Таяуда Үкімет арзан несиеге отандық автокөлік алуға тағы бір мүмкіндік беретінін хабарлады. Дегенмен жеңілдігі бар автонесие бағдарламасына көптің көңілі толмай отыр. «Маркасы сапасыз, құны қымбат» дегенді жиі естіп жүрміз. Рас па? Бұған дейін мұндай бағдарлама арқылы отандық көліктер жақсы сатылған еді. Шамасы, ел қазір утильалым мәселесі толық шешілмей тұрғанына өкпелі сияқты. Ал жауаптылар нақты шешім айтуға асықпай отыр.
Біріншіні ысырып, екіншіге ауыстық
Елімізде 2015 жылдан бастап «Нұрлы жол» экономикалық саясаты арқылы отандық көліктерді жеңілдетілген несиемен беруге жол ашылды. Сұраныс болып, соның арқасында автоқұрастырушы зауыттар қоймаларында толып қалған дайын көліктерін сатып, «аман қалғаны» жасырын емес. Көп ұзамай мұндай автонесие беру шараларын Үкімет 4 рет қайталады. Барлығында банктер де, көлік құрастырушылар да бөлінген қыруар қаржыны игеріп отырды. Кейін осы амал әдетке айналды. Мысалы, 2020 жылы елімізде құрастырылған көліктерді жылдық үстемесі 4 пайызбен 7 жылға дейін несиеге алуға болатыны, сол үшін 20 миллиард теңге бөлінетіні жарияланды. Сол жылы жазда Ұлттық банк отандық көлік аламын деушілерге арнап тағы жаңарған несиелеу бағдарламасын қабылдады. 100 миллиард теңге бес жыл ішінде екінші деңгейлі банктерге біртіндеп берілуі тиіс еді. Алайда кейін еш хабар болмай кетті. Былтыр тағы жеңілдетілген автонесиеге 150 миллиард теңге бөлінетіні, ақша алдағы бес жылда екінші деңгейлі банктерге аударылатыны айтылды. Индустрия министрлігі жоспар бойынша 2022 жылы – 30 миллиард, 2023 жылы – 35, 2024 жылы – 40, 2025 жылы 45 миллиард теңге қарастыратынын мәлімдеген. Енді биыл жыл басындағы автокөлікке қатысты утильалым дауынан кейін Үкімет жеңілдетілген автонесиеге 100 миллиард теңге бөлетінін хабарлады. Әдеттегідей арзан несиеге тек отандық көліктерді алуға мүмкіндік берілмек. Дегенмен ел бірінші кезекте автонесие емес, утильалымның төмендегенін күтіп отырған еді. Ал утилизация алымы төмендейді дегенге 1 айдан астам уақыт өтті. Әлі шешім қабылданған жоқ. Созылып бара жатқанына қарап, күмән көбейді. Автонесие тақырыбы утильалымды «ұмыттыру» үшін қозғалғандай көріне ме дедік. Утильалым мәселесін қозғап жүрген сарапшы Нұраддин Садықов күн тәртібіндегі мәселені шешіп алмай тұрып, автонесиені қозғау негізсіз екенін айтып отыр. – Жеңілдетілген автонесие тақырыбы утильалымға қатысты дауды жамап-жасқап, көпшіліктің назарын аударту үшін ойлап табылған деуге толық негіз бар. Бюджеттегі ақшаны халыққа пайыздық мөлшерлемемен автокөлік етіп беру ақылға сыймайды. Оған келісер едік, бірақ көліктің бағасы қандай? Мысалы, Алматыда құрастырылған Hyundai автокөлігін алуға барсаңыз, автосалондар қосалқы бөлшек пен қызметтері үшін негізсіз ақы қосып, сатып алуға міндеттейді. Келісуге мәжбүр боласыз. Бір қызығы, Индустрия министрлігі талай жыл бойы отандық автоөндіріске қолдау жасап келгенімен, бірде-бір рет көзбе-көз барып тексеріс жүргізбегенін әшкере қылдық. Енді дау шыққанда жауаптылар бәрін бақылап отырғандай сыңай көрсетіп, жарнамалап әлек, – деді Садықов. Расымен, отандық көліктердің бағасы аса тиімді емес. Теңге құнсыз болған соң арзан көлік іздеп, қазақстандықтар өзге елдердің нарығына ауып жүр. Мысалы, көрші Ресейден жақсы әрі жаңа хетчбэкті 1 миллионнан аса (шамамен 6 миллионға жуық) рубльге сатып алуға болады. Осы қаржыға әрі кетсе елімізде жасалған седан ғана аласыз. 