Мәдениет министрлігі жаңа мереке ұсынды. Елде «22 қазан – Кітапханашы күні» деген кәсіби мереке пайда болмақ. Алайда кітапханашылардың мейрамдататын жағдайы жоқ. Жалақысы төмен, мәртебесі техникалық персоналға тең. Сонымен бірге олар жүк түсіруші, сұрыптаушы, курьер, сан алуан бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырушы, баспасөз хатшысы секілді ақысы төленбейтін қызметтерді қоса атқаруға мәжбүр.
Жұпыны жағдай имиджді ойлатпайды
Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақстандағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» 2017 жылғы 31 қазандағы №689 қаулыға толықтыру енгізетін Үкіметтің жаңа қаулысының жобасын әзірлеп, қоғам талқысына шығарды. Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа түсіндірме жазбасында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев бұл бастама вице-премьер Ералы Тоғжановтың 2021 жылғы 5 тамызда берген тапсырмасына сәйкес көтеріліп отырғанын жазды. Бұған қоса, 2021 жылғы 24 тамызда Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова №270 бұйрығымен «Қазақстанда кітапханаларға оқырмандарды тарту және кітап оқуды насихаттау жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын» бекітіпті. Соның 67-тармағында кітапханашылардың төл мерекесін белгілеу көзделген екен. «Жобаның мақсаты – кітапханашы мамандығының имиджін көтеру және оны кәсіби аренада ынталандыру», – дейді Д.Абаев. Бұл кәсіптің беделі де, мамандық иелерінің ынта-ықыласы да жалақы өспей, көтерілмейді. Мысалы, ауыл мектептерінде мұғалімдер өз жалақысына 25% үстемеақы алады. Ал «ауылдық үстемеден» еден жуушы, күзетші секілді техникалық персоналмен бірге кітапханашылар да қағылған. Көкшетау тұрғыны Диана 30 жылдық өтілі бар анасының мектеп кітапханашысы болып қызмет атқаратынын айтады. Білімі – жоғары. «Салықтары мен жарналарын шегергенде қолына алатын жалақысы – 85 мың теңге. Бұл мамандарға мемлекет неге сонша аз төлейді? Ертеден қара кешке дейін еңбек етеді, мектептегі түрлі іс-шараларды ұйымдастыру соған жүктелген. Бүкіл мектептің кітап қоры – соның мойнында. Ол да оқушылармен жұмыс істейді. Бірақ педагогтердің еңбегі жоғары бағаланады. «Неге жоғарыға шағымданбайсыздар?» десем, қорқады. Әрі одан нәтиже шықпасына сенімді. Себебі бүкіл қалада 45 кітапхана қызметкері ғана қалған, үлкен резонанс тудыра алмайды. Директор шуладың деп қуып жіберуі мүмкін. Сонда билік наразылық білдірмеген адамдарға назар аудармай ма?», – дейді ол.Парадокс «тұзағындағы» кәсіп
Қарағанды қаласының Нұркен Әбдіров атындағы жалпы білім беретін мектебінің кітапхана меңгерушісі Елена Бакалейко кітапханашы беделі мен мәртебесі төмен болуының басты бір себебін атады: «Білім және ғылым саласындағы азаматтық қызметшілер лауазымдарының тізіліміне» (2016 жылғы 29 қаңтардағы №123 бұйрыққа) сәйкес, педагогтер «В» блогына, ал кітапханашылар «С» блогына жатады. «Кітапханашылар мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарының бақылауына көшті. Салдарынан кітапхана қызметкерлері үнемі ақысы төленбейтін жұмыстарды атқаруға тартылады. Оларға оқулықтар мен әдебиеттерді жеткізу мәселесін өз бетінше шешуге тура келеді. Оқулықтарды өңдеу де жұмыс уақытының нормативтерінде ескерілмеген, ал бұл өте көп уақыт алатын жұмыс. Сондай-ақ жұмыс уақытымыздың көбін мектеп арасындағы оқулықтар алмасу алып қояды: ауысып келген оқушыларға оқулық жиынтығы жетпейді де, оны іздеп, өзге мектептерге сабыламыз. Мектепте бұған арналған көлік болмағандықтан, жолға және тасымалдауға өз қалтамыздан шығын шығарамыз», – дейді Е.