«Оффшордағы» ақша Отанға орала ма?
«Оффшордағы» ақша Отанға орала ма?
© коллаж: Елдар Қаба
Биыл тек қаңтар айында Қазақстаннан 2,6 трлн теңге шетелге аударылған. Үкіметке шетелге шығарылған заңсыз ақшаны қайтару тетігін екі айда ұсыну жөнінде тапсырма берілген. Көпшілік «популистік бастама» көрген машақаты көп мәселе қалай жүзеге асады? Қазақстанның миллиардтаған доллар қаржысын «оффшор» асырып, еліміздің қаржы жүйесіне жазылмас жара салғандар жазалана ма?

ЖАУАПТЫЛАР ҚАЙДА ҚАРАП ОТЫР?

Күдікті және шекті операциялар туралы деректерге сәйкес, биылғы қаңтар айында шетелге аударымдар көлемі 2,6 трлн теңге болып отыр. Операциялардың 92 пайызы 9 ел­ге тиесілі: АҚШ-1,1 трлн теңге; Ресей – 814 млрд теңге; Ұлыбри­та­ния – 176 млрд теңге; Қытай – 80 млрд теңге; Германия – 79,7 млрд теңге; Лихтенштейн – 44,5 млрд теңге; Швейцария – 43,8 млрд теңге; Гонконг 30 млрд теңге және БАӘ – 29,4 млрд теңге. Бұл туралы жақында Қаржылық мониторинг агент­тігінің төрағасы Жанат Эли­манов мәлімдеген еді. Бірден аражігін ажыратып ала­йық, «оффшордағының» бәрі бір­дей ұрланған ақша емес. Бірі елден заңды түрде шығарылған (оларды қайтару моральдық мәселе). Екін­шісі, заңды жолмен табылған, бірақ рәсімдерге сәйкес емес заңсыз алын­ған ақша. Үшіншісі, заңсыз жол­мен алаяқтық арқылы Қазақ­стан­нан кеткен қаражат. Ескеретін жайт, оффшорға ақша шығару Қа­зақстан заңдарына қайшы келмейді. Сыртқы экономикалық қызмет ая­сында елден тыс жерлерге ақша аударудың көптеген заңды негіздері бар, мысалы резидент емес құрыл­тай­шыларға дивидендтер төлейді. Бірқатар кәсіпорындар өз қызме­тінің сипатына қарай шет­ел­дік банктерге ақша орналастырады. Елден шығарылған қаржының бәрі бірдей заңсыз емес десек те, басым бөлігінің заңсыз жолмен са­лықтан жалтару мақсатында «офф­шорлық» шотқа жасырылуы да мүм­кін. Оны да жоққа шығара ал­маймыз. Мәселен, аумағы жағынан Қазақстаннан 66 есе кішкентай Нидерландтың осы уақытқа дейін елімізге ең көп инвестиция салғаны күмәнді. Нидерланд оффшорлық хаб десек, мұнайдан түскен қара­жат­тың бір бөлігі сонда қалады. Ке­йін өзге компания атауымен кет­кен ақша қайтып өзімізге инвес­тиция болып келеді. Елден капитал­дың шығуы осындай екі есе тонау арқылы жасалған болуы мүмкін. Осыдан келіп қыруар қаржының көзден бұлбұл ұшуына құзырлы органдардың қызметіне салғырт қа­рауы мен заңның әлсіздігі себеп­кер деген ой туады. Себебі бұған дейін елімізде үш рет ақша мен мүлікті заңдастыру нау­қаны жүргізіліп еді. Ол кезде Үкімет сыртқа шығарған қаржыны заңдастырып, ашық жұмыс істеңдер деп ескерткен. Тіпті, ақшасын заңдастырғысы келгендер банктер арқылы салған жағдайда 10 пайыз­дық алымнан да босатылған. Сырт­тан қаржының қайтпауына заңның орындалмауы себеп. Қаржылық мониторинг агенттігі бақылау, қа­да­ғалау жасауы керек болатын. Бірақ ол жұмыс толық істелген жоқ. Сонымен қатар қылмыстық жол­мен алынған кірістерді заңдасты­ру­ға және терроризмді қаржылан­ды­руға қарсы іс-қимыл туралы заң 2009 жылы қабылданған. Осы заң­ның орындалуы өз дәрежесінде емес. Негізсіз баюға қатысты, заң жо­басы қабылданған кезде күдікті адам қаражаттың қайдан келгенін түсіндіре алмаса заңға сілтеме жа­сап, активтерді қайтару мүмкіндігі болады деп отыр Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агент­ті­гінің төрағасы Марат Ахметжанов. «Бүгінде Бас прокуратура тара­пынан топ құрылды. Олар заңға сәй­кес тәсілді қолданады. Қаржы­лық тергеу болады. Оның мерзімі жоқ, яғни тергеу ақша табылғанша жүре береді. Оған құқықтық көмек беру үшін тапсырма береміз. Екі елмен (Қазақстан және қаржы кет­кен ел) келісім болуы керек. Агент­тік санкциялап, сұраныс жібереді. Екінші елдің құқық қорғау орган­дары мүліктің бар-жоғын тексереді. Егер болса, Қазақстан тарапынан санкциялап, шектеу қойылуы ке­рек. Артынша сотталған кезде қар­жы заң­сыз жолмен алынғаны дә­лел­ден­геннен кейін екінші елдің бар­лық мүлік немесе қаржыны қай­таруға мүмкіндігі болады», – дейді ол.

