Jas Otan»-ның мыңға жуық еріктісі аумақты тазарту мен елді мекендерді қалпына келтіруге жұмыл­дырылды. 1,3 мыңнан астам партия мү­шесі зардап шеккен азаматтар үшін қан тапсырды. Тек Алматы қаласының өзінде нұротандықтар жаппай тәртіпсіздіктер кезінде зардап шеккендерге (15,6 мыңнан астам адам) 157 миллион теңгенің көмегін ұйымдастыра білді. Сонымен қатар мұқтаж азаматтарға (12,8 мың адам) жалпы сомасы 75 млн теңгеге материалдық көмек көрсетілді. «Қаңтар трагедиясының» басты оқи­ғалары өткен Алматы қаласы, оның кә­сіпкерлері қолдауға мұқтаж еді. Дәл осы кезде қалалық мәслихаттың депутат­тары, партия мүшелері Бауыржан Қа­йыңбаев, Сабыржан Зайнидинов, Әмір­жан Нә­биев, Шухрад Шардинов зар­дап шек­кен­дерге атаулы материалдық кө­мек көрсетті. Өзге қалалардың кәсіпкерлері де қол қусырып отырмады. Шымкентте фрак­ция мүшелері нысандарды күнделікті күзеткен еріктілер мен әскери қызмет­керлерге азық-түлік жеткізді. 2 400 адам қамтылды. Фракция мүшелері, кәсіп­керлер М.Жолдыходжаев пен Б.Әшірбаев қалада тәулік бойы қауіпсіздікті қам­тамасыз ету үшін 500 еріктіден тұратын қоғамдық жасақ құрды. Жамбыл облы­сында зардап шеккен 6 нысанды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыстық мәслихат депутаты Б.Ысты­баев 300 құрылысшыға дастарқан жайды. Қиратылған ғимараттарды қалпына келтіруге 80 адамнан тұратын жасотандық еріктілер көмектесуге кірісті. Тараздағы қан орталығында 250-ге жуық партия мүшесі қан тапсырды. Ал Қызылорда облысында «Jas Otan» белсенділері өңір жастарымен бірге қаладағы бақылау-өткізу бекеттерінде әскери қызметшілерге ыстық тамақ жеткізуге атсалысты. Бір сөзбен айтқанда, ел басына күн туғанда партия мүшелері қарапайым азаматтарға да, ел тыныштығын күзеткен сарбаздарға, жапа шеккендерге де көмек берді. Партияны жандандырудың бірден-бір жолы – осындай игілікке, тұрақ­тылыққа, қоғам дамуына жаны жақын мүшелердің басын қосып, ынтымағын арттыру. Саяси ұйым ретінде «Nur Otan»-ның ішкі тұтастығын сақтап, одан әрі нығайта түсу. Екіншіден, партиялық идеология мен кадрлық жұмысқа басымдық беру. Пар­тия – бұл қатардағы ұйым емес, ол саяси ұстанымы мен көзқарасы ұқсас азамат­тардың бірлестігі. Сондықтан 800 мыңға жуық партия мүшесімен идеоло­гиялық жұмыстарды белсенді жүргізу, олардың арасынан үздік әрі сапалы мамандарды партия жұмысына тарту аса маңызды. Ал «Nur Otan» тұғырнамасына сай, цен­тризм – партияның ресми идео­логиясы. Қаң­тардағы қайғылы оқиғалар Қазақстан үшін дамудың эволюциялық жолы, бірлік пен келісімді сақтай оты­рып, центризмді ұстану әлі де өзекті әрі қажет идеология екенін дәлелдеді. Осы жылдар ішінде пар­тияны қолдайтын «ядролық» элек­торат қалыптасты. Оның өзегін түрлі әлеуметтік топ – дәрігерлер, мұғалімдер, мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер, жастар, аға буын өкілдері және тағы басқалары құ­райды. Бұл аза­маттарды партия құнды­лықтары бі­рік­тіреді. Ал партияның құндылықтары – адам, бостандық, заң үстемдігі, әділет­тілік, ынтымақ, бола­шақ­қа ұмтылыс, от­басы және дәстүр. Аталған құнды­лық­тар «Nur Otan»-ның саяси тұ­ғырна­ма­сында бекітілген. Ендеше қандай жағдай туындаса да, партияластар ара­сында осы құндылықтарды насихаттау маңызды міндет болып қала береді. Бұдан бөлек, партия мүшелері арасында үздік кадрларды іріктеу де күн тәртібінен түспейтін мәселе. 