Алматы облысында ірі майнинг фермасы әшкереленді
Алматы облысында ірі майнинг фермасы әшкереленді
239
оқылды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Алматы облысы Жамбыл ауданында орналасқан ірі майнинг фермасын әшкереледі. Заңсыз әрекет шетелдік инвесторлармен бірлесе отырып, бұрынғы мата зауыты болған "Қарғалы" АҚ аумағында жүзеге асырылғаны хабарланды. Ұйымдастырушылар майнинг фермасы тұтынған электр қуатын тоқыма өндірісі атынан жеңілдетілген тариф бойынша төлеп келген. Тінту кезінде мамандар құны 1 миллиард теңгеден асатын криптовалюта өндіру үшін ірі шифрлау кешені бар 2800-ден астам жабдық тәркіледі.
"Алдын ала бағалау бойынша мемлекетке 131 198 909 теңге мөлшерінде залал келтірілген. Сонымен қатар, майнинг фермасын ұйымдастырушылар "Алатау Жарық Компаниясы" АҚ мен Жамбыл ауданының ЭТА-нің қызметкерлеріне 50 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейінгі сомада пара беріп отырған", – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүріп жатыр, сараптама тағайындалды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сай жария етілмейді.