Емхана ұжымы мұңын кімге айтады?
Емхана ұжымы мұңын кімге айтады?
Соңғы кездері Шымкент қаласының медицина саласында  түсініспеушілік жиі кездесетін болып жүр. Мә­селенің басым бөлігі сенім­герлік басқаруға беруден туындап отыр.

Уәде етілген үстемеақы мен жеңілдіктер берілмей келген

Жылдың екінші айы басталысымен  №9 қалалық емхана­ның ұжымы  наразылық білдіріп, дау шығарды. Былтыр қыркүйек айында Medical Center SHUBARSU ЖШС-ның «Қызыл­жар» емханасына ауыс­тырылған мекеме ұжымының шағымы көп. Себебі Денсаулық сақтау басқармасы осынау емхананы сенімгерлікке, яғни жекеменшікке өткізгенде барлық үстемеақы мен жеңілдіктердің, қызметкерлердің орны сақтала­тынын айтқан. Алайда берілген уәделер сөз күйінде қалып отыр­ғанын айтып, ашынды мұндағы ұжым. Үстемеақы мүлдем төлен­бей, МӘМС тарапынан берілетін еңбекақы кешіктірілген. Сонымен қатар бөлімшелерді ара­лағаны үшін  берілетін жол ақы­лары да сағымға айналған. Одан бөлек, штат санының аздығына орай медицина қызметкерлеріне жүктеме көбейіп кеткен. Осы­ның барлығы да бірнеше айдан бері қайталанып, шыдамы тау­сыл­ған ұжым қызметкерлері ақы­ры айқай шығарды. Қызметкерлер  нарызылық таныта бастаған соң «Nur Otan» партиясының Шымкент қалалық филиалы «Ұлт денсаулығы» мәселелері жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңесі жағдаймен  танысу  мақсатында мекемеге барып, мәселенің шешімін табуына ықпал етті. «Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан №9 емхана ұжымы талапқа сай емес ғимаратқа көшірілген. Сонымен бірге, уәде етілген үстемеақылар да төленбеген. Кеңес күшелері жедел көшпелі жиын ұйым­дастырып,  жұмыс беруші мен жұмысшының кәсіподақ арқылы мәмілеге келуіне ықпал еттік.  Сөйтіп, келісімшарттарына  өз­геріс енгізілді», – дейді кеңес төрағасы Есенбек Серкебаев. Айта кетейік, №9 емхана қызметкерлері былтыр да мекеме басшылығы мен жергілікті билік тарапынан болған келеңсіз­діктерге қайта-қайта шағым­данған болатын.

