Оқу ордасының орнын сипап қалды
Оқу ордасының орнын сипап қалды
393
оқылды
Оқу жылы аяқталып қал­ды. Ал білім беру стан­дар­тына сай келмеген универ­ситеттер жабылып жатыр. Ортада дипломсыз қалған студенттер мен оқытушы­лар­дың жағдайы қиын. Себебі университет жұ­мысын тоқтатқаннан ке­йін студентке құжат жи­нап, қаржы мен уақытты шы­ғын­дап, басқа оқу орны­на ауысу оңай емес. Ал оқы­ту­шылар бір-ақ сәтте нәпа­қасыз қалған. Өткен оқу жылы елімізде 125 жоғары оқу орны тіркелген. Олар­дың шамамен 60 пайызы – же­кеменшік. Көбінің білім беру сапасы бекітілген нормативтерге сай емес. Білім беру ісін бизнеске айналдырып, ақша тауып жүрген кейбір азаматтар үшін лицензия алу да, университет ашу да қиын­дық тудырмайды. Екі-үш қабатты бос ғимаратты жалға алып, жар­намасын қатырып жасаса болға­ны. Аузы ашылып, қайда барарын білмей жүрген түлектерді уысына түсіреді. Тәуелсіздік алғаннан ке­йін де білім беру саласына жүз­де­ген жаңа оқу нысаны қосылды. Бәрінің атауы дүркіреп тұр. «Еура­зиялық, астана, халықаралық, қазақ» дейсіз бе, атынан ат үрке­тіндей сөздерді қосып алған. Осы мәселені реттеу үшін былтыр министрлік жанынан Білім және ғылым саласындағы сапаны қам­тамасыз ету комитеті құрыл­ған еді. Бүгінге дейін комитет шешімі­мен сапасыз білім беретін 15 уни­вер­ситет жабылды. Бұл сан көбеюі де мүмкін, себебі оқыту нәтиже­ле­рі­не қарай ЖОО-ларға арналған біліктілік талаптары қайта қарала бермек. Жақында Орталық Азия университеті, Ақтау гумани­тар­лық-техникалық университеті және «Астана» университеті сот шешімімен жұмысын тоқтатты. – Аталған жоғары оқу орын­да­ры «Атамекен» кәсіпкерлік па­латасы жүргізетін білім беру бағдарламаларының рейтингінде үнемі төмен позициядан көрініп келген. Бұл университеттердегі білім беру бағдарламаларының басым бөлігі жұмыс берушілердің талабына сай келген жоқ және білім алушылар арасында да сұра­нысқа ие болмады, – деп түсін­дірді Сапаны қамтамасыз ету ко­ми­те­тінің төрағасы Гүлзат Көбенова.

Сайда саны, құмда ізі жоқ

Иә, университеттер лицензия­сынан айырыла бастаған кезде «Астана» университеті де ми­нистр­ліктің құрығына ілініп еді. Оқу орны өз тарапынан барлық міндеттің дұрыс атқарылып жат­қанын айтса да, тексеруге барған комитет мүшелерінің жұмысына бірнеше рет кедергі жасаған бо­латын. Ақыры 2 жылға созылған сот процесінен кейін университет жа­былып тынды. Оқу орны мүм­кін­дік берілсе де, сапаны жақсарту бағытында жұмыс істемеген, білім беру бағдарламаларына инвес­тиция салып, практик мамандар­ды қызметке тартпаған. Нәти­жесінде, жоғары оқу орнының білім беру бағдарламаларының 70-75 пайызы сапасы бойынша та­лаптарға және жұмыс беруші­лердің сұранысына сай болмай шық­қан. Мұны университеттің рес­ми сайты мен әлеуметтік же­лідегі парақшасынан біз де бай­қадық. Қаланың қақ ортасындағы оқу орнының байланыс нөмірлері сайттан алынып тасталған. Ал же­лідегі соңғы постарының ас­тын­да оқу ақысын төлеп, дипло­мын ала алмай, жабылды дегенді естіп, есеңгіреген студенттердің арызы жиналып қалыпты. Осы­лайша, оқу орындары жіберген қателіктің соңында опық жейтін мыңдаған студент. Астана уни­верситетінің студенті Ақбота Ба­қыт та оқу ақысын төлеп, дипло­мын қолына әрең алыпты. – Өткен жылдан бастап уни­верситеттің білім беру қызметі тоқ­татылды. Министрліктен «құ­жаттарыңыз бойынша сотқа ша­ғымдансаңыз болады» деген ақпарат келді. Ешкім хабарласып, қайда ауысатынымызды да айт­пады. Университет қызметкер­ле­рінен сұрағанымда: «ол жерде жұ­мыс істемейміз» деді. Жақында ғана өзім студенттерден сұрас­ты­рып жүріп, университет күзетші­сінен құжаттарымды алдым, – дейді Ақбота Бақыт. [caption id="attachment_185148" align="alignleft" width="1200"]оқу ордасы © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Елімізде 600 мыңнан астам студент бар. Олардың 70 пайызы жоғарыдағы кейіпкеріміз сияқты ақылы бөлімде оқиды. Ендеше құлқынның қамын ойлағандар талай жастың обалына қалып жүрген жоқ па? Мұндай аутсайдер университеттердің бәрі ақша алу­ды білгенімен, жауапкершілікті соңына дейін арқаламайды.

