Қаңтар оқиғасының жарасы бүгін-ертең жазылмайтыны анық. Десе де, Үкімет бүлінгенді бүтіндеп, жапа шеккендерге барынша көмек көрсетіп жатыр. Сондай-ақ қамауға алынған шеруші мен бүлікшінің аражігін ажыратады. Ең бастысы, ұрланған қару-жарақты қайтару үшін құзырлы органдар күшейтілген режимде жұмыс істейді.
Ел қаруды ерікті түрде өткізіп жатыр
Бұл бағыттағы жұмыстарды мықтап қолға алған өңірдің бірі – Жамбыл облысы. Қаңтардағы қақтығыстан кейін облыстық Полиция департаменті алғашқылардың бірі болып бұқараға үндеу жолдады. Тәртіп сақшылары егер кімде-кім қаруды ерікті түрде өткізсе, оның үстінен қылмыстық іс қозғалмайтынын айтты. Бұл бастама бірден өз жемісін беріп, Тараз қаласы мен аудандық полиция бөлімдеріне санаулы күнде 40 бірлік қару-жарақ өткізілді. Мәселен, 13 қаңтар күні жергілікті тұрғын полиция бөліміне хабарласып, қару тауып алғаны туралы айтқан. Оқиға орнына барған полицейлер 3 Калашников автоматы мен 1 дана гранатомет тапқан. Артынша 14 қаңтар күні Ұлттық ұлан сарбаздарының рейдтік шарасы барысында «Қарасу» шағынауданындағы құрылысы тоқтап қалған нысанның ішінен 3 автомат, 3 дүкен және әскери қалқан мен баскиім анықталды. Дәл осы шағынауданнан №5513 әскери бөлімінің сарбаздары оқ өткізбейтін кеудеше пен жаяу әскердің қорғанысына қажетті бұйымдарды да тапқан-ды. Осылайша, ерекше екпінмен басталған іздестіру шаралары барысында Полиция департаментінің қызметкерлері Жамбыл ауданы Қостөбе ауылының маңынан жерге көмілген қару-жарақтың үстінен түсті. Мұнда белгісіз адамдар 8 бірлік автомат пен оған арналған 17 оқжатар, 1 граната, 12 калибрлі газ-травматтық қару, Krall маркалы мылтық және 1 дана пышақты қапқа салып, жерге көміп кеткен.«Оян Тараз» Telegram парақшасы 4 мың адамды жинаған
Осы сияқты даладан, қаладан, тіпті біреудің қорасынан табылған қару аз болмады. Алайда осы таңға дейін облыстық прокуратура қанша қару-жарақтың қолды болғанын және оның қаншасы қайтарылғаны туралы ақпарат айтпай келген еді. Кеше облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы бірқатар шындықтың бетін ашты. – Бүгінде прокурорлардың басшылығымен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы 157 қылмыстық іс, оның ішінде 10 терроризм актісі, 4 жаппай тәртіпсіздік және 2 кісі өлтіру бойынша істер тергеліп жатыр. Тергеумен бейбіт митингіні арандатқан қылмыскерлердің іс-әрекетінің ұйымдасқан сипаты анықталды. Олардың әрекеті әкімшілік ғимараттар мен қару сақталатын режимдік нысандарды басып алуға бағытталды. Мақсаттары - аласапыран мен қорқыныш сезімін ұялату. Нақты нұсқаулар беру үшін жастар арасында танымал мессенджерлер мен әлеуметтік желілерді пайдаланып, азаматтардың сезімін жалған патриоттық үндеулермен арбады. 