Еліміздегі әлеуметтік сипаты басым қос жинақ Ұлттық қор мен БЖЗҚ – әл-ауқатымыздың индикаторы іспетті. Олардың көбейе түскені, ертеңгі күнге деген сенімді нығайта түседі. Сондықтан да басынан дау арылмай келе жатқан осы екі қор қоғамда түрлі пікірталасқа себеп болып жатады. Мұндағы басты мәселе – олардың тиімсіз басқарылып, негізсіз жұмсалуында. Тіпті, пандемия кезінде бюджет қаражаты жетпейтін болған соң Ұлттық қорға көбірек ауыз салып жібергеніміз рас. Осы жағдайдан шығу үшін Ұлттық банк қос қорды жаңаша басқаруды ұсынып отыр. Ендеше ол қандай жаңашылдық?
Кешенді шара бес бөліктен тұрады
Сонымен, Ұлттық банк қол астындағы екі қорды басқару тиімділігін қалай арттыратыны туралы жария етті. Ашық ақпарат көздерінде ұсынылып отырған шаралар кешені стратегиялық та, тактикалық та сипатқа ие. Естеріңізде болса, былтыр реформалар жөніндегі Жоғарғы кеңес жиынында Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы, қазіргі Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев активтерді басқару стратегиясын одан әрі жетілдіру туралы айтқан болатын. Сол кезде ол жаңа стратегиялық аллокацияға (бағалы қағаздарға сұранысты қанағаттандыру) көшуді аяқтап, инвестициялық процестерге ESG-факторларын (басқару сипаттарының экологиялық, әлеуметтік және әкімшілік жиынтығы) енгізуді қолға алатынын, акциялар портфелін хеджирлеп (тәуекелдерден сақтандыру), активтерді басқару процестерін тереңірек цифрландыратынын айтқан болатын. Енді бүгінде бұл қадамдардың бес бөліктен тұратыны белгілі болды. Осы консервативті аллокациядан тең балансты аллокацияға көшуден соң Ұлттық қордың ұзақмерзімді әлеуетті кірістілігі арта түспек. Зейнетақы қоры туралы да осыны айтуға болады. Оның валюталық бөлігін одан әрі әртараптандыру салымшыларға арналған ликвидтілік пен кірістіліктің талап етілген деңгейін қамтамасыз ету үшін қажетті шарт болады. Ал акциялар портфелін хеджирлеу акциялар нарығы төмендеген жағдайда шығындарды ішінара өтеуге мүмкіндік береді. Ұлттық банктің болжамына сәйкес, 2022-2030 жылдар аралығында Ұлттық қорға 20 млрд доллар түсуі мүмкін. Нәтижесінде, Ұлттық қор қаржысы 100 млрд долларға жетіп қалуы мүмкін. Оның 50 пайызы инвестициялық кірістер есебінен жиналуы тиіс. Әйтсе де, еліміздің қаржыны реттеуге құзіретті басты ұйымының бұл ұсынысы экономист мамандардың көңілінен қатты шығып отырған жоқ сияқты. Олардың бірі – Ұлттық банкті сынға алса, енді бірі жалпы жинақтау жүйесін мемлекеттің араласуынан оқшаулауды ұсынады.1 жылда – 1 пайыз
Биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында салымшылардан 13,1 трлн теңге жиналыпты. 2021 жылғы 1 қаңтардағы көрсеткіш 12,9 трлн теңге болғанын ескерсек, бір жыл ішінде қор ақшасы 1 пайызға, яғни 156,6 млрд теңгеге ұлғайғанын көруге болады. Соның ішінде міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) – 12,7 трлн теңге, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) – 361,0 млрд теңге және ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) – 1,7 млрд теңге. «Бүгінде БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарының саны – 