КАРИМОВА ҚАРЖЫСЫ ШЕ?

Өзбекстан Гүлнара Каримова­ның қылмыстық жолмен жинаған қаржысын 4 жыл дегенде қайтарды. Биыл 10 миллион доллар Франция­дан, 2020 жылы мамыр айында 10 миллион доллар қайтарылған. Өзбектер қалай қайтарды? Өз­бекстан мен Швейцария арасында­ғы келіссөзден кейін екі тарап Бі­ріккен Ұлттар Ұйымының көпжақ­ты траст қорын құруға уағдаласты. Қор­дың жұмысы Гүлнара Кари­мо­ваға байланысты қылмыстық іс бойынша тәркіленген активтерді қайтаруға бағытталады. Тек Кари­мова емес, өзге де тәркіленген ак­тивтермен жұмыс істейді. Қазір 131 миллион доллар ақша Өзбекстанға қайтарылуға дайын тұр деп мәлім­деме жасады Өзбекстан Әділет ми­нистрлігі. Қорды басқару меха­низ­мі Швейцария, Өзбекстан және Біріккен Ұлттар Ұйымының өкіл­дерінен құралады. Осылайша, Швей­цария мен Өзбекстан автив­терді қайтаруға кіріседі. Гүлнара Каримова жөніндегі өзбек сотта­ры­ның үкімдерін Мәскеу қалалық со­ты мойындаған, сол себепті Ре­сей де Каримованың тәркіленген активтерін сатуды ұйымдастырып жатыр. Егер «оффшордағы» қыруар қар­жының иесі қылмыскер деп та­нылса, әрине мүлкі тәркіленеді. Ал біздің жағдайда ел Президентінің нақты кімді және оның қандай со­мада жымқырғанын меңзегені әзір­ге белгісіз. 2001 жыл. Есіңізде болса, бір ай­ға созылған рақымшылық шара­сында Нұрсұлтан Назарбаев мем­лекеттік қызметкерлер мен кәсіп­керлерді ұлттық экономикаға үлес қосуға шақырған. Нәтижесінде, Қазақстанға 480 млн доллар қайтып келген еді. Қаржыға қатысты ра­қым­шылықтың екінші кезеңі 2006-2007 жылдар аралығын қамтыды. Осы уақытта Отанға 7 миллиард доллар оралды. 2014-2015 жылдары жүргізілген қаржы рақымшылығы да Қазақстанға шетелде сақталған ақшаны қайтартуды көздеді. Осы шара шеңберінде елімізден тыс жерлердегі мүлікті жария ету баста­масы да көтерілді. Алайда отандық олигархтар асықпады. Себебі олар оффшорлық аймақтардағы ақша мен мүлікке қатысты мәлімет құпия сақталатынын жақсы білді.

