Енді мұғалім болып жұмысқа орналасу үшін дипломның болуы жеткіліксіз. Биылдан бастап университетті тәмамдаған жас педагогтер қосымша тестілеуден өту арқылы «Педагог» біліктілігін алуға міндетті. Дегенмен сынақ басталмай жатып сүрінгендер көп. Былтыр педагогикалық университет түлектерінің 46 пайызы ғана қажетті балл жинай алған. Бұл – тест тапсырған 32 мың түлектің 15 мыңы. Болашақ ұстаздардың білімі неге сапасыз? Сынақтан өте алмағандар не істейді? Төрт жыл бойы мұғалім мамандығын оқыған студент мектепке жұмысқа орналасуы үшін Ұлттық біліктілік тестін тапсыруға міндетті. Міне, бұл – жас маманды жұмысқа қабылдау ережелерінің бірі. Тестілеу сұрақтарында салалық пән бойынша мектеп бағдарламасы мен сабақ беру әдістемесі қамтылған. Сыннан сүрінгендер «ұстаз» деген атқа ие бола алмайды. Ал бұған дейін мұғалімдерді жұмысқа мектеп директоры қабылдап келген еді. Енді бұл бастама мектептегі «бармақ басты, көз қыстыны» азайтып қана қоймай, сапалы мамандар санын да арттыруы мүмкін. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, оқу бағдарламасын тиісті деңгейде игермеген және алған дипломдарының негізінде ғана жұмысқа орналасуға ниет білдіргендерді енгізілген тәртіп қуантпайтыны анық. – Бірқатар университеттерге де бұл шешім ұнаған жоқ. Өйткені бұл олардың жұмысының деңгейі мен сапасын айқын көрсетті. Бірақ біз жоғары оқу орындарының білім беру қызметінің сапасын жақсарту мақсатында, мектепте қызмет етуге тек мықтылар келуі үшін жұмысты әрі қарай жалғастырамыз, – дейді министр.
Тесттен өтпегендер не істейді?
Бұл бастама педагогикалық бағытта маман даярлайтын жоғары оқу орындарының жұмысын ширата түсу қажеттігін көрсетті. Бұған дейін елімізде мұғалімдерді 86 университет даярлаған болатын. Салалық министрлік атқарған жұмыстың нәтижесінде 30-дан астам оқу ордасының педагогика бойынша лицензиясы қайтарып алынды. Жоғарыда сыннан сүрінгендер де сол лицензиясынан айырылған оқу ошақтарының түлектері дейді мамандар. Бірақ соның өзінде әлі 50-ден астам жоғары оқу орнының лицензиясы бар, олар педагогтерді даярлауды жалғастырып жатыр. Барлық мәселе олардың кейбірінің нәтижелері оқыту сапасына қойылатын талаптарға сәйкес келмейтіндігінде. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Хайрулла Нышанұлының айтуынша, болашақ ұстаздардың біліктілік тестінен өте алмауының басты себебі – жоғары оқу орындарының көптігі. Айта кету керек, жабылған оқу орындарының студенттері педагогикалық университеттерге келіп қосылған. – Білім саласындағы реформа бір күнде нәтжиесін бермейді. Жылдар өте келе сапалы мамандар шығады. Теория мен тәжірибе әрдайым қатар жүруі керек. Сондықтан университеттегі оқу және өндірістік тәжірибенің сағат сандарын көбейтуіміз қажет, – дейді Хайрулла Нышанұлы. Тест тапсыра алмай қалғандардың кеудесінен итеру де дұрыс емес. Жыл сайын жүздеген жаңа мектеп ашылуда. Ал оларды педагогпен қамтамасыз ету – бүгінгі күннің үлкен мәселесі. Сондықтан Хайрулла Нышанұлының пікірінше, тестен өтпеген мамандарды мектепке мұғалімнің көмекшісі ретінде алып, ұстаздыққа баулу керек. Қабылданған ережеге сай шектік балды жинай алмаған жағдайда, болашақ педагогтың құқығы бұзылмайды. Жас маманға бір жыл ішінде тағы бір рет тестілеуден ақылы өтуге мүмкіндік