Семейдегі Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Сахмолдин Мұхаммадариф информатика пәнінен халықаралық олимпиадада жеңіске жетті. Аталған олимпиада математика, физика және информатика пәндері бойынша дарынды балаларды анықтау мен оларға қолдау білдіру мақсатында 2005 жылдан бері өткізіліп келеді. «15-23 ақпан аралығында ұйымдастырылған ХVIII халықаралық Жәутіков олимпиадасы онлайн форматта өтті. Онда елімізден бөлек, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ресей, Беларусь, Украина, Грузия, Армения, Түркия, Моңғолия, Вьетнам, Румыния, Болгария, Сербия, Үндістан секілді мемлекеттердің кіл мықтылары бақ сынады. Білім бәйгесінде бәсеке өте жоғары болды», – делінген білім ордасының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта. Сахмолдин Мұхаммадариф бақ сынаған информатика пәніне 300-ден аса шәкірт қатысқан. Ол ең жоғары нәтиже көрсетіп, жеңімпаз атанды.
Әбілмансұр ЖАСАН