2019 жылы «Nur Otan» өз қатарластарының арасында жүйелі қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізді. Партияны қайта жаңғырту бағ­дарламасы партиялық жауапкершілікті арттыруға, белсенді партия мүшелерін топтастыруға, ақпараттық-идеологиялық жұмысты жаңартуға және халықпен өзара тығыз әрекет етуге бағытталған. Дәл осы бағдарлама аясында «Қуатты ли­дерлер – Қуатты партия» принципі бойынша праймериз өтті. Яғни, бұл бағыттағы жұмыстар жал­ғасуы тиіс. Партия қашанда тың, сапалы кадрларға мұқтаж. Оларды өзге жақтан емес, партияның өз ішінен табуға мүм­кіндік бар. Мамандарды оқытып, қайта дайындықтан, семинар-тренингтен өткізіп, білімін арттырып, жауапты қыз­меттерді сеніп тапсыруға болады. Себебі партияның жұмысын партияластардан артық кім біледі? Бұл «Nur Otan»-ды жаңғыртудың келесі бағыты болуы тиіс. Үшіншіден, сайлауалды уәделердің орындалуын бақылау, қадағалау. Соңғы парламенттік сайлауда электораттың 71 пайызы «Nur Otan»-ға сеніп, дауысын берді. Себебі олар сайлауалды бағдар­ламаға үміт артты. Енді осы сенімнен шығу – партияның сайлаушылар ал­дындағы негізгі функцияларының бірі, тіпті бірегейі деуге де болады. Егер пар­тия осы міндетін толық атқарса ғана ке­лесі сайлауда халық қолдауына үміт­тене алады. Сондықтан партияны жетіл­дірудің келесі бір жолы – сайлауалды бағдарламаны Үкіметтің толық орын­дауын қадағалау. Бұрынғы сайлауларда партия бүкіл елге ортақ бағдарламаны ұсынса, 2021 жылы республика бойынша әрбір аудан, қала, облыс бойынша 217 сайлауалды бағдарламасын даярлады. Осылайша, партия әр аймақтағы сайлаушыға жақын бола түсті. Өйткені бағдарлама жалпы­лама болған жоқ, әр азаматтың тұрғы­лықты жеріне байланысты жазылды. Сол себепті партия әр өңірдегі мәслихат депутаттары арқылы сол уәделерінің орындалуын қадағалауы аса маңызды. Бұл бағыттағы жұмыстың қазіргі нәти­жесі жаман емес. Үкімет жанындағы сай­лауалды бағдарламасына мониторинг жүргізу жөніндегі штабтың 32 отырысы өтіп, 100 мәселе қаралды. Былтыр 2021 жыл­ға уәде етілген іс-шараның 74 пайы­зы (269) орындалды, облыстық Жол картасы бойынша бұл көрсеткіш 83% (13,9 мың). Төртіншіден, Мәжілістегі «Nur Otan» партиясының фракциясын қайта жаң­ғырту. Партияның Мәжілісте 76 мандаты бар. Жалпы, бүгін фракция өз деңгейінде жұмыс атқарып отыр. Мәселен, 2021 жы­лы депутаттар – партия фракциясының мүшелері 25 заң жобасына бастамашы болды, оның 18-іне Президент қол қой­ды, ­6 заң жобасы әзірленіп жатыр. Жал­пы отырыстарда 151 депутаттық сауал, 301 баяндама, 410 сұрақ қойылды. 