АЛМАҚТЫҢ ДА САЛМАҒЫ БАР

Қазақстанға тиесілі қаржыны қалай қайтарамыз? Бұл активтер қай шарттармен және қандай ке­пілдікпен қайтарылатынына қа­тысты күрделі күрес пен келіссөздер болатыны белгілі. Себебі 30 жыл бойы заңсыз байыған капитал ие­лерінің ешқайсы өз еркімен, тек Президенттің шақыруымен актив­терін Қазақстанға қайтара қоймас. Осы ойымызды қуаттаған Рес­пуб­ликалық заң консультанттары алқасы төрағасының орынбасары Сағидолла Баймұрат бұл мәселені кіші саяси сауда деп отыр. «Сот шешімі шықса, түскен ақ­шаның көзі заңсыз деп танылса, мемлекеттер ақшаны қайтарудан өздері де пайда табуы мүмкін. Ха­лықаралық заң фирмаларына, ак­тивтерді іздеу бойынша кеңесші­лерге хабарласу керек, шетелдік сот­тар мен құқық қорғау органда­рының көмегіне жүгіну керек. Банк операциялары, ол ақшаны грант­тармен қайтаруы мүмкін. Ол ақша­ның нақты қылмыстық жолмен ке­летінін дәлелдемейді, бірақ оның қайдан келгенін растай да алмайды. Растай алмаса, ол ақша шыққан жеріне қайтарылу керек. Әлеуметтік жобалар, мектеп, аурухана салу ар­қылы қайтаруы мүмкін. Оны бақы­лайтын ұйымдар керек. Халық­ара­лық банктер болуы мүмкін. Қайтару жолы бар», – дейді С.Баймұрат. Оффшорлық зонаның салыну себебі – сол елдің экономикалық әлеуетін арттыру. «Барлық оффшорлық аймақ бір юридикцияға бағынады. Өздерін-өздері жасап алған жоқ. Сәйкесін­ше 100 млрд доллар болса, оның 60 млрд долларын қайтаруы мүмкін. Қалғанын өздеріне заңдастырады. 10 млрд доллар қаржы Қазақстанға қайтатын болса, осы қызмет үшін біз қаржы о баста құйылған мем­лекетке басқа бір нәрсе беруіміз керек. Оны бізге ешкім айтпайды. Біз қайтарамыз, бірақ оның орнына әлденені бересіңдер деп талап қоюуы мүмкін. Бізде алтын көп, Менделеев кестесіндегі барлық эле­менттер бар», – дейді ол. Егер 10 млрд долларды қайтару үшін 1 млрд доллар жұмсалса, неге қайтармасқа? Егер 10 миллиардты қайтарамыз деп, 15 млрд жұмсайтын болсақ, мұның соңына түсу пайда әкел­мейді. Енді Үкіметтегілер кет­кен дүниені қайтаруға қанша қара­жат жұмсайды, кім жүргізеді, қалай іске асады деген сұрақтар туындауы орынды, сондықтан бұл процесте ашықтық ауадай қажет екені көрініп тұр. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, қаржыны қайтарудың екі жолы бар. Бірі – дипломатиялық жолмен шешу, екіншісі – сот арқылы. Қа­зақстан қай жолды таңдауы мүмкін, қайсысы ұтымды? Бұл сұрақты эко­номист Арман Байғановқа қойдық. «Дипломатиялық жолмен ше­шу­ді таңдаса, іс көпке созыл­майды. Ел Президенті – тәуелсіз ел та­рихында екі мәрте Сыртқы істер министрі болған дипломат. Ал сот арқылы шешуді ұйғарса, қымбатқа түседі, 5-10 жылға созылады. Менің ойымша, біз екі амалды да қолдана­мыз. Бас прокуратура, прокуратура және ҰҚК және Сыртқы Істер министрлігінің қатысуымен дипло­матиялық келісімге келеді. Бұл қымбатқа түспейтін еді. Еуропа бұл ақшаларды қабылдағанда қандай жолмен келгенін де білді. Сон­дық­тан олар оны оңайлықпен бермейді. Түбінде соттасуға тура келеді», – дейді ол.