беріледі. Ал тест тапсыру кезінде техникалық жағдай бойынша қате кетсе, апелляцияға беруге болады. Жалпы біліктілік тесті пән бойынша 70, педагогика және оқыту әдістемесі бойынша 30 сұрақтан тұрады. [caption id="attachment_185526" align="alignleft" > © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Мұғалімдік тәжірибе жылдар өте үйренумен келеді. Ендеше бұл сынақ студенттің емес, оларды дайындаған жоғары оқу орны мен оқытушылардың деңгейін көрсетеді. Қазір онсыз да мұғалім тапшы. Ауылдағы мектептердің жағдайын айтудай-ақ айтылып келеді. Оқушысы аз, сағаты жетіспейтін шалғайдағы мектептерге жас педагогтер сирек барады. Енді талапты күшейтіп, жалақысына болмашы қаржы қостық деп сынақтан өтуін талап етсек, жас маманның тауы шағылмай ма? – Біз жас маманға қояр талапты қиындатқан сайын педагогтер өзге салаға кетеді. Осылайша, мемлекеттің мұғалім дайындауға бөлген қаржысы да желге ұшады. Шын мәнінде, жас педагогтің алатын бастапқы еңбекақысы 200 мыңның шамасында. Ал қазір мұндай еңбекақыны басқа жұмыстан да табуға болады. Жоғары оқу орнын бүгін бітірген түлектің білімін ертеңінде тексеру дұрыс емес, – дейді білім сарапшысы Өмір Шыныбекұлы. Шыны керек, бұрын мұғалімдікті көбіне ҰБТ-да аз балл жинаған оқушылар таңдайтын. Кешегі тест тапсырған мамандар сол топтың өкілдері. Ал соңғы жылдары оқуға түсушілердің орташа балы айтарлықтай өсіп, 96-ға жетті. Сондай-ақ үздік түлектер мен «Алтын белгі» иегерлерінің саны да шамамен екі есе өскен.Саннан сапа маңызды
Жоғары оқу орнында төрт курс оқып, қажетті білім алған студенттерге тест тапсыру қиындық тудырмайды. Ал білімі мен қабілеті балаларды оқытуға жеткіліксіз түлектер білім беру ұйымдарына қабылданбайды. Ендеше біліктілік тесті саннан сапаның маңызды екенін айқындап отыр. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Ержан Әмірбекұлының айтуынша, мамандардың сапасын көтеру үшін мектептермен байланысты нығайту керек. – Педагогикалық бағыттағы жоғары оқу орындары міндетті түрде колледж, мектеп пен балабақшаларды сенімгерлікке алуы қажет. Осылайша, болашақ мұғалім мектептің ішкі өмірінде қайнайды. Мықты университет түлектерін ауылға тарту үшін қаржы аямауымыз тиіс. Өйткені әлемдік тәжірибе білім саласының ел экономикасын көтеруге тікелей әсер ететінін дәлелдеген, –дейді Ержан Әмірбекұлы. Иә, ұшқыштар, аудиторлар мен адвокаттар қызметіне кірісуі үшін жауапты емтихан тапсырады. Ендеше балалармен жұмыс істеуді алғаш рет бастайтын педагогтердің де сынақтан өтуі – құптарлық. Біліктілік тестін тапсыру студенттерді диплом үшін ғана оқуға емес, шын мәнінде сапалы білім алуға ынталандырады. Барлық салаға біліктілік сертификатын алу жүйесін енгізсек, оқу орындарының білім сапасын қамтамасыз етуге жауапкершілігі артар еді. Мысал ретінде Оңтүстік Кореяны алып қарайық. Өткен ғасырдың 60-жылдарына дейін экономикасы тұралап жатқан мемлекеттердің бірі болатын. Қалай олар білім жүйесін реформалап, білім сапасын тәуелсіз бағалау және біліктілікті анықтайтын арнайы орталықтар ашты, солай елдегі сапалы мамандардың қатары артып, өндірісі дамыды. Өйткені біліктілігі жоғары мамандары бар елдің, халыққа қызмет көрсету деңгейі де, жасаған жұмыстары мен шығаратын өнімдерінің сапасы да жоғары болатыны сөзсіз.