90-нан аса өнер туындысы жинақталған суретшінің көрмесі өтуде
90-нан аса өнер туындысы жинақталған суретшінің көрмесі өтуде

24 ақпанда Елбасы кітапханасының көркемсурет галереясында қазақстандық суретші Гүлмарал Тәтібаеваның «Ойтолғау» атты көрмесі ашылды. Көрме «Тәуелсіздіктің мәдени коды» жобасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды.

көрме Гүлмарал Тәтібаева – Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА түлегі, ҚР Суретшілер одағының, Еуразия дизайнерлер одағының және Еуразия шығармашылық гильдиясының мүшесі. Бүгінде автордың жұмысы Қазақстан, Түркия, Голландия, Корея, Латвия, Ресей, Иордания, Ұлыбритания, Қытай сияқты басқа елдердің музейлерінде сақтаулы. көрме Суретші шығармашылық жолын әуелі түпнұсқа графика техникасымен жұмыс істеп бастаған. Өнер туындылары өзінің әсемдігімен, композициялық үйлесімімен ерекшелене отырып, шығармашылық шабыттың шарықтау шегін көрсетеді. Кейін Гүлмарал өз шеберлігін шыңдап, түс пен фактураға бет бұрады. Сол кезде оны әлемнің түрлі-түсті алуандығымен бейнелеудің керемет мүмкіндіктері ашылады. Сөйтіп, түрлі сезімнің ең нәзік реңкін жеткізетін кескіндеме элементіне қызықты. көрме «Гүлмарал Тәтібаеваның еңбектерінің басым бөлігі көшпенділер өркениетінің мұрасы ретінде Қазақстанның тарихын, салт-дәстүрін, мәдениетін суреттейді. Алапат ашаршылықтан, тоталитарлық режимнен, төңкерістер мен соғыстардан аман қалған қазақ халқының қасіретіне үңілген автор зұлматты еске түсіріп қана қоймай, тәуелсіздік үшін ата-бабаларымыздың алдындағы жауапкершілікті ұмытпауға шақырады», – деді көрменің ашылуында Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат. Суретшінің назарын аударған және оның шығармашылығындағы маңызды тақырыптардың бірі – «әскери коммунизм» саясаты, ұжымдастыру салдарынан болған 1919-1922 және 1930-1932 жылдардағы жаппай ашаршылықтың қасіретті кезеңі болатын. Сол қайғылы жылдардағы оқиғалар автордың жұмыстарында Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағына жауапты екендігін көрсете білді. көрме Кейіннен Гүлмарал қазақ халқының тарихына, мәдениеті мен рухани құндылықтарына, ана мен бала әлеміне, отбасы институтына назар аударды. «Бүгінгі көрмеде 2002 жылдан бастап жарық көрген 90-нан аса жұмысты көруге болады. Суреттердің басым көпшілігі 5 жылдай салынған. Олардың арасында қапшыққа, қайын қабығына бейнеленген туындылар да бар. Осы жұмыстардың арқасында халқымыздың тарихы мен мәдениетін суреттеуге тырыстым. Мәселен, қол ұстасқандай бірінен соң бірі тізілген шапандар арқылы қазақ елінің бірлігі мен қонақжайлығын жеткізбек болдым. Байқасаңыздар, көрмеде ұлттық нақыштағы дүниелер өте көп. Оларды қалың жұрттың назарына ұсынуға көмектесіп, көрмені ұйымдастыруда атсалысқан Елбасы кітапханасының басшылығы мен ұжымына алғысым шексіз», – дейді суретші Гүлмарал Тәтібаева. «Ойтолғау» көрмесі Елбасы кітапханасының 1-2 қабатта орналасқан көркемсурет галереясында 2022 жылғы 9 наурызға дейін жалғасады.