Әр компаниядан 8 миллион теңгеге дейін жарна жинап келген. Бірақ кәсіпкерді қажытқан мәселелерді тегіс шешуге қауқарсыз болды: 8 жылда түскен 41 мың шағымның жартысын да оң шеше алмаған. Штатында небәрі 230 қызметкері бар ұйымның шығыстары 8,3 миллиард теңгеге дейін шарықтаған. Осының бәрі – «Атамекен» палатасы туралы. Президент сынынан кейін билік оны реформалауға қызу кірісті. ҰКП басшылығы толық дерлік қызметінен кетті. Ал елордада өткен съезде сын қарша борады, біраз жыл беті бүркемеленіп келген жайттар ашық айтылды. «Ұлттық палата бизнес пен биліктің сындарлы диалогін жолға қойды, қолайлы бизнес-ахуалды қалыптастырды. Басымдығы әрқашан бизнес құқығын қорғау болды. Жоғарғы Сотпен, Бас прокуратурамен және Антикормен жұмыс жолға қойылды. Барлық өңірде кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңестері жұмыс істейді» – бұл «Атамекенге» Тимур Құлыбаевтың берген бағасы. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жоғары бақылау органын 8 жыл басқарған ол 2022 жылғы 17 қаңтарда «ҰКП төралқасының сайланған төрағасы өкілеттігінен өз еркімен бас тартты». Ізінше 8 ақпанда, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы ұлттық палатаның реформаланатынын жариялады. Президент маңызды бір мәлімдеме жасады. Бұған дейін «Атамекен» негізінен ірі бизнесті, қаржылық, өнеркәсіптік топтарды, олигархтарды қолдауға басымдық беріп келгені жасырын емес. Өйткені басшылығының өзі сол санатқа жататын, әрі ірі бизнес – палатаның негізгі демеушісі. Ал Қасым-Жомарт Кемелұлы «Атамекенді» қайта форматтап, оның бар-күш жігерін енді «шағын бизнесті қорғап, дамытуға шоғырландыру қажет», – деді: – Отандық бүкіл бизнестің 90%-дан астамын бүгінде шағын компаниялар құрайды. Ұлттық палатаны реформалау кезінде оның функционалын дәл осы шағын бизнесті қолдауға, қорғауға және дамытуға шоғырландырылғаны жөн. Бұл ретте шағын бизнесті міндетті мүшелік жарнадан босату керек, – деді ол. Демек, палата биігінен түсіп, ұсақ және шағын бизнеске жақындауы шарт. Ал аз шоғыр алып бизнес бұдан былай «Атамекен» секілді екі ортадағы делдалсыз-ақ, Үкіметпен тікелей жұмыс істеп, өз мәселелерін шеше алады. Осы мақсатта Президент тапсырмасымен Үкімет жанынан Отандық кәсіпкерлер кеңесі құрылды. Сонымен бірге ірі кәсіпкерлік субъектілері де ҰКП-ға жарна төлеуін жалғастыра бермек.
Жарнаға қанша қаржы кетті?
