Оқу жылы аяқталып қалды. Ал білім беру стандартына сай келмеген университеттер жабылып жатыр. Ортада дипломсыз қалған студенттер мен оқытушылардың жағдайы қиын. Себебі университет жұмысын тоқтатқаннан кейін студентке құжат жинап, қаржы мен уақытты шығындап, басқа оқу орнына ауысу оңай емес. Ал оқытушылар бір-ақ сәтте нәпақасыз қалған. Өткен оқу жылы елімізде 125 жоғары оқу орны тіркелген. Олардың шамамен 60 пайызы – жекеменшік. Көбінің білім беру сапасы бекітілген нормативтерге сай емес. Білім беру ісін бизнеске айналдырып, ақша тауып жүрген кейбір азаматтар үшін лицензия алу да, университет ашу да қиындық тудырмайды. Екі-үш қабатты бос ғимаратты жалға алып, жарнамасын қатырып жасаса болғаны. Аузы ашылып, қайда барарын білмей жүрген түлектерді уысына түсіреді. Тәуелсіздік алғаннан кейін де білім беру саласына жүздеген жаңа оқу нысаны қосылды. Бәрінің атауы дүркіреп тұр. «Еуразиялық, астана, халықаралық, қазақ» дейсіз бе, атынан ат үркетіндей сөздерді қосып алған. Осы мәселені реттеу үшін былтыр министрлік жанынан Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті құрылған еді. Бүгінге дейін комитет шешімімен сапасыз білім беретін 15 университет жабылды. Бұл сан көбеюі де мүмкін, себебі оқыту нәтижелеріне қарай ЖОО-ларға арналған біліктілік талаптары қайта қарала бермек. Жақында Орталық Азия университеті, Ақтау гуманитарлық-техникалық университеті және «Астана» университеті сот шешімімен жұмысын тоқтатты. – Аталған жоғары оқу орындары «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы жүргізетін білім беру бағдарламаларының рейтингінде үнемі төмен позициядан көрініп келген. Бұл университеттердегі білім беру бағдарламаларының басым бөлігі жұмыс берушілердің талабына сай келген жоқ және білім алушылар арасында да сұранысқа ие болмады, – деп түсіндірді Сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова.
Сайда саны, құмда ізі жоқ
Иә, университеттер лицензиясынан айырыла бастаған кезде «Астана» университеті де министрліктің құрығына ілініп еді. Оқу орны өз тарапынан барлық міндеттің дұрыс атқарылып жатқанын айтса да, тексеруге барған комитет мүшелерінің жұмысына бірнеше рет кедергі жасаған болатын. Ақыры 2 жылға созылған сот процесінен кейін университет жабылып тынды. Оқу орны мүмкіндік берілсе де, сапаны жақсарту бағытында жұмыс істемеген, білім беру бағдарламаларына инвестиция салып, практик мамандарды қызметке тартпаған. Нәтижесінде, жоғары оқу орнының білім беру бағдарламаларының 70-75 пайызы сапасы бойынша талаптарға және жұмыс берушілердің сұранысына сай болмай шыққан. Мұны университеттің ресми сайты мен әлеуметтік желідегі парақшасынан біз де байқадық. Қаланың қақ ортасындағы оқу орнының байланыс нөмірлері сайттан алынып тасталған. Ал желідегі соңғы постарының астында оқу ақысын төлеп, дипломын ала алмай, жабылды дегенді естіп, есеңгіреген студенттердің арызы жиналып қалыпты. Осылайша, оқу орындары жіберген қателіктің соңында опық жейтін мыңдаған студент. Астана университетінің студенті Ақбота Бақыт та оқу ақысын төлеп, дипломын қолына әрең алыпты. – Өткен жылдан бастап университеттің білім беру қызметі тоқтатылды. Министрліктен «құжаттарыңыз бойынша сотқа шағымдансаңыз болады» деген ақпарат келді. Ешкім хабарласып, қайда ауысатынымызды да айтпады. Университет қызметкерлерінен сұрағанымда: «ол жерде жұмыс істемейміз» деді. Жақында ғана өзім студенттерден сұрастырып жүріп, университет күзетшісінен құжаттарымды алдым, – дейді Ақбота Бақыт. [caption id="attachment_185148" align="alignleft" > © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Елімізде 600 мыңнан астам студент бар. Олардың 70 пайызы жоғарыдағы кейіпкеріміз сияқты ақылы бөлімде оқиды. Ендеше құлқынның қамын ойлағандар талай жастың обалына қалып жүрген жоқ па? Мұндай аутсайдер университеттердің бәрі ақша алуды білгенімен, жауапкершілікті соңына дейін арқаламайды.Қиналған студент, жұмыссыз оқытушы
