Қазақстанның қай өңірінде де Кеңес кезінде құрылған шағын жұмысшы қалашықтары кездеседі. Олардың тағдыры әртүрлі болғанымен, бәріне ортақ ұқсастық бар: шағын шаһарлар бір немесе екі жүйеқұраушы кәсіпорынның арқасында өмір сүріп жатыр. Халқының дені жергілікті өндіріс ошақтарында жұмыс істеп, күнделікті нәпақасын айырып жүр. Бірақ жылдан-жылға моноқалалардың тұрмысы тұралап барады...
Тұрмысы тұралаған шағын шаһарлар
Ел аумағында 89 қала болса, соның 27-сі (30 пайыз) моноқалалар санатына кіреді. Мұндай елді мекендерде шешімін таппай жатқан түйткілдер көп. Әлеуметтік-экономикалық және экологиялық мәселелер шаш етектен. Инженерлік инфрақұрылымы естен тандырарлық: Арқалық, Балқаш, Шахтинск, Теміртау сияқты қалаларда су және кәріз құбырларының 90 пайызы тозған. Кейбір қалалардың жылу және электр тораптары – 55 пайызға, енді бірінде 85 пайызға ескірген. Автомобиль жолдарының 40 пайызы жарамсыз. Жаңаөзен, Арқалық және басқа да шағын қалаларда шикізаттың таусылуына байланысты әлеуметтік жағдай шиелінісе түскен. Сондай-ақ әлем экономикасын көміртексіздендіруге байланысты құрамында көміртек көп отандық компаниялардың өнімдерін экспорттау қиындайтын түрі бар. Бұл проблема моноқалалардағы жүйеқұраушы кәсіпорындарға тікелей қатысты. Өнеркәсіптің өндірістік процестеріне цифрлық технологияны енгізу және автоматтандыру талабына сәйкес, алдағы уақытта шағын шаһарлардағы жұмыссыздық мәселесі тіпті ұлғайтып, тұрғындардың табысы төмендей түседі деген қауіп үлкен. Соңғы 20 жылда моноқалалардағы халық саны екі есеге – 3-тен 1,5 млн адамға дейін кеміді. Ол мемлекет халқының 8 пайызын құрайды. Әйтсе де, экономикалық қиыншылықтарға байланысты тұрғындардың еңбекке жарамды бөлігі әлі де тоқтаусыз көшіп жатыр. Сондықтан шалғайдағы қалашықтарда жастардың қатары азайып, кәрі-құртаңның үлесі арта түскен. Егер республика бойынша егде адамдардың орташа көрсеткіші 7,8 пайыз болса, моноқалаларда ол 11 пайыздан асқан. Кейінгі екі жыл ішінде жергілікті кәсіпорындарда жұмыс істейтіндердің саны 5 пайызға азайған. Дегенмен моноқалалардың ел экономикасын дамытуға едәуір үлес қосып отырғанын жоққа шығара алмаймыз. Жұмысшы қалашықтарында республикадағы өндірістік өнеркәсіп өнімдерінің 40 пайызға жуығы өндіріледі. Мұнай-газ, металлургия, химия өнеркәсібі және энергетика саласындағы белді кәсіпорындар осы шалғай өңірлерде шоғырланған. Әйтсе де, әлі күнге дейін моноқалаларды өркендетуге қатысты нақты ұстаным мен ортақ пікір жоқ, олардың болашағы бұлыңғыр. Салдарынан жұрт жаппай үй-жайларын тастап, облыс орталықтары мен ірі қалаларға қоныс аударып жатыр. Мұндай жағдайда көшкен жұрттың соңында иесіз қалған нысандар мен коммуналдық тораптардың шығынын бюджеттің есебінен өтеуге және ұстап тұруға тура келеді. Ұлттық экономиканың вице-министрі Әлішер Әбдіқадыровтың айтуынша, былтыр ел қалаларының 400 шақырымнан астам ішкі автожолдары мен инженерлік торабын жөндеуге республикалық бюджеттен 17 млрд теңге бөлініпті. «27 моноқалада жалпы саны 10 мың адамды жұмыспен қамтитын 60 ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Кейінгі 3 жылда моноқалалардағы кәсіпкерлерге берілетін гранттар – 3,5 есе (63 млн-нан 218 млн теңгеге дейін), субсидиялау –1,6 есе (8,3 млрд-тан 13,5 млрд теңгеге дейін), микронесиелеу –1,7 есе (2,6 млрд-тан 4,5 млрд теңгеге дейін) өсті. Сондай-ақ Арқалықтың, Жезқазғанның және Жаңаөзеннің көлік тұйығында орналасқан проблемасын шешу үшін теміржол желісі тартылды», – деді вице-министр. Сондай-ақ шалғайдағы моноқалаларды еліміздің басқа өңірлерімен байланыстыратын көлік қатынасын қамтамасыз ету жайы қарастырылып отыр. Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, 2023 жылдың соңына дейін Нұр-Сұлтан – Алматы жолы жаңаланып салынуы тиіс. Ол Балқаш қаласының экономикалық әлеуетін айтарлықтай өсіре түспекші. Ал 2024 жылы Жезқазған – Қызылорда автожолы аяқталмақшы. Сол арқылы Жезқазған – Сәтпаев қалаларының сауда-көлік байланысын күшейтіп, жүк тасымалын арттыруға ықпал ету жоспарланып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр жыл соңында Үкіметке барлық моноқалалардың экономикалық-әлеуметтік жағдайы бойынша сараптама әзірлеуді тапсырған болатын. Сараптамалық талдау 2022 жылдың 1 наурызына дейін дайын болып, содан соң ол қоғамның талқылауына түсуге тиіс.Екі қолға бір күрек керек
