Түркияға аттанды
Түркияға аттанды
252
оқылды
Түркияның Ыстанбұл қаласында 24 ақпанда Олимпиада және әлем чемпионы, Еуропа біріншілігінің үш дүркін жеңімпазы Яшар Доғуды еске алуға  арналған халықаралық турнир басталады. Рейтингтік жарыста Қазақ­стан­ның туы астында 28 грек-рим күресі шебері өнер көрсетеді. Бозкілемге шығатындар арасында Айдос Сұлтанғали (60 келі), Мейіржан Шермаханбет (67 келі) және Демеу Жадыраев (77 келі) сияқты балуандар бар. Олардың үшеуі де әр жылдары дүниежүзілік додаларда жүлде алған. Атап айтсақ, Демеу осыдан бес жыл бұрын Францияның астанасы – Парижде күміспен күптелсе, Айдос пен Мейіржан 2018 жылы Мажарстанның бас шаһары – Будапештте қолаға қол созды. Азия чемпионатында атой салған Сұлтан Әсетұлы (67 келі), Мақсат Ережепов пен Темірлан Шадукаев (77 келі), Азамат Күстібаев пен Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі) және Әлімхан Сыздықовқа да (130 келі) үлкен сенім артылып отыр. Осы сақа спорт­шыларымыздан бөлек, бұл бәсекеде бір шоғыр дарынды жас та бозкілемге шығып, өз өнер­лерін ортаға салады.