Түркістан өңіріне келген Мәжіліс депутаттары Дархан Мыңбай, Құдайберген Ержан, Қайнар Абасов және Сырым Ертаев Сайрам ауданындағы проблемалы нысандарды аралады. Атап айтқанда, 300 оқушыға арналған Қайнарбұлақ ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы жалпы орта мектебі. Білім ордасы 2009-2010 оқу жылында пайдалануға берілген. Биылғы оқу жылында 522 оқушы білім алуда. Қазіргі таңда мектептің 1 қабатында орналасқан бірқатар сыныптар мен бөлмелердің қабырғалары жарылып, едендері төмен түссе, 2 қабаттағы кабинеттердің шатырынан су өткен. Жылыту жүйесі дұрыс жүргізілмегеннің салдарынан бөлмелер суық. Сыртқы әжетхананың да жағдайы мәз емес қабырғалары мен едендері жарылған. Дегенмен тексеріс барысында апатты деп танылмаған. Мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысына 2020 жылдың желтоқсан айында тіркеуге алынған. Мониторинг барысында Дархан Мыңбай мәселелер ескерусіз қалмайтынын айтты.
– Жалпы Түркістан өңірінде мектеп салу мәселесі күн тәртібінен түскен емес, түспейді де. Тіпті, мына 300 балаға арналған мектепті 5-10 жылда тағы 600 балаға салу керек болады. Сондықтан салу, жоспарлау, қадағалау, бекіту мәселесінде көп кемшіліктер бар. Балалардың өміріне қауіп төндірумен бірдей. Жалпы білім министрілігінен бастап жауаптылар өздерінің міндеттерін дұрыстап орындамаса бұл мәселе тоқтамайды. Тоқтатудың ең басты жолы – заңға бағынушылық. Сапар барысында түйген негізгі проблемаларды Парламентте көтеретін боламын. Тиісті министрліктермен бірге заң аясында шешуге ықпал етемін. Түркістан өңірінде мектептердің жетіспеушілігі ең бірінші айтатын мәселем болады. Осындай проблемалар көп. Бірақ негізгі проблемаларды түзетсек, Түркістан өңірінің әлеуеті зор, – деді депутат.
– Жергілікті биліктің көтеріп отырған мәселелері қоғамға қажет. Бүгінгі сапарымызда олардың ұсынған тұрғын үй мәселесін шешу және спорт кешенін салуды қолдау үшін өз тарапымыздан ықпал жасаймыз. Мектепке байланысты шұғыл шаралар қолдануымыз керек. Құрылыстың сапасыздығы осындай жағдайларға әкеліп соғады. Яғни, бюджеттік қаражатты тиімді пайдаланбаудың салдары деп айта аламын, – деді Қайнар Абасов.