Алматылық компания ұтып алған

Дәл осыған ұқсас шағым №2 қалалық емханада да жиі бой көтеріп келеді. Жуырда емхана қызметкерлері мен науқастар ғимаратқа кіре алмай, таңғы салқын­да далада тұрып қалды. Осыдан 3 ай бұрын да қызметкер­лер жұмыс істейтін мекемеге кіре алмай, қақпа алдында қаң­тарылып қалған-ды. Себебі ғимарат иесі аяқасты нысанды босатуды талап еткен. Ендеше жекеменшік иесі неге аяқасты бұл қадамға барды?  Бұл жағдай неге қайталана береді? Жергілікті билік, Денсаулық сақтау бас­қар­масы мәселенің  оң шешілуіне неге мүдделі емес? Мұнда да проблема мекеме­нің сенімгерлікке берілу кезеңі­нен басталған екен.  №2 қалалық емхана қызметкерлерінің айтуынша, соңғы бес жылда үшінші мәрте ғимарат ауыстырыпты.  Мұның алдындағы ғимарат тозып  тұрса да провизорлық ста­цио­нарға берілгендіктен бұлар осында көшіп келген.  Абай даң­ғылы №35 үйдегі емхана ғимараты қазір қаңырап бос тұр екен. Алайда оған күрделі жөндеу жүргізілмесе, өте ескі, бару мүмкін емес дейді бас дәрігер. Бүгінгі  отырған ғимараттарын жал­ға алыпты. «Мұнда көшіп кел­генде бас дәрігер басқа кісі бол­ған. Қандай келісімдер болғанын білмеймін. Бірақ мен мемлекеттік мекеме болған соң ай сайын газы мен электр энергиясына, суына аренда есебінен коммуналдық төлемдер төлеп отырмын.  Осы шығындар үшін айына орта есеппен 1,5 миллион теңге мөлшерінде төлейміз» дейді бас дәрігер Нұрбике Адембаева. Ал  ғимаратқа иелік ететін компания, яғни BAIR GPOUP  ЖШС-ның директоры Қаныбек Қанатбекұлы емхана екі жылға жуық ақысын төлемей жұмыс істеп келе жатқанын, тіпті біраз уақыттан бері емдеу мекемесінен коммуналдық қызметтер де алынбағанын айтады. Соның салдарынан ғимарат есігін жабуға мәжбүр болған. «Пандемия басталғанға дейін біз осы жерден жеке медициналық орта­лық ашуды ұйғарып, ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Бізге қала әкімдігінен мамандар мен қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы келіп, осы жерден провизорлық стационар ашуды ұсынғанымен оған қарсы болдық. Одан соң стационарды №2 емханадан ашып, оларды бізге көшірді. Сенімгерлік басқаруға беру туралы ұсыныс та айтқан. Әу бастан медициналық орталық ашамыз деп отырғандықтан бізге бұл ұсыныс сәйкес келіп, келісім бердік. Алайда өткен жылы емхананы сенімгерлік басқаруға беруге жарияланған конкурсты  алматылық компания  жеңіп кетті. Сондықтан біз ғимаратты босату туралы қайта-қайта ес­кер­тіп жатырмыз. Алайда ешқан­дай шара қолданылмай келеді», – деп атап өтті компания басшысы. Сонымен, бұл емхана Шымкентте ешқандай ғимараты жоқ алматылық компанияға сенім­герлікке берілген болып тұр. Қала­лық Денсаулық сақтау басқармасы берген мәліметке сүйенсек, емхананың бұрынғы ғимараттары 100 пайызға тозығы жеткен және жабдықтардың 80 пайызға жуығы ескірген.  Сон­дықтан Шымкент қаласының әкімдігі емхананы соңғы үлгідегі диагностикалық және функцио­нал­дық медициналық құ­рыл­ғы­лармен жабдықтау қа­жет тілігін ескере отырып, қолда ныс тағы заңнамаға сәйкес 15 жылға сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға беру үшін конкурс өткізген. Сенімгерлік басқаруға беру арқылы ем хананың компьютерлік томографиямен, магнитті-резонансты томографиямен, флюрос­копия­лық аппараттармен, барлық датчигі бар ультрадыбыстық, маммогра фия лық аппараттармен және жоғары сапалы талдаулар жүргізуге ар налған бірқатар соңғы зертха­налық диагностика­лық құрыл­ғымен, жаттығу терапиясымен қамтылу мүмкіндігі бар екенін айтады. Осылайша, тендер талаптарына сай болып табылған­дықтан ойда-жоқта алматылық компания сенімгерлік басқару құқығына ие болып, жеңіп кетеді. Салдары, міне. Талап бо­йын­ша сенімгерлік басқаруға алған тендер жеңім­пазы бейіні мен штаттық кестесін сақтай отырып, аталған шарт бойын ша барлық міндеттемені өз мой нына алуы,  шарт жасал­ған сәт­тен бастап емхана­ның барлық міндеті сенімгер басқарушыға жүктелуі тиіс. Дегенмен алма­тылық компаниядан хабар жоқ. Бас дәрігер бұл тақырып өткен аптадан бері қоғамда үлкен пікірталас тудырып отырғанына қарамастан алматылық компа­ния­ның еш хабарсыз екенін айтып ашынды. «Сенімгерлік басқару құқығына ие болған алматылық компаниямен арада келісім жасалған жоқ. Мен қабылдау-тапсыру актісіне қол қоймадым. Себебі олар маған нақты қайда баратынымызды, қай ғимаратқа көшетінімізді айтып, ұсынбай отыр. Егер бізге «мына жерге орналасамыз» деп ашығын айтса, мен келісемін ғой. Қол қойып берсем мына жерден шығып кетуіміз керек. Біз қайда барамыз? Мұнда бекі­тілген 60 мыңға жуық халық медициналық көмексіз, қызмет­керлер жұмыссыз қалады емес пе? Егер ондай жауапсыз болса мұндай компанияның бізге не керегі бар? Өзімізді жеке қалдыр­сын», – дейді Нұрбике Абдрасыл­қызы.

Бас дәрігер жұмыстан кете ме?

Бір қызығы, осы жағдайдан кейін Денсаулық сақтау басқар­масының басшылығы тарапынан бас дәрігермен еңбек шартын бұзу туралы бақылау комиссиясына ұсыныс түскен. Енді бұл жағдай бақылау комиссиясының шешімімен  реттеле жатар. Алайда бізді жергілікті билік те, басқарма да қараша айынан бері мұны неге реттемей отырғаны таңдандырып отыр. Тіпті, екінші рет қайталанған оқиға орнына биліктен не болмаса басқармадан аяқ басқан жан болмады.  Ал «Nur Otan» партиясының Шымкент қалалық филиалы «Ұлт денсаулығы» мәселелері жөнін­дегі аймақтық қоғамдық кеңесі әдеттегіше оқиға орнына көш­пелі жиын ұйымдастырып, тікелей бақылауына алатынын айтты. «Ешқандай ғимараты жоқ алматалық компанияның ұтып алғаны жұмбақ. 2021 жылы қараша айында өткен мемлекеттік сатып алуда сенімгерлік басқаруды Алматы қаласының AUHAL  ЖШС ұтып алған. Алайда алматылық компанияның Шымкент қаласында ғимараты болмағандықтан мұндағылар арада 4 ай өтсе де, нақты қайда көшетінін білмей отыр.  Мұны Денсаулық сақтау басқармасы жуық арада шешімін тауып, ретке келтіруі тиіс. Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанға да қоғамдық кеңестің алаңдаушылық білдіріп отыр­ғаны жөнінде хат жолдадық» дейді кеңес төрағасы Есенбек Серкебаев. Осылайша, бір аптаның ішін­де шымкенттік сенімгерлік басқаруға берілген екі емханада дау туып жатса да, былқ етер билік жоқ. Ал басқарма басшысы кезекті еңбек демалысында.

Шымкент қаласы