11,7 млн бірлік. Олардың ішінде МЗЖ – 10 871 285, МКЗЖ – 547 136 және ЕЗЖ – 61 604 шот. Салымшылардың жарналарынан басқа, зейнетақы жинақтарының едәуір өсуі таза инвестициялық табыстың арқасында қамтамасыз етілді. Ол бір жылда 1,4 трлн теңгеге жетті. Бұл былтырғы көрсеткіштен 138,2 млрд-қа немесе 11 пайызға артық. Қор активтері бойынша кірістілік 2021 жылдың басынан бері 11,13 пайыз, ал инфляция 8,4 пайыз болды. Осы мерзімде БЖЗҚ салымшысына 2,9 трлн теңге төледі, оның басым бөлігі, яғни 2,6 трлн-ы тұрғын үй жағдайын жақсарту және емдеу мақсатына арналған біржолғы зейнетақы төлемі (БЗТ). Жасына байланысты төлем – 101,4 млрд, сақтандыру ұйымдарына аударым шамамен – 60,5 млрд, мұрагерлік бойынша төлем – 57,5 млрд, Қазақстаннан тыс жерде тұрақты тұруға кеткендерге байланысты төлем – 41,3 млрд, жерлеуге арналған төлем – 5,4 млрд және мүгедектік бойынша төлем 2,2 млрд-ты құраған. Кесте бойынша ай сайынғы орташа төлем сомасы (зейнет жасына толуына байланысты) – 28 471 теңге, ал ай сайынғы ең жоғары төлем сомасы 707 326 теңге болды», – делінген БЗЖҚ баспасөз қызметі таратқан ақпаратта. Қазақстандықтар 2021 жылы шетелге біржолата тұруға бара жатып, зейнетақы қорынан 41,3 млрд теңге ақшасын алып кеткен. Олардың саны 17,3 мың адам болса, 2020 жылы да осы шамада – 18,1 мың адам 36,8 млрд теңгесін алып кеткен. Былтырғы соманың 5,9 млрд теңгесін ұлттық валютада (2 мың салымшы), 33 млрд теңгесін рубльмен (14,5 мың салымшы), 1,5 млрд теңгесін доллармен (343 салымшы), 720 млн теңгесін еуромен 163 салымшы) және 110 млн теңгесін фунт стерлингпен (22 салымшы) шешіп алған.БЗЖҚ-ны Ұлттық банктен алып алу керек
Негізі, әуелгіде мемлекеттің азаматтарды зейнетақымен қамтамасыз етуі сияқты осынау әлеуметтік, ұлттық маңыздағы функциясын жеке қолға беруге халық үзілді-кесілді қарсы болды. Өте көп адамдар наразылық білдірді. Бірақ сол кезде мынадай бір басты дәйек келтірілген болатын. Мемлекет: «Азаматтардың қорға жиналған ақшасы өз еліміздің экономикасына инвестицияланатын болады. Нақты секторды дамытуға, инфрақұрылымға, жолдарға, зауыттар мен фабрикаларға, вокзалдарға инвестиция ретінде жұмсаймыз. Әрі еліміз дамиды, әрі азаматтардың зейнетақы ақшасы өседі», – деді. Ал қазір мұның бірі де жоқ. Керісінше, қордағы ақшаның жартысы – мемлекеттің ішкі қарызы. Сондықтан да оны мемлекет алып кетеді. Үлкен көлемін банктер алды. Бұдан соңғы үлкен бөлігін квазимемлекеттік сектор, монополистер алды. Оған қоса, әкімдіктер де осы тенденцияға үйір бола бастады. Одан қалды БЖЗҚ менеджменті ондағы ақшаны әлемнің кез келген еліне, тіпті сонау Латын Америкасы, Африкаға дейін түсініксіз жобаларға инвестициялап жатыр. Бір сөзбен айтқанда, бұл ақшаның қызығына мардымсыз табыс қана көріп отырған салымшылардан басқалардың барлығы кенеліп отыр. Еліміз де бұл қаржыдан ешқандай дамуға ие болып отырған жоқ. Белгілі қоғам белсендісі Айдар Әлібаевтың пікірі – осы. «Ұлттық банктің ұсынып отырған бастамадан жаңа ештеңе көріп отырған жоқпын. Олар мұны бұған дейін де жасап келді. Бұл жолы тек ақылды сөздер қосып, әдемі сөйлемдермен