Айта кету керек, жарна мәселесі кәсіпкерлердің қитығына тиіп келген еді. Мысалы, 2014 жылы бизнесмен Самат Сағиданов барлық кәсіпкерді ұлттық палатаға жарна төлеуге міндеттеуді тоқтатуды талап етіп, Астана мамандандырылған экономикалық сотына талап-арыз түсірді. Оның дәйектеуінше, бұл Ата Заңға қайшы, Конституцияның 26-бабы 4-бөлімінде: «Әркімнің кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне құқығы бар» делінген. Тиісінше, іскер азамат еш ұйымға қосылмай-ақ, заңмен тыйым салынбаған кәсіппен еркін айналысуға қақылы. Жауапты тарап ретінде осы тетікті енгізген Үкімет тартылды, ҰКП – үшінші тарап болды. Әрине, бұдан еш нәтиже шықпады. Судья Б.Сатбаев шағымды қанағаттандырудан бас тартты. Кәсіпкер қазір заңгер болып жұмыс істейді. Ұлттық палатаға мүшелік жарна сол кезде – орта бизнес субъектілері үшін 160 АЕК (296 320 теңге), ірі бизнес үшін – 4 400 АЕК (8 148 800 теңге) көлемінде бекітілді. Дегенмен бұған қарсы отандық бизнестің наразылығы күшейе берді. 2019 жылдың шілдесінде алматылық кәсіпкер палатаның байланыс орталығына қоңырау шалып, жарна жайында не ойлайтынын ашына айтып салған. Ізінше бизнесмен мен «Атамекен» қызметкері арасындағы телефон әңгімесінің жазбасы әлеуметтік желіде тарады. Онда мүшелік жарна «кәсіпкерлік салыққа» айналып кеткені мәлімделген. Осыған түсініктеме берген ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев: «Міндетті мүшелік жарна – салық емес» деп шорт кесті. Бірақ жарна бәрібір бизнеске салығын салатыны құпия емес. Жарнаға қарсы «бас көтерулер» пандемия басталғалы артты. «Маған «Атамекен» ҰКП-дан хат келді. Алғашында қуанып қалдым, ұлттық палата қиын шақта бизнесмендерге қолдау хатын жіберген болар немесе карантин жағдайында бизнесті қалай жүргізу туралы рекомендациялар жолдаған шығар дедім. Өкінішке қарай, олай емес. Кезекті рет 278 355 теңгеге есепшот жіберіпті. Бұл міндетті мүшелік жарна», – деп күрсіне жазды Facebook парақшасында 2020 жылы Санжар Боқаев.Ақша қайда, «Атамекен»?
«Атамекен» ұлттық палатасының ресми мәліметіне жүгінсек, оның 2021 жылғы табысы 8 млрд 381,3 млн теңгені құраған. Оның 5 млрд 537,9 млн теңгесі – міндетті мүшелік жарна. Тағы 1 миллиардқа жуық қаржыны (991,9 млн теңге) «Бизнестің Жол картасы-2025» мембағдарламасынан алған. 1 млрд 772,9 млн теңге – «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мембағдарламасынан келген. 78,6 миллион теңге – білім бағдарламаларына бағалау жүргізу бойынша мемтапсырманы орындаудан тапты. 2022 жылғы 2 ақпанда ҰКП «2021 жылғы қазақстандық ЖОО-лар рейтингін» ұсынған-тын. «Атамекеннің» шығыстары 8 млрд 350,9 млн теңге болды. Соның ішінде 2 млрд 954,7 млн теңгесі – ұлттық палатаның орталық аппаратын ұстап тұруға және оның ағымдағы шығыстарына бағытталыпты. Мысалы, бұл сома Тобыл қаласының бюджетінен (733,3 млн теңге) 4 есе көп!Палата пәрменді бола ма?
18 ақпанда өткен «Атамекеннің» IX кезектен тыс съезінде ұлттық палатаның шағын бизнесті мүшелік жарнадан босататыны туралы жағымды жаңалық жария етілді. Яғни, ҰКП жыл сайын олардан алып отырған 1,2 миллиард теңге шағын кәсіпкерлердің қалтасында қалады. Бұған дейін шағын бизнестің 21 мыңнан астам субъектісі «Атамекенге» жарна төлеуге міндетті болып келді. Бұл – палатаға жарна төлеушілердің жалпы санының 74%-ы. Ал олардан түскен жарна жалпы түсімнің 17%-ын құрады. Яғни, жарнаның басым бөлігін ірі бизнес