Табыс декларациясы: туысқандар қалай түгенделеді?
Табыс декларациясы: туысқандар қалай түгенделеді?
© коллаж: Елдар Қаба
391
оқылды
Қорадағы мал мен жалғыз тауық, қарызға алынған теле­ди­дар табыс көзі есеп­те­летін елі­мізде жалпыхалықтық табыс декларациясын тапсыру жыл­дан-жылға кешеуілдеп ке­леді. Жүйе дайын болғанымен, жал­пыға бірдей декларацияны ке­зең-кезеңімен жүргізуді ұсын­ғандар ай сайын алатын табыс көздерін түсіндіруге өздері да­йын болмай шықты. Бұл жем­қор­лықты жүгендеуге арналған нау­қанның өтпеуін қалайтын мүдделі топтардың барын көр­сет­пей ме? Жаппай табыс декларациясын тап­сыруды талқылап жатқанымызға 22 жыл, жоспарға енгізгенімізге де бақандай 11 жыл болыпты. Мамандарды 2000 жылдың басында өзгелердің тапқан табыстары жөнінде есеп беруін қалай жүзеге асырып жатқанын зерделеу үшін шетелге де сабылттық. Сөйтіп, 2005 жылы шетелдің тәжірибесін елімізде қолдану туралы айтылып, 2010 жылы елде жаппай декла­рация енгізуді жоспарладық. Алайда жыл сайын жоспарланып, кем-кетігі та­была беретін науқанды 2020 жылы өткі­зетін болып шештік. Бірақ мемлекет қыз­ме­тіндегі айлыққа күні қарайтындар қал­талылардың қатарын қалай толтырып жүргенін түсіндіруі тиіс науқан 2025 жылға бір-ақ шегерілді. Сондағы себебі мынау. Біріншіден, жалпы халықтық декларация жүргізу үшін заңнамалық база жоқ. Екін­шіден, ақпараттық жүйе де дайын болмай шықты. Өйткені шалғай ауылдарда интер­неттің жоқтығы шараны кейінге ше­геруге себеп. Алайда шараны өткізу жос­пар­лан­ған 2020 жылы жауаптылар техникалық жү­йе сақадай-сай екенін айтқан. Сол жы­лы Республикалық кәсіпкерлерге кө­мек орталығының директоры Дмитрий Ка­занцев технология толықтай дайын екенін айтты. «Ендігі міндет – қоғамның дайындығы ғана қалды», – деді ол. Бірақ сыныққа сылтау тапқан шенеуніктер та­быстың есебін 2025 жылға созып, осы ол­қылықтарды жоюдың жолын табуға сөз бер­ді. Табыс көзін айшықтау бастамасы төрт кезеңге, ал декларациялау екі түрге бө­лінеді. Біріншісіне мүлік, табыс көзі, қа­рыз, жылжымалы мүлік енсе, екінші­ге – зергерлік бұйымдар, ескі бағалы заттар мен қорадағы мал саны да кіреді.

Декларация дегеніміз не?

