Құмаройын құрдымы
Құмаройын құрдымы
424
оқылды
Құмарлықтың құрығына түсіп, шырғалаңға шатылған жанды құтқару – қиынның қиыны. Кейбір дерекке сенсек, елімізде 350 мыңнан аса азамат құмаройынның жетегінде кеткен. Алда-жалда бірлі-жарымды құмарпаздың қанжығасы майланғанның өзінде, бұдан казино да, букмекерлік кеңселердің де мұртын балта шаппайды. Ойынханалардың табалдырығын аттамай-ақ желідегі жарнамасына желігіп, кейін «сүрініп кетіп, бүлініп жүрген тағ­дырлар» сорлап қалады. Диагнозы «лудамания» деп аталатын дертке шалдық­қан­дардың 40 пайызы өз-өзіне қол жұмсайды екен. Құмаройынға неге тоқтам жоқ?

ЖЕМТІГІН ЖЕЛІДЕН ІЗДЕЙДІ

YouTube-тан қалағаныңды кө­рейін десең, қызылды-жасылды жар­намасы жарқырап, сан түрлі казино мен букмекерлік ұйымдар көз алдыңа менмұндалап тұрады да қалады. 2007 жылғы қаңтарда ка­зино атаулыны резервацияларда оқшаулаған «Ойын бизнесі тура­лы» заң қабылданған тұста букме­керлер тыс қалды. Казинолар жа­былғаны сол екен, букмекер­лердің жұмысы қыза түсті. Жабылған казинолардың орнына құрылып, сол маңды айналсоқтап үйренген клиенттерге құшағын ашты. Со­сын тек спортпен шектелмей, кез кел­ген оқиғаға бәс қабылдай бас­тады. Содан бері Бурабай мен Қап­шағайды жерсінбей, жемтігін желіден іздеуге көшті. Әрине, жарнамасына бәрі бір­дей иланбас десек те, бірді-екілі адам қызығушылықпен сілтемеге бас сұғуы әбден мүмкін. Сол қы­зы­ғушылық талайлардың қаржы­лық әрі моральдық-психологиялық ахуа­лына қомақты нұқсан кел­ті­реді. 2 жыл бұрын құмаройынның құры­ғынан әрең шыққан Жандос Са­мал­беков сондай сәтте әлі күнге дейін елең ете қалатынын жасыр­мады. Ке­зінде туыстары мен дос­т­арының атынан несие алыпты. Бүгінде ба­сын­дағы қарызы 7 мил­лион тең­ге­ден асып жығылады. Жарнаманы көр­­ген кезде қаншама ем-дом жаса­ғанын еске алып, ата-анасын ойлайды. «Құмаройынға салынғандар ара­сынан 18-ден жаңа асқан бой­жеткендер мен зейнет жасындағы әжелерді де кезіктіруге болады. Ми­нут сайын 5-10 мың теңгесінен қа­ғы­лады. Қазір бәрін түсінемін. Туыс­тарымның арасында тәуелді адамдар бар екен. Басында жай қызығушылық деп жүрдім. Кейін ойыннан шыға алмай қалдым. Құ­маройындардың жарнамасы өте көп, күнде көз алдымнан өтеді. Ақша жетпей қалғанда, біреуге рен­жісем, бәс тіккім келіп кетеді. Өмірге деген өкпемді ақшамды жел­ге ұшырып, өзімді әбден жер қы­лып шығаратын сияқтымын», – дейді Ж.Самалбеков. Құмаройынның шырмауына түскендердің дені – 25-35 жас ара­лығындағы жастар. Елорда тұрғы­ны Алмасбек Бекжанов та өзінің ара-тұра ойнап тұратынын жа­сырмады. «Мен хобби ретінде ойнаймын. Көп ақша тікпеймін. 500, 1000 тең­ге. Айына 1-ақ рет. Шүкір, сол ақ­шамды 4-5 есе шығарып аламын. Жеңіл жолмен келген ақша жеңіл кетуі керек. Садақаға жұмсаймын немесе балаларды қыдыртамын. Kcell компаниясының бұрынғы топ-менеджерінің 450 миллион теңгені жымқырып, оны букме­кер­лік кеңселерде ұтылып қалға­нын естігенмін. Өйткені жеңіл жол­мен келген ақшаның берекесі болмайды», – дейді ол. Ақшаны қарызға алып, артын­ша құмаройынға ұтылған Лең­гір­дің тұрғыны есіңізде ме? 30 жас­тағы азамат үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Құзырлы орган­дарға анасы арызданыпты. Іздеу жұмыстары 1 аптаға созылып, Түр­кістан полицейлері жоғалған жігітті Алматы қаласында жүрген жерінен тапқан еді. Сөйтсе, ол 75 миллион теңге қарыз алып, бәрін құмаройынға тіккен екен. Қарызға алған ақшасын қайтара алмаған­дықтан, Алматы қаласына қашып кетуге шешім қабылдаған. Ал құ­маройынды 20 жылға жуық ойнап келген маңғыстаулық Әсет есімді азамат ойынның нүктесін букме­кер­лік кеңсені өртеу арқылы қой­ды. Өз әрекетін ұялы телефонға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеді. Видеосы желіде желдей есіп, қо­ғамдық резонанс тудырды. Ол құ­маройынмен әуестенген уақыт­тан бері ұтысқа 200 миллион теңге тігіп, әбден опық жеген. Осы тектес оқиға Қарағандыда да болған. Ер адам 90 мың теңгені ойын автоматына ұтылып, артын­ша автоматты сындырып, өзіне тие­сілі ақшаны қайтарып алған. Бірақ артық қаражатқа тиіспепті. Ер адам өз кінәсін мойындап, полицияға өз еркімен келгеніне және келтірілген шығынды өтеуге дайын екеніне қарамастан, оған қарсы қылмыстық іс қозғалды. Жалпы лудомания – әлеумет­тік, материалдық, кәсіби және от­ба­сылық құндылықтардың тө­мендеуіне әкеліп соғатын пато­ло­гиялық ойынқұмарлық. Бәс тігу­шілер ұтылған замат «енді ойна­маймын» деп өзіне сөз берсе де, қайта құмартып тұратыны белгілі. Оны толығымен емдеуге бола ма?