Қиналған студент, жұмыссыз оқытушы

Білім саласын оңтайландыру ел ойлағандай оңайға соғып жат­қан жоқ. Таяуда ғана лицензия­сынан айырылған Алматыдағы Шет тілдер және іскерлік карьера университеті студенттерге ЖОО-ның қызметі түбегейлі тоқта­тыл­ғанын жария етті. Университет Білім министрлігімен соттасып, құқығын даулап жүргенде шәкірт­тер мәселесін ұмыт қалдырған. Соның кесірінен білім алушылар уақыттан ұтылды. Оқу орнындағы 1,4 мың студенттің басқа оқу орнына ауысуы оңайға соқпады. Әсіресе, екі шет тілінде оқитын 500 шәкіртті басқа университеттер қабылдамаған. Сондықтан кейбір студентке ұқсас мамандықтары бойынша ауысуға тура келсе, кейбір шәкірттер шарасыздықтан басқа қалаларға кеткен. Айта кету керек, министрлік студенттер ауы­суға болатын оқу орындары­ның арнайы тізімін ұсынбайды. Бұл өз кезегінде студенттердің таңдау құқығын шектеп отыр. Мысалы, Шет тілдер және іскер­лік карьера университетіне 469 мың теңге төлеп оқып жатқан сту­дентті Қазақ ұлттық уни­вер­си­теті немесе Тұран университеті қабылдамаған. Өйткені бұл уни­верситеттердің оқу ақысы жоғары, ал олар келісімшарт негізінде бір жыл бұрынғы бағаға оқытудан бастартқан. Қазақ –Америка уни­верситетіне ауысқан студент Ару­жан Самбаеваның айтуынша, оларға оқу орнының жабылғаны туралы ешкім алдын ала хабар­ламапты. Соның салдарынан жа­­тақханадағы студенттердің кейбірі туыстарына кетсе, кейбірі барар жер таппаған. – Алаңсыз оқып жүргенімізде «Ертең құжаттарыңды алып кете беріңдер» деді. Осылайша, біз далада қалдық. Транскрипт алып, құжатымызға қол қойдыру үшін де табанымыздан тозып, кезекте тұрдық. Барлығымызды жүйелі түрде ауыстырған жоқ. Сол се­бепті студенттер жан-жаққа тарап кетті, – дейді Аружан Самбаева. Аружан осы жылы оқу ақысын келісімшартта көрсетілгендей тө­леп жатыр. Ал келесі жылдан бас­тап келген оқу орнының тала­бымен төлейді. Жалпы, ШТІКУ-дің жабылатыны жайлы әңгіме мамырдан бастап-ақ айтылған. Университетті тексеру кезінде анықталған кемшіліктерді жоюға уақыт берілген-ді. Алайда оқу ор­нының басшылығы берілген уа­қытты білім қызметтерінің са­па­сын жақсарту жұмыстарына емес, сотта тайталасуға, Білім министр­лігінің іс-әрекеттеріне қарсы ша­ғымдануға шығындаған екен. Ақыры қыркүйекте Алматы қа­ласының Әкімшілік құқықбұзу­шылықтар жөніндегі мамандан­дырылған ауданаралық сотының шешімімен ЖОО бас лицензия­сынан айырылып тынды. Бір қы­­зығы, оқу орны сонда да түк бол­­мағандай жұмысын жалғас­ты­ра берген. Тіпті, 12 қарашада про­фессорлық-оқытушылық құрам­ның бос лауазымдарына байқау жариялапты. Осы бейқамдықтан қазір студенттер ғана емес, оқыту­шылар да зардап шегіп отыр. – Бір семестр аяқталмай, уни­верситетіміз жабылып қалды. 3 ай ғана оқыған студенттер қолдарына транскрипт ала алмай қиналды. Ал оқытушылардың басым бөлігі әлі жұмыссыз жүр. Ешкім бізге жұмыс тауып берген жоқ. Ми­нистрлік өкілдері «конкурс арқы­лы басқа университеттерге тап­сырып көрі­ңіздер», – деді. Ал қа­зір жылдың ортасы. Ол конкурс күзде өтеді, – дейді оқытушы Эль­мира Әуезова. Шыны керек, оқу жылының басында әр оқытушыға жүктеме бөлінеді. Ал оны жыл ортасында қанша тәжірибелі болса да сырт­тан келген оқытушыға бөліп беру заңсыз. Сондықтан жабылған уни­верситеттің оқытушылары кон­курсқа қатысып, жұмысқа орна­ласу үшін күзді күтуіне тура келеді. Оған дейін қай жерге барса да жұмыс жоқ. Эльмира Әуезова да 2 ай үйде жұмыссыз отырған. Кейін Тұран университетінен бір орын босады дегенді естіп, ізденіп жүріп қызметке орналасыпты. «Министрлік «Біз сіздерге жұмыс тауып бермейміз» деп ашық айт­ты. Қазір әрбір екінші адамның басында несие бар. Біз де отбасы­мызды асырауымыз керек. Аяқас­тынан жұмыссыз қаламыз деп ой­ламадық», – дейді оқытушы. Ал Білім және ғылым ми­нистр­лігіне осы жағдайды хабар­ла­ғанымызда олар да оқытушы­лардың тек конкурс арқылы жұ­мысқа орналасатынын айтты. Ендеше сапаға жауап бере алмаған білім ордалары жабылған сайын мыңдаған студент пен оқытушы да қинала береді. Ал универси­теттер тиісті талапқа сай болмаса, онда ертең білімі мен біліктілігі жұмыс берушілердің сұранысын қанағаттандырмайтын маман­дар­ды даярлаймыз.