Баян Мақсатқызының фильмі Берлиналеде жүлде алды
Баян Мақсатқызының фильмі Берлиналеде жүлде алды
Фото: newtimes.kz
«Бақыт» қазақстандық көркем фильмі 72-ші Берлин халықаралық кинофестивалінің (Берлинале) «Панорама» секциясында бас жүлде алды. Фильм сценарийін қазақстандық журналист Әсем Жапишева жазған, режиссер – Асқар Ұзабаев, продюсері – Баян Мақсатқызы. Картинада Қазақстанның шағын қаласында өмір сүріп жатқан отбасының өмірі көрсетілген.  Үш негізгі кейіпкер бар: күйеуі, әйелі мен олардың бойжеткен қызы. Фильмде тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі көтерілген.
"Сыйлықты қазылар алқасынан емес, біздің ішкі жарамызды сезінген көрермендерден алу – біздің фильмге берілген ең жақсы баға. Бұл –  ең адал сыйлық, ал сол көрермендерді тану әрбір режиссердің негізгі мақсаты", – деді Асқар Ұзабаев.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық – Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемдегі өткір тақырып. Фильм шынайы оқиғаларға негізделген. Берлиналедегі "Панорама" секциясы 80-ші жылдардан бері негізгі конкурстан кейінгі ең беделдісі болып саналады. Панорамада кең аудиторияға арналған суреттер көрсетіледі және бұл байқаудың қазылар алқасы киноиндустрия мамандарынан емес,  көрермендерден тұрады. Олар фильмдерге тікелей дауыс береді. Биылғы секцияға 33 елден 29 картина қатысқан.
«Берлинале жүлдесі – менің шындыққа айналған арманым. Басты тілегім – қоғамның, мемлекеттің және заңның әйелдерге деген қатынасын өзгерту. Бұл – менің миссиям», – деді продюсер Баян Мақсатқызы.
[caption id="attachment_184761" align="alignnone" width="1200"]Баян Мақсатқызы Фото: ainews.kz[/caption]