ЕМДЕЛЕ МЕ?

Құмаройындарға салыну адам жанын қатты жаралайды. Komek­centеr құмаройын мен ішімдікке салынғандарды емдейтін орталық директоры, психолог Нұрлыбек Тұрсынбековтың айтуынша, ауру адам таңдамайтынын, жан-жақты, кешенді ем жүргізілмесе, одан құтылу мүмкін емесін айтты. «Емі психотерапия саласында жатыр. Аурухана жағдайында жүр­гізіледі. Аддиктолог, психоте­ра­певт, психолог, әлеуметтанушы, пе­дагог мамандар бірге жұмыс іс­тейді. Ем 5 айдан 8 айға созылады. Құмаройынға салынған ер-азамат­тарды алып қарасақ, көбі жеткін­шек кезінде бастаған. Ал әйелдер­дің басым бөлігі 30 жастан кейін келген. Кейін орталықта волонтер болып жұмыс істеуіне мүмкіндік береміз. Арасында мемлекеттік қыз­­меткерлер бар. Әскери сала мамандары, спортшылар өте көп. Мұны кедейлердің болмаса бай­лардың ауруы деу қате. Дерттің ас­тарында психологиялық фак­тор­лар жатыр. Қазір ойынқұмар­лық бойынша 50 адам ем алып жатыр. 10 жылда 5 мың адамды аяқ­қа тұр­ғыздық», – дейді Н.Тұрсынбеков.

ЗАҢ ТОЛЫҚТЫРУДЫ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ

Биыл құмаройынға қызығушы­лар тағы артқан. Ұтыс тігушілердің көшін алматылықтар бастап тұр. Олардан Алматы облысы мен Нұр-Сұлтан тұрғындары да қалы­с­пай­ды. 2020 жылдың алғашқы айынан соңғы тоқсанына дейін букме­керлік компаниялардың қалтасына 59,3 миллиард теңге түсіпті. Ал 2021 жылдың алғашқы айында абсолюттік рекорд орнатқан. Сала сәуегейлерінің сөзінше, мұндай оқиға Қазақстан тарихында бұ­рын-соңды болмаған. Пандемия ке­зеңінде құмаройынға қызығу­шы­л­ар соңғы екі жылдағы көрсет­кіш­пен салыстырғанда 6 есе өсіп кеткен. Қалтасындағы барын са­лып, «бәлкім ұтып қалармын» деп бәс тіккендерден 1 жылдың ішінде букмекерлік компаниялар 79 миллиард теңгеге байыған. Елімізде 350 мыңнан астам аза­мат құмаройынға салынған. Та­­лайлар несиеге кіріп, талай от­басы ойрандалды. Бар дүние-мүл­кінен түгел айырылып жатқандар қан­шама? Ең сорақасы – бір ойын­шы­ның қарызы 10 млн тең­ге. «Жар­нама туралы» қолда­ныс­тағы заңға сәйкес, казино мен ин­тернет казино қызметтерін жар­намалауға тыйым салынады. Бірақ букме­кер­лік кеңселердің қыз­меттерін жар­намалауға тіке­лей тыйым жоқ. Сон­дықтан мұн­дай компания­лар­дың жарна­ма­лары интернетте агрессивті түрде жарияланады. Сенатор Дана Нұр­­жігіт осы фактіні ескере отырып, букмекерлік ком­панияларды жар­­намалауға толық тыйым салу бойынша қолда­ныс­тағы заңна­маға тиісті өзгерістер енгізу қажет екенін айтты. «Елімізде арнайы лицензия арқылы 7 казино, 30 букмекерлік ком­пания жұмыс істейді. Осы са­ла­дағы ақша айналымы 170 мил­лиард теңгені құрайды. Алайда Үкі­мет әлеуметтік проблемаларды ше­шуге 2021-2023 жылдарға рес­пуб­ликалық бюджеттің 50 пайы­зын қарастырған, бұл – үш жылда 23,4 триллион теңге. Енді цифр­лар­ды салыстыра келе құмаройын­дардың бюджетке төлеп отырған салығына қарамастан, әлеуметке келтіріп отырған зияны әлдеқайда көп екенін түсінесіздер, – деді Да­на Нұржігіт.