Жалпы, халықтық табыс декларациясы әрбір азаматтың тапқан табысы мен иелі­гіндегі мүліктің есебін беру. Яғни, көлең­келі айналымды, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге және мемлекеттік бюджетке қосымша түсімдерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тұрмыс пен табыс­ты сәйкестендіруге сеп болатын науқан­ның басты талабы да сол, құны қыруар тұратын құндыз ішіктер мен қымбат көлік­тердің, атына жазылған жылжымайтын мүлікті қандай табыс көзіне алынғанын түсіндіру. Бағасы 500 мың теңгеден бас­талып, шексіздікке дейін жалғасып кететін жылжитын, жылжымайтын мүліктері, қымбат картиналары декларацияда көр­се­тіліп, қандай ақшаға келгенін қағаз жү­зінде дәлелденуі керек. Ал түсіндіре алмаса немесе жасырып қалса, тауар бағасының 10 пайызы көлемінде айыппұл төлейді. Жемқорларға тұсау болатын табыс декларациясы былтырдан бастап жүзеге аса бастады. Алғашқылардың бірі болып мемлекеттік қызметкерлер мен оларға те­ңестірілген адамдар, оның ішінде квази­мемлекеттік сектордың басшылары және олардың жұбайлары өздерінің жеке актив­тері мен міндеттемелерін тапсыруға кіріс­ті. Сөйтіп, жыл сайын олардың 99%-ы са­лық есептілігін электронды түрде ұсы­нуы тиіс. Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаеваның айтуын­ша, жалпы декларациялаудың алда әлі 3 кезеңі бар. Келер жылы мемлекеттік меке­мелер мен квазимемлекеттік сектор қыз­меткерлері және олардың жұбайлары ак­тив­тері мен міндеттемелері туралы дек­ларациясының екінші кезеңіне өтеді. 2024 жылы бизнес өкілдері, яғни заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің басшылары, құрылтайшылары жұбайларымен бірге декларация тапсыруға міндеттеледі. 2025 жылы елдегі қалған азаматтар да тапқан табысы туралы есеп беруі тиіс. Жалпыға бірдей декларациялау жүйе­сіне 13 миллион адам кіреді. Алғашқы дек­ларацияда жыл соңындағы жағдай бо­йынша қолда бар активтер мен міндет­темелер туралы мәліметтер көрсетіледі. Соның ішінде шет мемлекетте тіркелген не тіркеуге жататын жылжымайтын мүлік, көлік құралдары, шетелдегі банк шот­та­рын­дағы 1 000 еселенген айлық есептік көр­сеткіштен асатын қаражаты қарас­ты­рылады. Бұдан басқа тұрғын үй құрылы­сына үлестік қатысу туралы шарт бойынша сомалар мен елден тыс жерде құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі, бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары мен инвестициялық алтындары, зияткерлік меншік, авторлық құқық объектілері де есептеледі. Сондай-ақ 10 мың айлық есептік көрсеткіш ше­гіндегі сомада көрсетілетін қолма-қол ақ­ша да декларацияда көрсетілуі тиіс. Мем­лекеттік кірістер органына салық есеп­тілігін уақытында ұсынбағандарға алды­мен ескерту беріледі, ескертуді елеме­гендерге екінші рет 15 еселенген АЕК көлемінде айыппұл салынады. Мәліметтер толық емес немесе анық ұсынылмаса да, ескерту көзделген. Ескертуден кейін осын­дай қулыққа барғандарға 3 еселенген АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылады. Ал жеке тұлға салық төлеуден жалтару мақсатында ірі мөлшерде, мәселен 20 000 еселенген АЕК мөлшерінен асатын салық­ты төлеуге қатысты міндеттеме туындап, табысын жасырып қалса, онда оған қа­тысты ақпарат құқық қорғау органдарына жіберіліп, қылмыстық іс қозғалады.

Шетелдегі шот та түгенделеді

Елдегі азаматтардың айлығын есеп­терміз, ал қазақстандықтардың шетелдегі табысы қалай түгенделеді? Айнұр Сартае­ваның айтуынша, шекара сыртындағы табысты да жүйеден жасыру мүмкін емес. Өйткені комитеттің резиденттердің шет­ел­дегі қаржылық шоттары туралы ақпа­рат­ты да автоматты түрде алуына мүмкін­дігі бар. Сол үшін комитет Салық істері бойынша өзара әкімшілік көмек туралы конвенцияға қосылған. Конвенцияға қатысушы елдер шоттардағы қаражат қалдықтары, пайыз­дар, дивидендтер со­масы және қаржы шоттарындағы актив­терге байланысты туындаған басқа да кі­рістер туралы ақпарат беруге міндеттелген. Орталықтандырылған ақпарат жүйесі арқылы қай елдің аза­матының қай елдің қаржы ұйымдарында ақшасының «тығы­лып» жатқанын анық­тауға жарты минут қана кетеді екен. Банк­те қарызы барлар мен алименттен қашып жүргендерді шет­елге жібермеу тәжірибесі секілді бұдан бы­лай табыс көзінің қай жақтан келгенін анықтай алмағандар да әуежай мен темір­жол бекеттерінен ары қарай өте алмайды.

