22600 арыз-өтініш түсті: Түркістандықтар съезден үлкен өзгерістер күтеді
22600 арыз-өтініш түсті: Түркістандықтар съезден үлкен өзгерістер күтеді
Түркістанда «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының кезектен тыс Саяси кеңесінің мәжілісі өтті. Оған облыс әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев төрағалық етіп, жүргізіп отырды. – Жетекші партия елімізге экономикалық серпіліс беретін мемлекеттік бағдарламалардың қабылдануына тікелей септігін тигізді. Тұңғыш рет праймериз өткізіп, депутаттық резерв дайындаудың жаңа жобасын жүзеге асырды. Дегенмен жаңарту, өзгерту жұмыстары жалғасуы тиіс. Ел Президенті, партия Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Партияның барлық жұмысын түбегейлі қайта құру керек» деп модернизацияның басты 7 принципін атады. «Жаңа Қазақстанды» құру жолында «Nur Otan» партиясының әлеуетін қолдана отырып, үлес қосуды міндеттеді, – деген облыстық филиал төрағасы азаматтарға үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғанын жеткізді. Саяси кеңес отырысында «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХІІ съезіне Түркістан облысынан делегаттар сайланды. Алдағы 1 наурызда өткізілетін съезде партия жұмысын жаңғырту басымдықтары талқыланбақ. «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев делегаттар тізімін жариялап, атқарылған жұмыстар мен алдағы межелерге тоқталды. – Ел Президенті, партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «Nur Otan» Қазақстанның прогрессивті өзгерістері мен жаңаруының нағыз қозғаушы күші болып, оны іске асыруға белсене араласуы тиіс. Бірақ бұл үшін «Nur Otan» өзі жаңаруы тиіс» деп партиялық жаңғырудың негізгі бағыттарын жариялады. Осы орайда партиялық ұйымдарда жиналыстар өткізіліп, ұсыныстар жинақталып, орталыққа жолданды, – деді Б.Тәжібаев. 2021 жылы Түркістан өңіріндегі партияның қабылдау бөлмелеріне 22600-ден аса арыз-өтініш келіп түскен. Бұл – еліміз бойынша ең үлкен көрсеткіш. Қарау нәтижелері бойынша 70%-ы өз шешімін тапты. Енді облыстық филиал барлық мемлекеттік органдар мен депутаттардың әлеуетін жұмылдырып, келіп түскен шағымдардың оң шешілуінің тиімділігін арттыруды көздеп отыр. «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол карталары бекітіліп, жүзеге асырылуда. 2021 жылы Түркістан облысында орындалуы тиіс 1597 іс-шараның 1519-ы (95%) орындалған.