ТҮБІНДЕ ЖЕҢЕМ ДЕСЕҢ, ТҮБІҢЕ ЖЕТЕДІ

Ойында ұтылғандар көбіне әділ­дік жоқ ашынады. Бірақ олар о баста жұрттың ақшасына еселеп баюды мақсат тұтқан ойынханалар мен букмекерлік кеңселерден әділдік іздей ме? Оңай ақша жүр­ген жерде алаяқтардың қулығына құрық байламайды. Мәселен, был­тыр «Олимп» букмекері ісіне қа­тысты сотталушылар 5-тен 8,5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сотта­лушылар 2014 жылдың қаңтар айы­нан бастап қылмыспен айна­лысып, әрқайсысы өзіне тиесілі рөлді атқарған. Электронды кази­ноны «Олимп» БК сайтымен бірік­тіру; алынған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру, оларды шетел валютасына айырбастау, Қа­зақстаннан тыс жерлерге экс­порттау үшін курьерлерге аудару, сондай-ақ оларды заңдастыру. Олар­дың қылмыстық жолмен тап­қан мүлкі тәркіленіп, мемлекет пайдасына 95 млрд теңге көлемінде материалдық шығын өндірілді.

КӨРШІ ЕЛ ҚАЛАЙ КҮРЕСЕДІ?

Бүгінгі мәселе – букмекерлік кеңселердің заманауи сипатқа ойы­сып, ұялы телефондарда қол­жетімді болуы. Тексеріс болмайтын жүйе арқылы мектеп жасындағы балалар да спорттық ойындарға бәс тігіп жүр. Батыс елдерінің біразында бәс тігуге қатаң тыйым салынған, АҚШ-тың бірнеше штатында ғана рұқсат етілген. Мүлдем тыйым сал­ған Оңтүстік және Солтүстік Ко­рея, Қытай, Түркия мен Из­раиль, Сауд Арабия мемлекеттері. Ал бізде букмекерлік кеңселердің саны күн өткен сайын көбейіп ке­леді. Қы­тайда соңғы 5 жылда құ­маройынға салынғандар қатары 700 миллион адаммен толығыпты. Індет келгелі бұл кәсіптің көркі одан сайын қыза түскен. Сондық­тан Қытай үкіметі ойынқұ­мар­лық­пен күресті мектеп­тен бастады. 2021 жылдан бастап Қытайда оқу­шылар компьютерлік ойындарды аптасына үш сағат, жұма, сенбі және жексенбі және мереке күндері бір сағаттан ойнай алады. Оның ішінде тек 20.00-ден 21.00-ге дейін ғана. Бізде ше? Әлі тілі шықпаған сәби де қолындағы ұялы телефон­дағы түрлі ойынға есі кете алдана­ды. Ата-анасы қолы қалт ете қалса, смартфонға үңілсе, ал балалары күні-түні қолынан тастамайды. Қы­тайдағы қатаң заң бізге де керек сияқты. Өйткені үлкендер 30 се­кунд­тық құмаройынның жарнама­сын жылжытып тастар, ал балалар қызық көріп, жемтігін іздегендер­дің жарнамасына сеніп қалуы мүмкін. Баланы уату үшін қолына телефон ұстатып, құмаройынға бейімдеп жатқан жоқ па екенбіз?!