11 ақ­панда Мәжіліс бюросының отыры­сын­да «Жаңа Қазақстан» депутаттық то­­бы тіркелді, оның құрамына үш пар­­тиядан 31 депутат кірді. Топтың мақса­ты – Президенттің тапсырмалары­ның орын­да­луын бақылау, Мәжіліс жұ­мысын ашық ету. Дегенмен қоғамдағы белсенділер «Мә­жіліс азаматтардың мүддесін өз дең­гейінде қорғамайды, жұртты мазалаған мәселелерді Үкімет алдында көтермейді» деген базынасын айтады. Егер Мәжіліс, Сенат депутаттары осы функциясын то­лық атқарса, «қаңтар трагедиясы» болмас па еді? Қалай дегенде, Мәжілістегі фрак­ция жұмысын жетілдіру қажет екені кө­рініп тұр. Себебі көп жағдайда депутаттар заң жобаларына қарсы болса да, Үкімет мүшелері дегеніне жетіп, өз ұсыныстарын заңға айналдырып жатады. Ал оқыс оқи­ға, үлкен апаттарды тексеруге тек үкі­меттік комиссия құрылады. Кейбір ел­дерде мемлекеттік мәселелерді тексеруге парламенттік комиссия жұмылдырылады. Бір сөзбен айтқанда, партияның Мә­жі­лістегі фракция мүшелерінің қызметінде принципшілдік, талапшылдық деңгейін арттыру арқылы партияның жаңғыруына үлес қосуға болар еді. Бесіншіден, өңірлердегі өзекті мәсе­лелерді шешуге белсенді араласу. Прези­дент 2019 жылы Қазақстан аймақтардан құралады деп тек орталық қалалардағы ғана емес, сондай-ақ облыстардағы ха­лықтың проблемаларын да шешу ма­ңызды екенін баса айтқан еді. Айтылған сөз жерде қалмау үшін партия осы ба­ғытта жұмысын жеделдетуі қажет. Былтыр алғаш рет сайлауалды бағ­дарламалар мемлекеттік жоспарлау жү­йе­сіне толығымен кіріктірілді. Осы­лай­ша, сайлау қорытындысы бойынша сайлау алдындағы уәделер негізінде облыстарды, қалаларды, аудандарды дамытудың 5 жылдық бағдарламалары бекітілді. 2021 жылы партия жанындағы 1,7 мың қоғамдық кеңес 9 мың отырыс өткізіп, 15 мыңнан астам әлеуметтік маңызы бар мәселені қарады. Кеңестерде 12 мыңнан астам адам бар, 25 пайызы Мәжіліс пен мәслихат депутаттары, 32 пайызы ҮЕҰ, блогосфера және тағы басқа өкілдері. Бірақ әлі де болса аймақтардың да­муын жиналыстың санымен, статисти­калық көрсеткішпен өлшеп, шектелуге болмайды. Егер өңірдегі жұрттың жағ­дайы жақсы болса, ішкі миграция, қалалардың урбанизациясы қазіргідей белсенді жүрмес еді. Осы себепті партия келесі сайлауда тағы да халық қолдауына ие болғысы келсе, алда тұрған негізгі шарттың бірі – аймақтағы халықты жұ­мыспен қамту, олардың табысын арттыру, өмір сапасының стандартын көтеру. Алтыншыдан, қоғамдық қабылдау­лардың қызметін жандандыру. «қаңтар оқиғасының» қасіретті күндерінде «Nur Otan»-ның қоғамдық қабылдаулары үздіксіз жұмысын жалғастырды. 1 қаң­тардан 13 қаңтарға дейін қоғамдық қа­былдауға 944 адам жүгінді, 148 қабылдау жүргізілді, онда 315 адам қабылданды. 