Бакалейко. Е.Бакалейконың айтуынша, мұндай жағдайда әкімшілік-шаруашылық және құқықтық функцияларды орындайтын персонал, яғни кітапханашылар тек мектеп директорына бағынуы тиіс: «Директор кітапханашылармен бірге материалдық құндылықтардың бүтіндігі үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік арқалайды. Ал Тәрбие және оқу жұмысы жөніндегі орынбасар кітап қорының бүтіндігіне жауапты емес, оған басы ауырмайды», – деген ол кереғар жағдай, парадокс қалыптасып отырғанына назар аудартты. Бір жағынан, Білім және ғылым министрлігі кітапханашыларды «оқу-тәрбие процесін жүргізбейді» деп «С» блогына қосып қойды, сөйтіп аз жалақы төленеді. Екінші жағынан оларды оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруға жұмылдырып, соған жауапты орынбасарға бағындырып қойған. Айтқандай, мектеп кітапханашылары да оқушыларға сабақ өткізеді. Тек мұғалімдердікі «сынып сабағы», ал кітапханашылардікі «кітапхана сабағы» деп аталады. Осыған орай көрші Ресей екеуінің мәртебесін теңестірді және «педагог-кітапханашы» деген мәртебе енгізді. Біздің шенеуніктердің «екіұдай стандарты» кәсіп иелерінің еңсесін езеді.Үкіметтің жалақыны өсіру жоспары бар
Білім және ғылым министрлігі кітапханашылар арасындағы әлеуметтік кернеуді азайту үшін олардың жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар қабылданып жатқанын жеткізді. 2021 жылғы 1 ақпанда БҒМ мен салалық кәсіподақ арасында 2021-2023 жылдарға арналған келісімге қол қойылыпты. Соның 6.15 бөліміне сәйкес, бүгінде мектептердегі кітапханашылардың, медқызметкерлердің, бас бухгалтерлердің және басқасының ақысы төленетін еңбек демалысы 3 күнге көбейтілді. БҒМ әкімшілік персоналдың, яғни «С» блогына жататын қызметкерлердің еңбекақысын көтеру мәселелері өзінің құзырына жатпайтынын, оған Еңбекмині жауап беретінін айтады. «Қазір білім саласында жұмыс істейтін кітапханашыларға лауазымдық айлықақының 30 пайызы мөлшерінде үстемеақы белгілеу мәселесі пысықталуда. Бірақ бұл бастама мембюджеттен қосымша қаражат талап етеді. Сондықтан мәселе бюджеттік жоспарлау саласындағы уәкілетті органмен бірге талқыланып жатыр. Ол елдегі экономикалық ахуалға және бюджеттің кіріс бөлігіне байланысты болады», – деген түсініктеме берді Білім министрлігі. Біріншіден, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Президенттің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын орындау мақсатында 2022 жылдың қаңтарынан ең төменгі жалақы 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін өскенін еске салды. Бұл қадам 1 млн 650 бюджеттік сала қызметкерінің табысын өсірді. Екіншіден, министрдің мәліметінше, 588 мың азаматтық қызметшінің – кітапханашылар, музей, архив қызметкерлері, орманшылар, техникалық персоналдың жалақысын 4 жыл ішінде кезең-кезеңмен арттыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде, олардың жалақысы 2022 жылдан бастап жыл сайын 20 пайызға көтеріледі және 2025 жылға қарай екі есеге дейін өсуі керек.Сала реформаға зәру