төлейді. Нәтижесінде, жарна төлеушілер саны 4 есеге – 29 мыңнан 7 мыңға дейін азайды. Бұл ҰКП бюджетінің азаюына соқтырады, сондықтан палата өз шығыстарын қысқартпақ. Дегенмен «Атамекен» төралқасының жаңа төрағасы (бұрын бұл лауазымды Тимур Құлыбаев атқарған) Райымбек Баталов әңгіме тек «міндетті мүшелік жарнаны» жою туралы ғана болғанын ескертті: егер шағын не микро бизнес өкілі ерікті жарна аударғысы келсе, жол ашық. Тек бізде ерікті дегені міндетті болып шығатыны бар. Ертең шағын кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлерге мүддеңді ілгерілеткің келсе, ақша төле демесе болғаны. Съезде Президент бастамасына сәйкес, «Атамекенді» реформалау жайы қарастырылды. Түрлі ұсыныстар пысықталу үстінде. Кәсіпкер Г.Шестаков төралқаны әрбір 2 жыл сайын ауыстырып отыруды ұсынды. Әйтпесе, бұрынғылары табан аудармай, ұзақ жыл жайлады. Айтпақшы, «Атамекенді» 2013 жылдан бері басқарған Абылай Мырзахметов қызметінен кетіп, ҰКП басқарма төрағасының міндетін атқарушы лауазымын Нариман Әбілшайықов иеленді. Ол бұған дейін палатаның бірінші орынбасары болған. Енді «басқарма төрағасы тек 4 жыл ғана болсын» деген шектеу ұсынылып жатыр. Кәсіпкер С.Катнов палата құзырын арттыруды ұсынды: «ҰКП қазіргідей кеңестік-консультативтік емес, реттеуші және норма шығарушы функцияны атқаруы тиіс». Заңнамада кәсіпкерлік бірлестіктің сарапшылық қорытындысынсыз НҚА-лар қабылдана алмайтыны жазылған. Ол – палатаның «оң қорытындысынсыз» бірде-бір заң, Үкімет қаулысы, әкімдердің шешімі және басқасы қабылданбасын дейді. Сарапшылардың байламынша, ондай жағдайда «Атамекен» алпауытқа айналып, Үкіметке қосарлама «кәсіпкерлер Үкіметі» құрылуы мүмкін. «Қазақстанның сауда желілері одағы» басшысының орынбасары Елбегі Әбдиев «палата жұмысына бизнесте жұмыс тәжірибесі бар адамдарды тарту керегіне, себебі ҰКП қызметкерлерінің басым көпшілігі меморгандардың бұрынғы қызметкерлері екеніне» назар аудартты. Ол «Атамекенге» экс-шенеуніктерді жұмысқа алуға болмайтынын айтады. Ж.Әжібаева палата департаменттерінің санын қысқартып, олардың тиімділігін арттыруды ұсынды. Өйткені олардың бәрін бизнес қаржыландыруға мәжбүр. «Қазақстандық регистр» президенті Светлана Заитова «реформаланғаннан кейін болашақта ҰКП-ға шаруашылық қызметтің кез келген түрімен айналысуға тыйым салу керек» деген пікірде. Палата бар күшін бизнесті қорғауға бағыттағаны жөн: «Оның орнына бүгінде ҰКП кадр даярлаудан бастап, сертификаттауға дейінгі әртүрлі нарықта монополиялық-бәсекелі субъектілер ашып алған». Тіпті, несие тарататын микроқаржы ұйымдары бар. Әділін айтқанда, 2013 жылы құрылғалы бері ұлттық палата түк бітірмеді деу әбестік. 8 жыл ішінде ҰКП-ға түскен 41 мың шағым-өтініштің 40%-ы шешімін тапты. Палата бизнес мүддесін қорғау кезінде кәсіпкерлердің, компаниялардың 230,2 млрд теңгесін сақтап қалыпты. Оның сарапшылары 34,3 мың сараптамалық қорытынды берген. Парламент бизнеске қатысты заңнамалық түзетудің 8 пакетін қабылдады. «Атамекен» палатасы қызметін реформалайтын жұмыс тобы ұсыныстарды пысықтауын жалғастыруда. Қоғам мен кәсіпкерлердің сыны өте көп деседі. Тіпті, ҰКП-ны жоюды ұсынған. Әрине, палата сақталады, бірақ бұрынғыдай шалқып өмір сүре алмайды. Бизнес мүддесін нақты қорғау, үнемшілдік, тиімділік, табандылық, өзгерістерге икемділік, бизнеспен диалогке бейімділік – Жаңа Қазақстандағы жаңа «Атамекеннің» басты құндылықтарына айналса керек.