Қаңтардағы бүлік: қолды болған қару қайтарылды ма?
Қаңтардағы бүлік: қолды болған қару қайтарылды ма?
Қаңтар оқиғасының жарасы бүгін-ертең жазылмайтыны анық. Десе де, Үкімет бүлінгенді бү­тіндеп, жапа шеккендерге барынша көмек көрсетіп жатыр. Сондай-ақ қамауға алынған шеруші мен бүлікшінің  аражігін ажыратады. Ең бастысы, ұрланған қару-жа­рақты қайтару үшін құзырлы органдар күшейтілген режимде жұмыс істейді.

Ел қаруды ерікті түрде өткізіп жатыр

Бұл бағыттағы жұмыстарды мықтап қолға алған өңірдің бірі – Жамбыл облысы. Қаңтардағы қақтығыстан кейін облыстық По­лиция департаменті алғашқылар­дың бірі болып  бұқараға үндеу  жол­дады. Тәртіп сақшылары егер кім­де-кім қаруды ерікті түрде өт­кізсе, оның үстінен қылмыстық іс қоз­ғалмайтынын айтты. Бұл бас­тама бірден өз жемісін беріп, Тараз қаласы мен аудандық полиция бөлімдеріне санаулы күнде 40 бір­лік қару-жарақ өткізілді. Мәселен, 13 қаңтар күні жергілікті тұрғын полиция бөліміне хабарласып, қару тауып алғаны туралы айтқан. Оқиға орнына барған полицейлер 3 Калашников автоматы мен 1 да­на гранатомет тапқан. Артынша 14 қаңтар күні Ұлттық ұлан сар­баз­дарының рейдтік шарасы бары­сында «Қарасу» шағынауданын­да­ғы құрылысы тоқтап қалған ны­сан­ның ішінен 3 автомат, 3 дүкен және әскери қалқан мен баскиім анықталды. Дәл осы шағынау­дан­нан №5513 әскери бөлімінің сар­баздары оқ өткізбейтін кеудеше пен жаяу әскердің қорғанысына қажетті бұйымдарды да тапқан-ды. Осылайша, ерекше екпінмен басталған іздестіру шаралары ба­ры­сында Полиция департамен­тінің қызметкерлері Жамбыл ауданы Қостөбе ауылының маңы­нан жер­ге көмілген қару-жарақтың үстінен түсті. Мұнда белгісіз адам­дар 8 бірлік автомат пен оған арналған 17 оқжатар, 1 граната, 12 калибрлі газ-травматтық қару, Krall маркалы мылтық және 1 дана пышақты қапқа салып, жерге кө­міп кеткен.

«Оян Тараз» Telegram парақшасы 4 мың адамды жинаған

Осы сияқты даладан, қаладан, тіпті біреудің қорасынан табылған қару аз болмады. Алайда осы таңға дейін облыстық прокуратура қанша қару-жарақтың қолды болғанын және оның қаншасы қайтарылғаны туралы ақпарат айтпай келген еді. Кеше облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы бірқатар шындықтың бетін ашты. – Бүгінде прокурорлардың басшылығымен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы 157 қылмыстық іс, оның ішінде 10 терроризм актісі, 4 жаппай тәртіпсіздік және 2 кісі өлтіру бойынша істер тергеліп жатыр. Тергеумен бейбіт митингіні арандатқан қылмыскер­лердің іс-әрекетінің ұйымдасқан сипаты анық­талды. Олардың әрекеті әкімшілік ғимараттар мен қару сақ­талатын режимдік нысандарды басып алуға бағытталды. Мақсаттары - аласапыран мен қорқыныш сезімін ұялату. Нақты нұсқаулар беру үшін жастар арасында танымал мессенджерлер мен әлеуметтік желілерді пайдаланып, азаматтардың сезімін жалған патриоттық үндеулермен арбады. 4 қаңтарда Алматы қаласынан «Оян Тараз» Telegram арнасын құрып, лезде 4 мыңға жуық қатысушыны біріктірген облыс тумасы қамауға алынды. Чаттарда құқық қорғау органдарына бағынбауға шақырып, басқа аймақтарда болып жатқан қарулы басып алу мен тонау файлдарын таратқан және «Молотов» коктейльдерін жасаудың қадамдық схемаларын берген 20 қатысушы анықталды. Экстремистік мағына­дағы бейнематериалдар орналас­тырылған «ДВК/Көше» тыйым салынған қозғалысының іздері байқалды. Оның жақтаушылары жағдайды өз көзқарасын іске асыру және деструктивті ықпал ету мақсатында пайдаланған. Сондай-ақ  белсенді арандатушылық сипатта адамдарды жиналуға шақырған қала тұрғыны ұсталды. Ол 5 қаңтарға қараған түні 1000-нан астам азаматты облыстық әкімдікке алып келген. Ұсталғандардың арасында облыстың 6 ауданы мен Алматы қаласының азаматтары бар. Жуалы ауданы мен қала алқаптарынан адам­дарды жинаған тұлғалар да белгілі болды. Митингтер өтіп жатқанын пайдаланып, жекелеген тұлғалар бизнес объектілерін тонап, тауарларды ұрлаған. Тәртіпсіздіктер кезінде ұялы телефондар мен тұрмыстық техниканы ұрлады деп айыпталған 5 адамға қатысты 2 қылмыстық іс сотқа жолданды, - деген облыс прокурорының орынбасары ұсталғандардың әлеуметтік портреттері зерделенгенін жеткізді.

