"Памперс пен малдың өлігі жатады". Сарыағаш ауданында тұрғындар қоқысқа толы суды ішуге мәжбүр
"Памперс пен малдың өлігі жатады". Сарыағаш ауданында тұрғындар қоқысқа толы суды ішуге мәжбүр
Сурет: depositphotos.com
624
оқылды

Сарыағаш ауданындағы Жібек жолы ауылында орталық су құбыры ешқашан болмаған. Тұрғындар есік алдында ағып жатқан тіршілік нәрін тұтынады. Ал Өзбекстаннан келетін шағын өзеннің жолында қоқыс полигоны орналасқан, - деп хабарлайды КТК арнасы.

Мұндағы тұрғындар үшін арық тіршілік нәрінің жалғыз көзі. Ал бұған көрші Өзбекстаннан келетін бірнеше су арнасы құйылады. Өзбекстаннан келетін бұл арықтан адам да, мал да су ішеді. Жергілікті тұрғындардың сөзінше көрші елдің кәсіпорындары бұл арыққа тұрмыстық қалдықтарды да жиі төгетін көрінеді. Ондай кезде бұл судың түсі де, дәмі де өзгереді. Салдарынан Жібек жолы ауылында ішек ауруымен ауыратындар көп. Ең сорақысы, бұл арыққа қоқыс полигонының да суы да құйылып жатыр. Мұны жұрт кездейсоқ білген.
"Қоқыс төгілген арықтан су ішіп отырмыз. Денсаулыққа зиян. Осы ауыз судан неше түрлі ауруға шалдықтық. Шок болып отырмын. Сонша жылдан бері осы судан ішіп келдім бе? Дұрыс емес қой", деді Жібек жолы ауылының тұрғыны Еркінай Насырова.
Бірақ ауыл тұрғындарының бұл судан бас тартуға мүмкіндігі жоқ. Тасымал тым қымбат болған соң есік алдынан алып, әбден тұндырып қайнатып ішеміз дейді. Апта сайын ауылдағы жалғыз жүйесін өздері тазалап отырады екен. Ал әкімдердің арық басына сүзгі орнатып береміз деген уәдесі сөз жүзінде қалған.
"Суды көп жылдан бері осы арықтан ішеміз. Таза болған кезі жоқ. Өзіміз үйдің алдын тазалап тұрамыз. Ал жоғары жағында малдың өлігіне дейін жатады. Памперстерге дейін бар. Таза су сатып алуға әркімнің ақшасы жоқ", - деді Жібек жолы ауылының тұрғыны Умида Жүсіпбекова.
Ал аудандағы жауапты шенеуніктер Жібек жолы ауылындағы мыңдаған тұрғынның таза су ішіп отырғанына сенімді. Себебі жалғыз тіршілік көзінің қоқыс арасымен ағып жатқанын білмейді.
"Тұрғындар бұл арықтан су ішпейді. Судың қай жаққа баратынын зерттеп көрдіңіздер ме?" - дейді Сарыағаш ауданы ТКШ бөлімінің бас маманы Дәурен Болатов.
Көзбен көргенінен өзі шошыған шенеунік бәрін аудан басшысына жеткіземін деп кетті. Жалпы, арықты бойлай бір гектар жерге орналасқан бұл қоқысхана 2010 жылы пайдалануға берілген. Яғни тұрғындар кем дегенде 10 жыл  бойы осыдан ішіп отыр. Сондықтан бұл мәселеге құзырлы орындар елең етпесе, ауылдағылар әрі қарай да сасық суды пайдаланудан басқа амалы жоқ.