Бублик Дубайда ATP жүлдесіне таласады
Бублик Дубайда ATP жүлдесіне таласады
138
оқылды
Бүгіннен бастап теннис жанкүйерлерінің назары Дубайда, себебі әлемнің бірінші ракеткасы Новак Джокович араға үш ай салып, осы жылы бірінші рет кортқа оралмақ. Айтулы шараға Қазақстан атынан еліміздің бірінші ракеткасы Александр Бублик және тәжірибелі спортшы Андрей Голубев қатысып жатыр. Бублик қазіргі таңда  әлемдік рейтингте 31-ші орында. 21-26 ақпанда өтетін турнирге қатысушылар арасында Андрей Рублев (рейтингте 7), Аслан Карацев (15), Феликс Оже-Альяссим (9), Янник Синнер (10), Хуберт Хуркач (11) және Денис Шаповаловтар (12) да бар. Турнир жеребесіне сәйкес, Александр Бублик жарысты кеше жұптық сында бастап, бүгін Түркия теннисшісі Алтук Челикбилекпен бірге квалификация кезеңінің финалында Даниель Эванс пен Кен Скупскийді (Ұлыбритания) ұтты. Қазақстан – Түркия жұбы 21-ші ақпан күні бірінші айналымда Яник Синнер (Италия) мен Хуберт Хуркачқа (Польша) қарсы ойнайды. Жекелей сынның бірінші айналымында жерлесіміз Польша теннисшісі Хуберт Хуркачпен кездеседі. Спортшылар осыған дейін екі рет кездескен. 2020 жылы Бублик дәл осы Дубайда, ал 2021 жылы Хуркач Уимблдонда жеңген еді. Сондай-ақ турнир кестесінде тағы бір жерлесіміз Андрей Голубев те бар. Андрей жұптық сында француз Мартен Фабриспен бірге Кравец-Мис жұбына қарсы шығады. Айта кетейік, Dubai Tennis Championships турнирінің жүлде қоры 703,580 АҚШ доллары.  

Ерік Ильясов