Естеріңізде болса, осыдан 2,5 жыл бұрын Шымкент қаласындағы белгілі трансплантологтер Абылай Донбай мен Ғани Құттымұратов ұсталып, қамалған болатын. Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі оларды адам ағзасын заңсыз алу күдігіне ілікті деп хабарлады. Оларға трансұлттық қылмыстық топқа қатысты, адам ағзасын заңсыз алу және жалған құжаттар жасады деген айып тақты.
2019 жылы болған бұл атышулы оқиға қоғамда үлкен талқыға түсті. Себебі бұл кез Шымкентте бүйрек және бауыр трансплантациясы дамып келе жатқан тұс болатын. Ал қолына кісен салынған дәрігерлер қолдан-қолға тимей, бүйрек жетіспеушілігінен зардап шегіп жүрген талай жанға өмір сыйлап жүрген. Еліміздің түкпір-түкпірінен, тіпті Шымкентте медициналық туризмнің негізі қалыптасып, шетелден келіп ота жасатып жатқандар көп болды. Өкініштісі сол, айыптауға да шетелден келгендер себеп болған секілді.Тағылған айып дәлелденбеді
Ішкі істер министрлігі сотқа дейінгі тергеу барысында 2017-2018 жылдары шетел азаматтарының Қазақстан аумағында адам азғаларын сату бойынша әрекет етіп келгенін анықтайды. Олар тұрмыстық ауыр жағдайға тап болған өзбек, қырғыз және украина азаматтарының ағзаларын сатып алып, израильдік және басқа да қалталы шетелдік реципиенттерге сатып жүрген. Ал «Абылай Донбай мен Ғани Құттымұратов осынау қылмыстық топ мүшелерінің әрекеттерін білсе де, олармен алдын ала ымыраласу арқылы заңнамада тыйым салынғанына қарамастан қомақты ақшалай сыйақыға бүйректі алу және қайта салу заңсыз операцияарын жүргізген» деп айыпталды. Сол кезде қылмыстық топтың мүшесі ретінде қырғыз елінің азаматшасы Б.Тайсалова да ұсталды. Алайда бір жылға созылған істі қарау барысында Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық соты айыпталушыларды кінәсіз деп таныды. Екі трансплантолог та ақталып шықты. Ал басты фигурант қырғыз азаматшасы Бермет Тайсалова 6 жыл 8 айға сотталған. Тайсалова Қазақстандағы медицина ұйымдарында ағза алмастыру бойынша ота өткізу үшін жалған құжат жасаумен айналысыпты. Трансплантолог мамандар құжаттардың заңсыз екенін білмеген және қызмет ақысы медициналық мекеменің есеп бөлімі арқылы жүргендігі дәлелденген. Алайда Құттымұратов жасаған отаның бірінде науқастардың бірі ВИЧ жұқтырғаны белгілі болып, судья өз міндетін тиісінше орындамағаны үшін дәрігерді 2,5 жылға бас бостандығынан айырды. Бірақ көп ұзамай ол да босап шықты.Хирургтерден қолыңды тарт
Осымен іс жабылған болатын. Жуырда республикалық «Өмір сыйы» трансплантация пациенттері қауымдастығының президенті Сандуғаш Орынбаева әлеуметтік желісіндегі парақшасына «Хирургтерден қолыңды тарт! Олар біздің баға жетпес өмірімізді сақтап қалатын жай ғана дәрігерлер» деген ұранмен қоғамға үндеу жариялады. Онда бір жыл бұрын соттың ақтап шығарған шешімін Бас прокуратура қайта қозғап, Жоғарғы Сотта қаралатынын жазды. «Дәл қазір елдегі қиын жағдай кезінде олардың айналысатын басқа шаруасы жоқ па? Әлде ақтау үкімінен соң жазалануы тиіс өз ісіне салғырт қараған прокурорлар мен тергеушілерді жазаламаудың әрекеті ме? Прокурорлар мен тергеушілер хирургтерімізді трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы бар деп, медицина қайраткерлерінен бастап жоғары шенді азаматтарды, тіпті қарапайым дәрігерлер мен медбикелерге дейін жауапқа тартып, сот-медициналық сараптамалар тағайындап, тергеушілер шетелге дейін іссапарға шықты. Осылайша, сот тергеу тарапынан өрескел заңбұзушылықтарға барды. Нәтижесінде, 1 жылдан аса қамауда отырған трансплантологтеріміздің ешқандай кінәсі дәлелденбей, толық ақталып шықты. Енді келіп қайтадан осынша әуре-сарсаңға түсірмекші» деп ашынды қауымдастық президенті. Сондай-ақ олар жауапқа тартылып жатқанда ағза ауыстыру шараларының күрт төмендегенін, кезек күтіп қайтыс болған науқастардың саны 300 адамға жеткенін, осындай орынсыз қудалаудан қорыққан өзге де алтын қолды хирургтердің мамандығынан бас тартқанын және шетелге кету дерегінің көбейгенін, трансплантацияға мұқтаж жандардың Қазақстаннан үмітін үзіп, өзге елге кетіп жатқандардың көбейгенін тілге тиек етеді. Бәрінен бұрын кінәсіз жандарды «ұсталып, қамалды» деп жарияға жар салып, оларға моральдық тұрғыдан зор зардап әкелгенін де айтады. Ал «Ұлттық ғылыми кадиохирургия орталығы» АҚ өкілі Сәуле Шайсултанова трансплантолог дәрігерлерге қатысты қылмыстық іс осы саланың дамуына едәуір нұқсан келтіргенін, халықтың сенімінің азайғанын жеткізген. 2022 жылдың қаңтарының өзінде кезек күткен 29 адам бақилық болыпты. Қазір 3 500 адам ағзасын ауыстыру үшін кезекте тұрса, олардың саны жыл сайын артып келеді.Ішкі істер министрлігінің дәрігерлерде өші бар ма?
