«Әулиеата жастары»: холдингтердің жайбасарлығынан жастар әлі үйсіз

«Әулиеата жастары»: холдингтердің жайбасарлығынан жастар әлі үйсіз

М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепберген оқу орнының студенттерімен кездесті. Басқосуды ашып жүргізген университет ректоры Талғат Ешенқұлов кездесудің мән-маңызына кеңінен тоқталды.  Бұдан кейін халық қалаулысы жастармен түрлі тақырып төңірегінде әңгіме өрбітті. – Кешегі қаңтар оқиғасы бізге көп нәрсені аңғартты. Енді осыдан сабақ алып, қай салада болса да кем-кетіктерімізді түзеуіміз қажет. Жастар – қоғамның қозғаушы күші болғандықтан бұл мәселеге бейтараптық танытпағандары жөн. Бұлардың көкейіндегі мәселелерді шешу арқылы мемлекетімізде қордаланған жайттардың біразының түйінін тарқата аламыз, – деді Мейрамбек Мылтықбайұлы. Жастар да өз кезегінде көкейдегі сауалдарын жолдады. Мәселен, университет білімгері Ербол Тілепбаев шет елден келіп білім алатын студенттердің мәселесін көтерді. – Бүгінде Дулати университетінде Түрікменстан, Моңғолия, Қытай секілді мемлекеттерден келіп оқып жатқан жастардың қарасы қалың. Студент болған соң қаржыдан тапшылық болатыны белгілі. Алайда олар шетел азаматы болғандықтан қосымша жұмыс істей алмайды. Соның салдарынан көптеген қиындыққа тап болуда. Осы мәселені реттеуге көмектессеңіз, – деді студент. Ал «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегері Жасұлан Дүйсени болса студенттердің өз кәсібін ашып, бизнес бастауына мүмкіндік берілгенін қалайды екен. – Замандастарымның көпшілігі кәсіпкер болғысы келеді. Бұл заманның талабы екені белгілі. Алайда олар оқу орнының студенті болғандықтан мемлекет тарапынан идеяларын жүзеге асыруға ешқандай демеу көрсетілмейді. Сол үшін қолданыстағы бағдарламаларға өзгеріс енгізіп немесе жаңасын әзірлеп, осы мәселеге назар аударылса нұр үстіне нұр болар еді, – дейді ол. Жастарды мұқият тыңдаған депутат барлық мәселелер назарға алынатынын жеткізді. Бұған қоса Парламент Мәжілісінің депутаттары Ильяс Буларов, Гүлдара Нұрымова және Нәзилә Раззақ та жастармен кездесіп, ой-пікірлерін тыңдаған болатын. Жиын барысында облыстық мәслихат депутаты Уәлихан Болатбек «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасы мен өңірдегі кадр тапшылығы мәселесін көтерді. – Былтыр жастар саясаты мәселелері басқармасы «Әулиеата жастары» бағдарламасын әзірлеп,  облыстық мәслихаттың қарауына ұсынды. Бағдарламаның басты ерекшелігі  жастар тек облыс орталығы ғана емес аудандарда орналасқан баспаналарға да  қол жеткізе алады. Жергілікті депутаттар қолдаған соң бағдарламаға 500 миллион теңге қаражат қарастырылды. Соған орай биыл 50 жасты тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда. «Отбасы» банкі бағдарламаны мақұлдап, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингіне жіберген болатын. Алайда арада 2 айға жуық уақыт өтсе де аталған холдингтен ешқандай жауап келмей отыр. Соның салдарынан бағдарламаның жүзеге асырылуы кешеуілдеуде. Содан соң тағы бір айта кетерлігі, шалғай ауылдарда кадр тапшылығы қатты байқалуда. Мәселен, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы негізінде елдімекендерге аттанған жастардың көпшілігі кері қайтуға мәжбүр. Өйткені оларға мемлекет тарапынан берілетін көтерме жәрдемақы баспана алуға мүлде жетпейді.  Соның кесірінен маман тапшылығы туындауда. Әсіресе, аудан орталықтарында орналасқан «Жастар ресурстық орталықтарында» бұл мәселе аса күрделі болып тұр. Оның тағы бір себебі – еңбекақының аздығы. Мардымсыз жалақыға күнелте алмайтын болғандықтан бүгін ғана жұмысқа орналасқан маман ертең қызметін тастауға мәжбүр. Осы мәселелерді назарға алып, қолдау көрсетулеріңізді сұранамын, – деді Уәлихан Болатбек. Халық қалаулылары өз кезегінде көтерілген мәселелер бойынша Үкіметке депутаттық сауал жолдайтындарын айтты.