Әлемдік әдісті енгізуге құлықсыз

Табыс декларациясындағы тәжірибені зерттеуге талай маман жібердік. Бірақ шекара асып келгендер шенділердің тапқанын тиындап есептейтін ерекше тәсілдерді елде қолдануға асықпайтын секілді. Мысалы, Норвегияда кез келген адамның тапқан табысын білу қиындық тудырмайды. Әсіресе, шенеуніктердің жылдық табысы мен иелігіндегі дүние-мүлігі кіріс кітабында көрсетілген. Әр норвегиялық отбасылық жалақының толық тізімін және бұл адам қанша салық төлейтінін кез келген кітапханадағы сөреден табуға болады. Бұл ақпарат интернетте де қолжетімді. Аталған заңды Норвегия бізден кейін жоспарлаған. Есесіне, бізден бұрын қолданысқа енгізген. Көрші Ресейде де мемқызметкерлердің шетелде актив ұстауына, қаражатын өзге елдердің банкіне салуына заң жүзінде тыйым салынған. Бұл талапты орында­маған адамдар Мемдума сайлауына да үміткер бола алмайды. Көріп отырғанымыздай, өркениетті елдерде қабылданған заң халықтың тұр­мысына қарай бейімделген. Ал бізде заңды айналып өтетін жолды алдымен қарасты­рады. Сондықтан бізде қаржысын шетел банкіне салып, тапқан табысын туысқан­дардың атына жаздыруға тыйым салатын заң жоқ. Мемлекеттің беріп отырған осы мүмкіндігін молынан пайдаланып жатқан­дардың қатары көп. Қазақстандық шенеу­ніктердің жылжымайтын мүлікті де шетел­ден сатып алуды сәнге айналдырғанын байқауға болады. Бүгіннің өзінде құзырлы органдар шенеуніктердің елден тыс, шет­елде 2 млрд 697,6 млн теңгедей сомадағы қаражатты банктерде сақтап отырғанын анықтапты. Саясаттанушы Зейін Сабырқұлов ше­неуніктердің табысы және мүлік декла­рациясы қоғамға қолжетімді болу керек екенін айтып келеді. Олай болмаса, табы­сын толық беріп жатқанына күмән көп. Мәселен, 2013 жылы СҚО әкімі Самат Ескендіров бір жылда 10,5 млн теңге табыс табатынын, иелігінде 5 сотық жер мен қарапайым ғана үйі бар екенін көрсеткен. Бірақ қарапайымдылығымен қуантқан әкімнің қалған байлығы 2018 жылы белгілі болды. Сол жылы экс-әкімінің отбасына тиесілі елордадағы коттеджіне ұры түсіп, жүз миллион теңгеден астам сомаға қара­жат пен алтын-күміс әшекейлерді жым­қырып кеткені жарияланды. Қолды болған заттар арасында құны 50 мың долларға дейін баратын бриллиантты Rolex, Zenith, Ulysse Nardin, Cartier, Chopard секілді аса қымбат алтын сағаттар болған. Декларациядағы жалған есептің сырын қоғам мүшелері негізінен біледі. Себебі тапқан табыстың құжатта көрсетілген нұсқасы ғана есепке алынатынын «зерек» басшылар мен оңтайлы етіп өзгертілген заңды бес саусағындай білетіндер ірі мен­шікті өз атына тіркемейді. Демек, отандық декларацияны енгізудің қалай жүзеге асатынына күмән көп. Өйткені декларация тапсырған әрбір азаматтың туысқандық төркінін түгендеп, көрсетілген кіріс пен шығындардың сәйкес болуын қадағалау қажет. Жоғары лауазымды шенділердің арасында байлығын баласының, еңселі коттеджін енесінің атына жаздырып қоя­тын жағдайлары жиі кездеседі. Жыл сайын декларация тапсыратын қарапайым қыз­мет­керлер де құжат жүзінде жұбайымен ажырасып, табысын туысқандарының аты­на жаздырады. Ал біздегі заң отбасы мүшесі ретінде күйеуі мен әйелі, балаларын ғана көрсетуге міндеттейді. Алайда біздің қоғамда туысқандықтың түрі көп. Әкесі мен шешесі, енесі мен атасы, жиені мен бөлесі де бөтеннің қатарына кірмейді. Айтпақшы, Мемлекеттік кірістер комитеті былтыр декларация тапсырған 497 мың адамның жартысынан көбі, яғни 54 пайы­зы e-Salyq Azamat мобильді қосымшалары арқылы тапсырғанын мәлімдеді. 40 пайызы «Салық төлеушінің кабинеті», 5 пайызы eGov.kz порталы арқылы ұсынған. Ал қағаз түрінде небәрі 414 адам немесе 0,1 пайызы ғана тапсырған. Бұл табыс көзін анықтайтын науқанға шалғай ауыл­дардағы ғаламтордың да сылтау емесін көрсетеді. Демек, табыс декларациясын тап­сыруды әрбір азаматқа міндеттеуге мүд­делі болмай отырған топтың барын түсіну қиындық тудырмайды.