Сот шешімімен ақталып, Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының бас дәрігері қызметіне қайта кіріскен белгілі дәрігер Абылай Донбай бұл істің қайта қаралып жатқанын растап, 22 ақпанға бірінші сот отырысының тағайындалғанын атап өтті. «Бір жыл бойы жүргізілген сот отырыстарында Ішкі істер министрлігі таққан бірде-бір айып дәлелденбеді. Трансұлттық қылмыстық топ деген бап болуы үшін біз өзге елдерде де қылмыс жасауымыз керек екен. Басқа баптар бойынша да дерек жоқ. Жалпы, адам ағзасын ауыстырудың өзіндік шарттары, талаптары бар. Біз бір адамға бағынуымыз керек. ҚР заңдарына сай жасалған отаға 40 шақты адам қатысқан. Біз бүгінде марқұм болып кеткен ұстазымыз Мәди Биғалиевтың тапсырмасымен жұмыс істедік. Ал бізді «сол отаның жетекшісі болғансыңдар, ақша алғансыңдар» деп айыптады. Донор мен реципиент арасында нотариус арқылы өзара келісім жасалып, ота үшін ақша кассаға төленген. Олар тіпті еліміздің азаматтары емес, шетелдіктер. Істің неге қайта көтерілгенін түсінбей отырмыз. ІІМ-нің дәрігерлерден ала алмай жүрген өші бар сияқты. Біз өз жұмысымызды істеп жүрген қарапайым дәрігерміз. «Хабарласқансыңдар, байласқансыңдар» деп жала жаба берді. ІІМ қайта-қайта прокуратураға хат жазып, қайта көтертті. Енді тағы бір нәрсені тауып алып, әуре-сарсаңға салғалы отыр», – деп күйінді дәрігер. Ал Шымкент трансплантология орталығына айналады деген билік әзірге тып-тыныш. Дәл мұндай қудалаумен медицина, тіпті медицина туризмі де дамымайды. Олар бұдан кейін хирургиялық жолмен адам жанын арашалап қалу үшін тәуекелге баруға қорқатыны сөзсіз. 2017-2020 жылдары Қазақстаннан 4 259 медицина қызметкері шетелге кетіпті. 2021 жылдың бірінші тоқсанында тағы 186 дәрігер басқа елдерге тұрақтаған. Депутат Ғалымжан Елеуов Денсаулық сақтау министріне жолдаған сауалындағы айтылған деректемелердің біреуі дәрігерлердің үстінен қозғалған қылмыстық істердің сапасыз тергелуі, дәлелдемелік базаның нашарлығы, олардың құқығының жиі бұзылуына алып келетінін айтты. Айта кетейік, Шымкентте бүйрек трансплантациясы 2014 жылы басталып, осы уақытқа дейін 180 науқасқа ота жасалған. Жыл сайын 30-40 адамға бүйрек ауыстырылады. Бірақ дәрігерлер жауапқа тартылған жылдары екі-ақ адамға ота жасалған. Өңірде жалпы 1 076 адам бүйрек, 150 жан бауыр трансплантациясына мұқтаж. Биыл 12 бауыр, 35 бүйрек ауыстыру жоспарланған. Алайда осы отаны жасайтын трансплантологтер қудалана берсе, мұның бәрі жоспар күйінде қалмақ...Шымкент қаласы