Полиция ғимаратынан 840 қару ұрланған

Нұрбек Ұласбекұлының сөзіне сүйенсек,  ұсталған 12 тұлғаның немесе әрбір бесінші адам  бұрын сотты, ауыр және аса ауыр қылмысы үшін қылмыстық жауапқа тартылған екен. Сонымен қатар тәртіпсіздікті  ұйымдастырушылар арасында ай­мақ­тың танымал ірі кәсіпкері дауыс күшейткіш құрылғыны қолдану арқылы, әкімдік пен «Nur Otan» партиясының ғимараттарына шабуыл жасау кезінде нұсқаулар беріпті. Бүлікті ұйымдастырушылар негізінен шағынаудандар мен жақын маңдағы ауылдардан жастарды жи­на­ған. Оларға кәмелетке толма­ған­дар да қосылған. бүлік Оған дәлел - ұсталғандардың 85 пайызы 29 жасқа дейінгі азаматтар. Жиналғандар алкоголь мен есірткі заттарын пайда­ланған. Қайтыс болған үш адамның қанынан есірткі зат­тары анықталған. Деструктивті күштер мен қыл­мыс­тық орта өкілдері­нің тәртіпсіз­діктерді ұйымдастыруға қатысы бар екені дәлелденіп отыр. Айыпталу­шылардың бірі – деструктивті діни ағым жақтаушысы. Бұл адам жастарды жинап, оларға іс-қимыл тәртібі туралы нұсқаулар берген. Бүлікшілер жаппай тәртіпсіздік кезінде полиция ғимаратынан 840 қаруды қолды қылған.  Бүгінде 237  қару табылып тәркіленсе, қолды болған 603 қару іздестіріліп жатыр. Жаппай тәртіпсіздіктер барысында 277 құқық қорғау қызметкері зардап шексе, екеуі қайтыс болған. Сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаменті­нің бір қызметкері ажал құшып отыр.

Әкесі мен ұлы тез тұтанатын сұйықтық таратқан

Тағы бір айта кетерлігі, қаладағы жаппай тәртіпсіздік кезінде тез тұтанатын сұйықтық таратқан  азамат та ұсталып отыр. Ол – 44 жастағы Алматы облысының тұрғыны. Ұсталған күдікті орталық көше­лерде «Митсубиси» маркалы көлі­гімен бүлікшілерге сұйықтық құйылған шөлмектерді таратқан. Ал ең сорақысы, азаматтың бұл заңсыз әрекетіне баласы жәрдемдескен. Әке мен баланың қылмысы видео айғақ арқылы дәлелденіп отыр. Қолдарына сұйықтық тиген бүлік­шілер оны ғимарат өртеуге пайда­ланғаны да бейнетаспада жазылып қалған. Аталған дерекке қатысты қазір қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған азамат қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде. Алайда күдіктінің ұлына қатысты толыққанды ақпарат айтылған жоқ.

P.S.

Міне, осылайша облыс про­куроры­ның орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы бұған дейін бүркемеленген бірқатар ақпаратпен бөлісті. Әсіресе, 840 қару қолды болып, оның 603-і  іздестіріліп жатқаны алаңдатпай қоймайды.

Өткен аптада  Бас прокуратураның бірінші қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов жаппай тәртіпсіздік кезінде қолды болған 2 мыңнан аса қару әлі күнге табылмай жатқанын ашып айтқан болатын. Оның 603-і Жамбыл облысына тиесілі болса, бұл бағыттағы жұмыс­тарды әлі де ширату керек. Әйтпесе, өңірде «603 адамның қолында заңсыз қару болуы мүмкін» деген  ақпар үрейді үдететіні анық. Сондықтан облыстың барлық құрылымдық  мекемесі жұмыла жұмыс атқарып, соңғы оққа дейін тәркілеп, ел ішіне қайта тыныштық орнатады деп сенеміз.

Жамбыл облысы