4 қаңтарда Алматы қаласынан «Оян Тараз» Telegram арнасын құрып, лезде 4 мыңға жуық қатысушыны біріктірген облыс тумасы қамауға алынды. Чаттарда құқық қорғау органдарына бағынбауға шақырып, басқа аймақтарда болып жатқан қарулы басып алу мен тонау файлдарын таратқан және «Молотов» коктейльдерін жасаудың қадамдық схемаларын берген 20 қатысушы анықталды. Экстремистік мағынадағы бейнематериалдар орналастырылған «ДВК/Көше» тыйым салынған қозғалысының іздері байқалды. Оның жақтаушылары жағдайды өз көзқарасын іске асыру және деструктивті ықпал ету мақсатында пайдаланған. Сондай-ақ белсенді арандатушылық сипатта адамдарды жиналуға шақырған қала тұрғыны ұсталды. Ол 5 қаңтарға қараған түні 1000-нан астам азаматты облыстық әкімдікке алып келген. Ұсталғандардың арасында облыстың 6 ауданы мен Алматы қаласының азаматтары бар. Жуалы ауданы мен қала алқаптарынан адамдарды жинаған тұлғалар да белгілі болды. Митингтер өтіп жатқанын пайдаланып, жекелеген тұлғалар бизнес объектілерін тонап, тауарларды ұрлаған. Тәртіпсіздіктер кезінде ұялы телефондар мен тұрмыстық техниканы ұрлады деп айыпталған 5 адамға қатысты 2 қылмыстық іс сотқа жолданды, - деген облыс прокурорының орынбасары ұсталғандардың әлеуметтік портреттері зерделенгенін жеткізді.Полиция ғимаратынан 840 қару ұрланған
Нұрбек Ұласбекұлының сөзіне сүйенсек, ұсталған 12 тұлғаның немесе әрбір бесінші адам бұрын сотты, ауыр және аса ауыр қылмысы үшін қылмыстық жауапқа тартылған екен. Сонымен қатар тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар арасында аймақтың танымал ірі кәсіпкері дауыс күшейткіш құрылғыны қолдану арқылы, әкімдік пен «Nur Otan» партиясының ғимараттарына шабуыл жасау кезінде нұсқаулар беріпті. Бүлікті ұйымдастырушылар негізінен шағынаудандар мен жақын маңдағы ауылдардан жастарды жинаған. Оларға кәмелетке толмағандар да қосылған.Әкесі мен ұлы тез тұтанатын сұйықтық таратқан
Тағы бір айта кетерлігі, қаладағы жаппай тәртіпсіздік кезінде тез тұтанатын сұйықтық таратқан азамат та ұсталып отыр. Ол – 44 жастағы Алматы облысының тұрғыны. Ұсталған күдікті орталық көшелерде «Митсубиси» маркалы көлігімен бүлікшілерге сұйықтық құйылған шөлмектерді таратқан. Ал ең сорақысы, азаматтың бұл заңсыз әрекетіне баласы жәрдемдескен. Әке мен баланың қылмысы видео айғақ арқылы дәлелденіп отыр. Қолдарына сұйықтық тиген бүлікшілер оны ғимарат өртеуге пайдаланғаны да бейнетаспада жазылып қалған. Аталған дерекке қатысты қазір қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған азамат қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде. Алайда күдіктінің ұлына қатысты толыққанды ақпарат айтылған жоқ.P.S.
Міне, осылайша облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы бұған дейін бүркемеленген бірқатар ақпаратпен бөлісті. Әсіресе, 840 қару қолды болып, оның 603-і іздестіріліп жатқаны алаңдатпай қоймайды.
Өткен аптада Бас прокуратураның бірінші қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов жаппай тәртіпсіздік кезінде қолды болған 2 мыңнан аса қару әлі күнге табылмай жатқанын ашып айтқан болатын. Оның 603-і Жамбыл облысына тиесілі болса, бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де ширату керек. Әйтпесе, өңірде «603 адамның қолында заңсыз қару болуы мүмкін» деген ақпар үрейді үдететіні анық. Сондықтан облыстың барлық құрылымдық мекемесі жұмыла жұмыс атқарып, соңғы оққа дейін тәркілеп, ел ішіне қайта тыныштық орнатады деп сенеміз.
Жамбыл облысы