2020 жылы Өскеменде орналасқан «Азия Авто» зауытында құрастырылған Kia Cerato New седанының бағасы 9,5 миллион теңге тұрған еді, қазір 11 миллионнан асты. Баға тиімді деп айтуға келе ме? Біздің ойымызша, жоқ. Себебі сол баяғы, автоөндіріс деген аты болмаса, мұнда да шетелге тәуелдіміз. Отандық машина жасау саласы импортқа бағынышты. «Атамекен» ұлттық палатасының мәліметінше, автомобиль жасаушылар 1,8 миллиард АҚШ долларының құрал-жабдықтарын шетелден тасып әкеліп, елде құрастырады. Шикізатқа да мұқтаж. Себебі құйма өндірісі, ұсталық өндіріс, ыстық қалыптау сияқты автоөндіріске қажеттінің бәрі дамымай, кенжелеп қалған. Мамандар шағын металлургиялық зауыт тұрғызу үшін 100-150 миллион доллар қажет екенін айтады. Ал металл құю зауытының құрылысы кем дегенде 40 миллион долларға бағаланады. Машина жасаушылардың металға сұранысы жылына 2 миллион тонна. 200 мың тонна құйма тапшы. Отандық көлік құрастырушылар металл мен дайын құйма бұйымдарын Ресей мен Қытайдан алдыртпай, қайтсін? Міне, бірінші кемшілік – осы. [caption id="attachment_184951" align="alignleft" width="1200"]Утильалым құны өзгеріссіз қала ма?
Президенттің тапсырмасынан кейін ақыры жұрт аузында жүрген «ӨКМ Операторы» утилизация алымы үшін ақша жинау құқығынан айырылғанын білеміз. Кейін бұл функцияны мемлекеттік ұйым – «Жасыл даму» АҚ атқаратын болды. Утильалым мөлшерін төмендету жайын текке қозғамадық. Осының алдында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов «Автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникасына салынатын утильалым мөлшерлемесін айтарлықтай азайту жағы қайта қаралып жатыр», – деген болатын. Ал «алымның жаңа мөлшері қанша болу керек?» деген талқылаулар көп өтті. Ұсыныстар айтылды. Дегенмен соңғы шешімді айтуға тиіс Индустрия министрлігі әлі үнсіз отыр. – «Жасыл даму» АҚ мемлекеттік ұйым болған соң министрлік шешімін бағып отыр. Экология министрлігі Индустрия министрлігі «не дейді» деп қарайды. Ал ол ведомство аузын ашпайды. Талай талқыладық, оңтайлы шешімдерді айттық, қорытындылап, ұсынып қойған едік, – дейді Нұраддин Садықов. Қоғам белсенділерінің ұсынысы бойынша, қазіргі утильалым мөлшері 90 пайызға дейін төмендеуі қажет екен. Сонда қазіргі утильалым мөлшері 500 мың-3,5 миллион теңге аралығында болса, 90 пайызын шегерсек, бар болғаны 50-350 мың теңгеге төмендейді. Бірақ бұл іске асар дүние екеніне күмән бар. Кейбір мамандар экономикалық жағын ұмыт қалдырмау керегін айтады. Соның бірі – автосарапшы Олжас Оқас әзірге утильалымға қатысты нақты бірнәрсе айтуға асықпайды. Себебі мемлекет мәселеге байланысты нақты позициясын анықтаған жоқ. – Мемлекет алым бойынша әлі шешім қабылдамағанын білеміз. Мұның экономикалық жағын да ескерген жөн. Түбегейлі жойып немесе тым азайту да керек емес шығар. Әзірге тек ұсыныстар айтылып жатыр. Сондықтан мәселеге нүкте қойылатын күнді күтейік, – деп қысқа қайырды Оқас.ТҮЙІН:
Сонымен, утильалымның не болары беймәлім. Әйтеуір, мемлекет қолдауының арқасында отандық автоөндірушілер мен банктердің тағы «құдайы бермек». Сарапшылар автонесиелендіруден тек мемлекет пен қарапайым қазақстандықтар зардап шегуі мүмкін екенін талай айтқан. Шындығы сол, отандық өнім деп өзгенікін құрастырып бергенді абырой санап жүрміз.