Алматы қаласында Мәжілістің бір топ депутаттары арнайы іссапармен жүр. Олар жұмыс барысында қаңтардағы бүлік кезінде зардап шеккен азаматтармен кездесіп, мәселелерімен тереңірек танысты. Депутаттар бірнеше топқа бөлініп қоғамның әртүрлі өкілдерімен жүздесті. Күні кеше Парламент Мәжілісіндегі «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері Айдос Сарым, Айгүл Құспан, Жұлдыз Сүлейменова мүлкіне айтарлықтай залал келген бір топ кәсіпкерлермен кездесті. Олар кәсіпкерлердің әлі де шешімін толық таппаған арыз-шағымдарын тыңдап, шешу жолдарын назарда ұстайтынын айтты. Халық қалаулыларымен кездескен көлік жөндеу орнының иесі сол күні ғимараттың ауласында тұрған тоғыз көліктің жанып кеткенін жеткізді. Ол бәрі сол жерге жөндеуге әкелінген жекелеген азаматтарың көліктері болған. Бұл күнде шығын толық есептелген. Тоғыз көлікке келген шығын шамамен 100 миллион теңгені құрап отырған көрінеді. Десе де, арнайы комиссия келіп, шығынды біршама есептеп кеткенімен, кейбір кедергілерге байланысты қалпына келтіру жұмыстарын бастай алмай отыр. «Мен мына жерді жалға алып, жұмыс істеп отырмын. Оқиға болған күні осы жерде тұрған көліктерден бөлек өздеріңіз көріп тұрғандай ғимаратты да от шалып, жарамсыз болып қалды. Енді осы ғимараттың шығынына қатысты құжаттардың дайын болмауына байланысты уақытша жауып қоюға мәжбүрміз. Себебі аталған комиссия шешім шығарғанға дейін еш нәрсеге тиісуге болмайды екен», – дейді автожөндеу орталығының иесі Кирилл Нагиев. Ал Кирилл жалға алып отырған аумағы 500 шаршы метрлік ғимараттың иесі Владимир Василев есімді кәсіпкер әлі күнге қажетті құжатқа қол жеткізе алмағандықтан, түрлі қиындықтарға кезігіп отырғанын айтты. «Мына ғимараттты жалға беріп, сол арқылы отбасымды асырап отырған адаммын. Бұл жерді 8 кәсіпкер жалға алып, жұмыс істеп отырған. Енді өздеріңіз көріп тұрғандай, барлығы бір күнде жарамсыз болып қалды. Оқиға болғалы бері бірнеше комиссия келіп кетті. Барлығы «сәл шыдай тұр, шешеміз», – дегеннен басқа еш нәрсе айтпайды. Мінеки, екі айға таяды, мен түк жасай алмаймын. Ең болмаса, жобалық құжаттың сметасына қол жеткізе алмай отырмын. Тіпті, аңғал-саңғалы шығып жатқан аумаққа тазалау жұмыстарын да жүргізе алмаймын. Ғимарат пен ішіндегі құрал-жабдықтар түгелдей дерлік жарамсыз болып қалған. Әкімдік пен өзге де жауапты орындар нақты бір шешім шығарып, кесте жасап берсе екен. Ең болмаса, соған қарай өзімше әрекет ете берер едім. Осыған депутат ретінде ықпал етсеңіздер», – деді кәсіпкер В.Василев. Депутат Айдос Сарым екі кәсіпкердің мәселесін осы ғимарат тұрған Алматы қаласы Әуезов ауданының әкіміне тапсырғанын, ол осы бір-екі күнде нақты шешім шығарып беруге уәде бергенін айтты. Тіпті, елордаға оралған соң Үкіметпен бірлесе отырып, осындай көзге көріне бермейтін бюрократиялық қиындықтарды шешу жолдарының басқа да тетіктерін қарастыратынын айтты. Оның пікірінше, залал келген мұндай нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын неғұрлым тездету кезек. 17 ақпаннан бері мегаполистің жағдайымен тікелей танысып жүрген депутаттар кездескен барлық түйткілді мәселеге қатысты тиісті орындарға тапсырмалар мен ұсыныстар айтылғанын мәлімдеді. Алдағы уақытта әрбір мәселе депутаттық бақылауда болмақ. Өздерінің айтуынша, алдағы наурыз айында Алматыға тағы бір осындай арнайы сапар жасайды. Сол кезде осы жолы көріп кеткен нысандарға қайта соғып, істің алға жылжу барысымен тағы бір рет танысады. Айтылған сындар мен ұсыныстардың қаншалықты нәтиже бергенін көрмек. Депутаттар Мәжіліс залына оралған соң осы жолғы сапарды қорытындылай келе республика бюджетінің Алматы қаласына қатысты тұсын қайта қарау мәселесімен де айналыспақ. Нақты айтқанда, қала бюджетін біршама ұлғайтуға күш салмақ. Себебі дүрбелең кезінде тікелей зардап шеккендіктен, аталған шаһардың шығыны өзге өңірлерге қарағанда едәуір көп. Сонымен қатар Алматы қаласының мәртебесін нақтылау туралы да қолданыстағы заңдарға өзгеріс енгізуді қолға алатын болады. Бұл туралы мәжілісмен Айдос Сарым кездесу соңында бізге берген шағын сұхбатында айтты.
Алматы қаласы