Елімізде серіктесінің денесін мәйітханадан ұрлап кеткен қазақстандық қамауға алынған. Бұл туралы Бас прокуратура қылмыстық қудалау қызметі басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов айтып берді. Қилымжановтың айтуынша, әлеуметтік желіде адамдар жағдайды білмей тұрып, кейбір азаматтарды жақтап жатады. Алайда тергеу аяқталмайынша, полиция қолға түсірген адамдардың бәрі күдікті болады, сондықтан ақпаратты білмей тұрып, жалған ақпарат таратпау керек дейді прокуратура өкілі.
«Жекелеген адамдар мән-жайды білмей тұрып, қылмыстық іс туралы көпшілік алдында пікір білдірген жағдайлар бар. Еліміздің белгілі спортшысы фейсбуктегі парақшасында азамат М. туралы бұлтартпау шарасы негізсіз қолданылған деген мәліметтер жариялады», – дейді Қилымжанов.Яғни, Бас прокуратура өкілінің айтуынша, ол азамат қазір ауыр қылмыс жасады деген күдікпен қамауға алынып отыр.
«Бұл жағдайда кейбір мәліметтерді нақтылағым келеді. Аталған азамат қылмыстық қудаулау органдарының адамдар тобында Қызылорда қаласы жергілікті полиция департаментінің қызметкерлеріне қарулы шабуыл жасап, полиция қызметкерлерінің басына ауыр жарақат тигізді деп күдіктеліп отыр. Атыс кезінде шабуылдаушылардың бірі өлген. Міне, азамат М. марқұмның полиция қызметкерлеріне шабуыл жасағанын жасыру үшін серіктесінің денесін ұрлады. Мұндай күдіктілерге бұлтартпау шарасы қолданылады», – дейді ол.Алайда, Бас прокуратура брифинг кезінде әлеуметтік желіде нақты қай спортшы пікір білдіргенін мәлімдеген жоқ.