алдарқатып, миды ашытып отыр. Шындығында, сол баяғыша, дамушы нарықтарға, облигациялық компанияларға, түсініксіз акцияларға инвестиция салғаннан басқа түк те істеп отырған жоқ. Олардың бұл әрекеттерінен елге де, салымшыларға да ешқандай пайда келмейді. Сондықтан Ұлттық банктен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтерін басқару функциясын алу керек. Өйткені олар бұл ақшаны салымшылардың мүддесі үшін де, елдің мүддесі үшін де инвестициялап отырған жоқ. Олардың көрсетіп отырған тиімділігі өте төмен, ел экономикасы ауқымынан алғанда мүлдем жоқ деуге болады», – дейді ол.Қор қызметіне мемлекет қол сұқпауы қажет
Айдар Байдәулетұлының бұл пікірін белгілі экономист-қаржыгер Расул Рысмамбетов те қолдайды. Ол егер бөліп алар болса, онда Ұлттық қорды да қосып алып алу қажет деп санайды. Өйткені Ұлттық банктің өзінің тікелей атқаратын функциялары бар. Қос қордың жұмысы оған қосымша кедергі келтіріп отыр. Сондықтан да бұл қаржы нысандарын өз алдына ұлттық инвестициялық компаниялар ретінде дербес ұйым етіп қайта құру қажет. Бұл – көптен айтылып жүрген мәселе. Онда да болса қызметтері нақты шеңберде реттелуі тиіс. Бір жағы Ұлттық банк те жеңілдеп, онсызда құлдырап бара жатқан экономикаға дұрыстап көңіл бөлуге әкімшілік-функционалдық ресурстары босар еді. Бұл – бас қаржы ұйымын реформалаудың бір жолы. Бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бөлініп шыққан болатын. Ендігі кезек қос қорды босату. «Зейнетақы қорларының ең басты функциясы, ол – өздеріне сеніп тапсырылған қаржыны сақтау және көбейту. Ал біздің жағдайда оның «мемлекеттік бюджетті қолдау» деп аталатын тағы бір функциясы бар. Сондықтан да егер қазір бақылап қарар болсақ, зейнетақы қорының ақшасының жартысы тұрақты түрде мемлекеттік құнды қағаздарды сатып алуға жұмсалып жатыр. Бұл біздегі салық саясатының соншалықты тиімді емес екенімен байланысты. Сол себептен де бюджетке жиі-жиі ақша жетпей жатады. Келесі мәселе – мемлекеттік шығындардың тым негізсіз екенінде. Біз жыл сайын 1-2 млрд доллар қаражатты керек емес жобаларға жұмсап жатамыз. Олардың өзін-өзі ақтамайтыны, тиімсіздігі әу бастан-ақ белгілі. Бірақ сонда да болса, солай жасалады. Менің ойымша, мұның барлығы саяси шешімдердің нәтижесі болуы мүмкін, бірақ солай екені рас», – дейді ол. Расул Ибрагимұлы, Ұлттық банк ұсынып отырған кешенді шаралары жаман емес екенін айтады. Өйткені байырғы модель үшін жаңадан бірдеңе ойлап табу мүмкін емес. Шама келгенше пайызы аз болса да, сенімді жобаларға ақша салу керек. Есесіне, ақша ұзақ сақталатын болады. Көп ретте, зейнетақы қорлары тәуекелдерді әртараптандыру үшін ел аумағынан тыс инвестициялап жатады. Бірақ бізде ондай жағдай аз. Өйткені қаражаттың жартысы мемлекеттік бағалы қағаздарды (МБҚ) сатып алуға кетіп отыр. Кейбір зейнетақы қорларының тіпті криптовалютаға ақша салып отырғанын ескерсек, оның қасында Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына ақша салуы – одан да тәуекелі жоғары инвестиция. Әйтсе де, қордың 5 пайызын тәуекелі жоғары, бірақ тез табыс әкелетін жобаларға да салып тұрған дұрыс.