Білім саласын оңтайландыру ел ойлағандай оңайға соғып жатқан жоқ. Таяуда ғана лицензиясынан айырылған Алматыдағы Шет тілдер және іскерлік карьера университеті студенттерге ЖОО-ның қызметі түбегейлі тоқтатылғанын жария етті. Университет Білім министрлігімен соттасып, құқығын даулап жүргенде шәкірттер мәселесін ұмыт қалдырған. Соның кесірінен білім алушылар уақыттан ұтылды. Оқу орнындағы 1,4 мың студенттің басқа оқу орнына ауысуы оңайға соқпады. Әсіресе, екі шет тілінде оқитын 500 шәкіртті басқа университеттер қабылдамаған. Сондықтан кейбір студентке ұқсас мамандықтары бойынша ауысуға тура келсе, кейбір шәкірттер шарасыздықтан басқа қалаларға кеткен. Айта кету керек, министрлік студенттер ауысуға болатын оқу орындарының арнайы тізімін ұсынбайды. Бұл өз кезегінде студенттердің таңдау құқығын шектеп отыр. Мысалы, Шет тілдер және іскерлік карьера университетіне 469 мың теңге төлеп оқып жатқан студентті Қазақ ұлттық университеті немесе Тұран университеті қабылдамаған. Өйткені бұл университеттердің оқу ақысы жоғары, ал олар келісімшарт негізінде бір жыл бұрынғы бағаға оқытудан бастартқан. Қазақ –Америка университетіне ауысқан студент Аружан Самбаеваның айтуынша, оларға оқу орнының жабылғаны туралы ешкім алдын ала хабарламапты. Соның салдарынан жатақханадағы студенттердің кейбірі туыстарына кетсе, кейбірі барар жер таппаған. – Алаңсыз оқып жүргенімізде «Ертең құжаттарыңды алып кете беріңдер» деді. Осылайша, біз далада қалдық. Транскрипт алып, құжатымызға қол қойдыру үшін де табанымыздан тозып, кезекте тұрдық. Барлығымызды жүйелі түрде ауыстырған жоқ. Сол себепті студенттер жан-жаққа тарап кетті, – дейді Аружан Самбаева. Аружан осы жылы оқу ақысын келісімшартта көрсетілгендей төлеп жатыр. Ал келесі жылдан бастап келген оқу орнының талабымен төлейді. Жалпы, ШТІКУ-дің жабылатыны жайлы әңгіме мамырдан бастап-ақ айтылған. Университетті тексеру кезінде анықталған кемшіліктерді жоюға уақыт берілген-ді. Алайда оқу орнының басшылығы берілген уақытты білім қызметтерінің сапасын жақсарту жұмыстарына емес, сотта тайталасуға, Білім министрлігінің іс-әрекеттеріне қарсы шағымдануға шығындаған екен. Ақыры қыркүйекте Алматы қаласының Әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен ЖОО бас лицензиясынан айырылып тынды. Бір қызығы, оқу орны сонда да түк болмағандай жұмысын жалғастыра берген. Тіпті, 12 қарашада профессорлық-оқытушылық құрамның бос лауазымдарына байқау жариялапты. Осы бейқамдықтан қазір студенттер ғана емес, оқытушылар да зардап шегіп отыр. – Бір семестр аяқталмай, университетіміз жабылып қалды. 3 ай ғана оқыған студенттер қолдарына транскрипт ала алмай қиналды. Ал оқытушылардың басым бөлігі әлі жұмыссыз жүр. Ешкім бізге жұмыс тауып берген жоқ. Министрлік өкілдері «конкурс арқылы басқа университеттерге тапсырып көріңіздер», – деді. Ал қазір жылдың ортасы. Ол конкурс күзде өтеді, – дейді оқытушы Эльмира Әуезова. Шыны керек, оқу жылының басында әр оқытушыға жүктеме бөлінеді. Ал оны жыл ортасында қанша тәжірибелі болса да сырттан келген оқытушыға бөліп беру заңсыз. Сондықтан жабылған университеттің оқытушылары конкурсқа қатысып, жұмысқа орналасу үшін күзді күтуіне тура келеді. Оған дейін қай жерге барса да жұмыс жоқ. Эльмира Әуезова да 2 ай үйде жұмыссыз отырған. Кейін Тұран университетінен бір орын босады дегенді естіп, ізденіп жүріп қызметке орналасыпты. «Министрлік «Біз сіздерге жұмыс тауып бермейміз» деп ашық айтты. Қазір әрбір екінші адамның басында несие бар. Біз де отбасымызды асырауымыз керек. Аяқастынан жұмыссыз қаламыз деп ойламадық», – дейді оқытушы. Ал Білім және ғылым министрлігіне осы жағдайды хабарлағанымызда олар да оқытушылардың тек конкурс арқылы жұмысқа орналасатынын айтты. Ендеше сапаға жауап бере алмаған білім ордалары жабылған сайын мыңдаған студент пен оқытушы да қинала береді. Ал университеттер тиісті талапқа сай болмаса, онда ертең білімі мен біліктілігі жұмыс берушілердің сұранысын қанағаттандырмайтын мамандарды даярлаймыз.