Моноқалалар проблемасы көп жылдар бойы көтеріліп келеді, бірақ одан тұрғындарының тұрмысы түзеліп, жағдайы жақсарып кете қойған жоқ. Жұмысшы қалашығының халқы жергілікті бірлі-жарым зауыттар мен кәсіпорындарда ауыр еңбекке жегіліп, күнкөрісі үшін содан тапқан азын-аулақ тиын-тебенге қарап отыр. Расы сол, еліміздегі барша моноқалалардың өмір сүру сапасы аймақтардағы осы жүйеқұраушы кәсіпорындардың тірлігіне байланып қалған. Сондықтан осы өндірістердің жұмысы тоқтаса, тұтас қаланың тіршілігі тоқтады дей беріңіз. Жұрттың көңілі осыған алаң. Болашағы бұлыңғыр шағын қалалардан көшіп жатқаны сондықтан. Үкімет, әрине қарап отырған жоқ, моноқалаларды дамытып, тұрғындарына жайлы өмір жасап беру үшін түрлі тың идеялар мен жаңа бағдарламалар ойлап табуда. Соның бірі – 20 жылға «жеңілдікпен» ипотекалық несие беру жайын қарастырып отыр. Яғни, «Отбасы банк» арқылы моноқалалардың тұрғындары үшін арнайы ипотека шарттары пысықталып жатыр. Оның бастапқы жарнасы – 10 пайыз, сыйақы мөлшерлемесі – 5 пайызға, несиелеу мерзімі 20 жылға дейін. Бірақ сарапшылар бұдан қарапайым тұрғындар емес, тек банктер пайда табатынын айтады. «Шенеуніктер әлгіндей жеңілдетілген ипотека беру арқылы адамдарды моноқалаларға жіпсіз байлап қойып, жергілікті кәсіпорындарға мардымсыз жалақыға жұмысқа жекпек. Мәселен, Жамбыл облысындағы Жаңатас қаласында орташа жалақы – 45-50 мың теңге. Арқалық қаласындағы жалақы ең күштегенде 55 мың теңгеге әзер жетеді. Басқа шағын жұмысшы қалашықтарының бәріндегі жағдай – осы. Сөйтіп, адамдарды 20 жылға ипотека алуға мәжбүрлеп, арзан жұмыс күшін ұстап тұрғысы келеді», – дейді экономист Марат Абдрахманов. Бұл жағдайда шенеуніктер бір оқпен екі қоян атып алмақшы: адамдардың көшіп кетуі саябырсиды және кәсіпорындар жұмыс күшінсіз қалмайды. Енді осыны есептеп көрейік: жалақысы 50 мың теңгенің шамасында болатын жұмысшы Шахтинскіден 5 миллион теңгенің үйін алғысы келсе, оның алғашқы жарнасы үшін 500 мың теңге салып, сосын ай сайын банкке 30 мың теңге несие төлеп тұруы тиіс. Яғни, 20 жыл бойы жалақысының жартысынан астамын банкке беріп тұруға міндетті. Ал 5 пайыз сыйақы үшін ипотека алушы о баста алған соманың үстінен қосымша тағы 2,6 млн теңге төлейтін болады. Бұл – ипотекалық несиенің жартысынан асатын ақша. Осындай «жеңілдетілген» ипотеканы ойлап тапқан шенеуніктер жұмысшының 20 жыл бойы қалай өмір сүріп, отбасын қалай асырай алады деген сұраққа мүлдем басын ауыртпаған сияқты. Шенеуніктердің шағын шаһарларды жандандыру үшін экологиялық таза кәсіпорынды іске қосу, жаңа жұмыс орындарын ашу, жол жөндеу, сумен қамтамасыз ету, мектеп-балабақша салу сияқты шараларды емес, жеңілдетілген ипотека беру бағдарламасын қолға алуының өзі қызық әрі түсініксіз. Бұл бағдарламаның моноқалалардың экономикасын дамытуға елеулі ықпал етеді деудің өзі қисынсыз. Сарапшылардың айтуынша, моноқалалардағы тұрмысты түзеу үшін жергілікті кәсіпорындардың айналасынан сервистік экономика қалыптастыру қажет. Адам зауытта жұмыс істеп, одан жалақысын алады. Оны дүкеннен азық-түлік, дәріханадан дәрі-дәрмек алуға жұмсайды, шаштаразға барып шаш қидырып, кафелер мен сауда үйлерінде сауық құрады. Яғни, оның зауыттан алған жалақысы экономикалық айналымға түседі, одан шағын және орта бизнес дамиды. Шалғайдағы ағайын үшін ең бастысы екі қолға бір күрек керек.