91 мыңнан астам адам қамтылған 225 кез­десу, 74,5 мың адам қамтылған 1,7 мың­нан астам ұжымда түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жалпы, 2021 жылы партияның қоғамдық қабылдауына 174 мыңнан астам адам жүгінген. Қоғамдық қабылдау учаскелерінде 34,4 мың қабылдау жүргізіліп, 75,3 мың адам қабылданды. Пандемия басталған кезде де пар­тиядан көмек сұрап келген азаматтардың қарасы көп болды. Бір ай бұрын қы­сылтаяң кезеңде біраз азамат «Nur Otan»-нан қолдау күтті. Яғни, партия өз элек­торатынан алшақтамау үшін, халықтың күнделікті басындағы басынасын, кө­кейіндегі мұңын тыңдау үшін қоғамдық қабылдау қызметін жаңа деңгейге шы­ғаруы қажет-ақ. Бәлкім, бұл бағытта заманауи технологияларды қолданып, үйден шықпай, сайт, чаттар арқылы мә­селені онлайн жеткізу жұмыстарын же­тілдіру керек шығар. Бір сөзбен айтқанда, халықпен, сайлаушылармен кері бай­ланыс орнағанда ғана партия қоғамдағы негізгі проблемаларды бақылап, дер ке­зінде Үкімет арқылы шешімін таба ала­ды. Бұл «Nur Otan»-ның қайта жаңғы­руы­ның нақты жолы болар еді. Жетіншіден, партияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын же­тілдіру. «Nur Otan» 2025 жылға дейінгі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асырудың Жол картасы бекітті. Бүгінде жоспарланған іс-шаралардың 49 пайызы орындалды. Жол картасы аясында «Қоғамдық бақылау туралы» және «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заң жобалары әзір­ленді. Transparency International ұйымы­ның жемқорлық индексінде Қазақстан 102-орынға жайғасты. Қазақстан жем­қорлықпен күресу бойынша GRECO елдерінің тобына ресми түрде қосылған 50-ші мүше болды. Мемлекеттік қыз­меттерді цифрландыру деңгейі 96 па­йызға дейін көтерілді. Алайда сыбайлас жемқорлық әлі де қоғамда белең алған мәселенің бірі. Азаматтар кез келген түйткілдің себебін жемқорлықтан көретін деңгейге жетті. Яғни, партия өзінің барлық саяси, интел­лектуалды ресурсын пайдалана оты­рып, стратегияны жүзеге асырып, қазіргі жем­қорлық аясын азайтуы міндет. Бұл элек­тораттың бірден-бір талабы екені даусыз. Егер партия аталған миссияны орындай алса, бұл «Nur Otan»-ның қайта жаң­ғыруының белгісі болар еді. Сегізіншіден, «Jas Otan» жастар қана­тының жұмысын сапалы түрде күшейту. «Қаңтар оқиғасына» қатысушылардың басым бөлігі жастар болғаны мәлім. Бәлкім, студент, жұмыссыз, базарда іс­тей­тін жастар шығар. Мүмкін тұрақты жұмысы бар, алайда іштей наразылығы қалыптасқан жас маман болар? Әзірге нақты деректер жоқ. Қалай дегенде, көптеген жас өрен алаңға шықты. Олардың өз талаптары болды. Енді сол жас азаматтарды тыңдау, мәселесін шешу, қоғамда өз орнын табуға көмектесу, бойына белгілі бір құнды­лық­тарды сіңіру тек мемлекеттік орган­дар­дың, жергілікті өзін-өзі басқару мекеме­лерінің ғана емес, партияның да бір міндеті. Осы бағытта «Jas Otan» жастар қанаты белсенді жұмыс атқаруы тиіс. Өйткені бұл ұйымның жастар арасында тығыз жұмыс атқару саласында тәжі­рибесі мол. Дегенмен ол бірреттік жина­лыс, фо­рум, тренинг, кэмпинг сияқты «дәстүрлі уақытша шараға» айналмауы да шарт. Қорыта келгенде, «Nur Otan» партия­сы бүгінде өз дамуының шешуші кезең­дерінің алдында тұр. Қазір саяси ұйым Жаңа Қазақстанның шарттарына сай бейімделіп, қоғамның үнін естіп, келе­шек­тегі кедергілерді болжай отырып, ұзақ­мерзімді стратегиясын қайта түзуі қажет. Сонда ғана партия электораттан қолдау тауып, қайта жаңғырып, саяси бәсекеге дайын болады.