Әрине, тек мектеп кітапханашыларының ғана жағдайы қиын деген әбестік болар. Қалалық, ұлттық мәртебедегі бұқаралық кітапхана қызметкерлерінің жұмысы да ауыр: олар ұдайы жүкші қызметін атқарып, баспалардан жүк көліктеріне толып келетін кітаптарды түсіруге жұмылдырылатынын айтады. Одан кейін сұрыптаушыға айналады: кітаптарды техникалық өңдеп, жинақтайды, таңбалап, таратады. Бұл ретте негізгі міндеттерінен оларды ешкім босатпайды, қатар атқаруы шарт. Аудан-қала кітапханашылары жүкші, бухгалтер, библиограф, методист, меңгеруші, ісқағаз жүргізушісі және басқа да ақысы-пұлы қарастырылмаған лауазымдарды қатар алып жүреді. Олардың да жалақысы аз: 70-120 мың теңге аралығында. Салдарынан ерлер кітапханашы болудан қашады. Кітапханашы – әйелдердің кәсібіне айналып барады. Ал жүк көліктерін түсіргеннен кейін олардың денсаулығына нұқсан келеді. Сондай-ақ өңірлердегі кітапханашылар «өздерін әкімдіктер бірнеше жылдан бері аудандық, облыстық газеттерге жазылуға күштеп келе жатқанына» қарсылық білдіріп, антикоррупциялық органға дейін барған. Қынжылтатыны сол, Қазақстан – кітап оқымайтын ұлтқа айналып барады. Қазір кез келген кітапханаға кірсеңіз, оқырманның жоққа тән екенін байқайсыз. Ірі қалаларда кітапханалар ұзақ жыл студенттердің арқасында залын толтырып келді. Алайда заманауи шәкірттер де бар білімді интернеттен табуға немесе ақылы тапсырыс беруге үйренді. Осыдан болса керек, 2020 жылы елордалық мәслихат депутаты Мирас Шекенов барлық бұқаралық кітапханаларды жабуды ұсынды. Оның байламынша, бұл мекемелер анахронизм қатарына көшті, ендеше оларды ұстап тұруға бюджет қаражатын шығындау енді орынсыз. Бұл идея үлкен резонанс тудырды: қоғамның бір бөлігі құптағанымен, Үкімет пен Парламент қолдамады. Жаңа Мәдениет министрі Дәурен Абаевтың «Кітапханашы күні» мерекесін ұсынуы мемлекеттің бұл мекемелерді сақтап, дамытуға деген ниетін аңғартады. Олай болса, Қазақстан дамыған елдердің тәжірибесіне жүгінгені жөн-ақ. Оларда барлық кітаптар цифрландырылған. Кітапханалар оқырманның іздеген кітабын тауып берумен шектелмей, ғылыми-зерттеу орталықтарына айналып отыр. Жаппай компьютер қойылған, аудиокітаптарға басымдық беріледі. АҚШ кітапханалары үстел-парталардан алшақтап, диван, кресло, пуфқа ден қоюда. Жерге жұмсақ ковролин не кілем төселеді. Климат-контроль жүйесі қолайлы температураны ұстап тұрады. Кітап оқумен бірге тынығу үшін барынша жағдай жасалғандықтан, жанына маза іздеген жұрт өзі-ақ келеді. Тіпті, кітап оқығысы келмейтіндер жаңа журналдарды парақтап, жұмсақ пуфикте тынығу, компьютерде жұмыс істеу не тегін интернетті пайдалану үшін бас сұғады. Осының арқасында АҚШ әлемдегі ең көп оқитын ұлт саналады. Тағы бір жайт, біздің кітапханаларда «оқырман билеті» жоқ адамдар ішке кіре алмайды, ал АҚШ-та бұқаралық кітапханалардың барлық адамға есігі ашық. Тек кітап, журнал, компакт-дискіні үйге алып кеткіңіз келсе ғана кітапхана карточкасын ашу талап етіледі, маңыздысы сол, ол карта көбіне өзге кітапханаларға және букмобильдерге (көліктегі кітапханаға) жарай береді. Бұл ретте шектеу жоқ? 100 кітап алсаңыз да рұқсат. Ал Қазақстанда қолға берілетін кітап саны шектеледі. Демек, елімізде кітапханаларға түбегейлі реформалану қажет болады. Әйтпесе, олар оқырмансыз қаңырап бос қалуы ықтимал. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, «Білім беру ұйымдарының кітапханаларын «Коуоркинг-аймақ» форматында жаңғырту көзделіп отыр. Бұл жұмыс биыл басталады деп жоспарланып отыр.