ҰРЛАНҒАНДЫ «ҰРЛАЙДЫ»

Заңсыз қаржыны қабылдаған ел оңайлықпен қайтармайды. 2017 жылы Моңғолияның экс-прези­денті Халтмаагийн Баттулга мемле­кеттік қызметкерлер мен саясат­керлерді, сондай-ақ оффшорлық шоттары бар олармен байланысты тұлғаларды 49 күн ішінде Отанына қайтаруға шақырды. Алайда осы мерзім өткеннен кейін елге ақша түс­кен жоқ. Елде бұл мәселенің жа­­­риялы түрде айтылып келе жат­қанына он бес жылдай болды. Бір­неше рет шетелдегі капиталға ке­ші­рім жасалды. Бірақ оның нәти­жесі аз болды. Даулағандар дітте­гі­ніне жете алмай жүр. Мәселен, ақпан айының басында Нигерия билігі Ұлыбританияның қылмысқа қарсы ұлттық агенттігін сотқа бе­ріп, Африка елінің бұрынғы дик­та­торы генерал Сани Абачаға тиесілі шамамен бұғатталған 180 миллион еуроны босатуды талап етті. Бұл қаражат бұрын АҚШ билігінің өті­ніші бойынша «Нигерия халқына ақшаны қайтаруға уәде беріп» бұ­ғатталған еді. Абача билікте отырған бес жыл­да екі миллиардтан төрт миллиард долларға дейін шетелге шығарған. Австрия, Бельгия, Ұлыбритания, Лихтенштейн, Люксембург, АҚШ, Швейцария қаржы институттарына кеткен. Өзі 54 жасында 1998 жасын­да кенеттен қайтыс болды, бірақ оның миллиардтарын іздеу және тексеру ширек ғасырдан бері жа­л­ғасты. 2010 жылы Швейцария соты диктатордың кіші ұлы Абу Аббасқа әкесінің ақшасын жымқырды деген айыппен 24 айға бас бостандығынан айырып, айтарлықтай сома тәркі­ленді. Бірақ бұрынғы диктатордың ақшасы табылған басқа елдер, олар­дың заңсыз шығарылғанын мо­йындағаннан кейін де, қайтаруға асықпайды. Мысалы, АҚШ 2014 жы­лы Абачқа тиесілі 300 мил­лион­нан астам долларды тәркілеген, бірақ бұл ақша Нигерия үкіметінің шоттарына тек 2020 жылы түскен. 2011 жылы Муаммар Каддафи тақ­тан құлатылғаннан кейін АҚШ би­лігі оның 36 миллиард долларлық активтерін, Ұлыбританияда 12 мил­лиард долларлық активтерін тәр­кіледі. Бұл ақшаны да Ливия хал­қына қайтаруға ешкім асықпайды. 2018 жылы ағылшындар «Шығу тегі белгісіз байлық ордері» деген құжат қабылдады. Ол соттың санк­циясымен еуропалық емес саяси тұлғаларға және кез келген адамға, оның ішінде ауыр қылмыс жасады деген күдік бойынша ұсталған еу­ропалықтарға қарсы қолданылады. Бұл құжаттың ерекшелігі шығу тегі белгісіз байлыққа қатысты негізде­мені сот емес, актив иесі әзірлеуге тиіс. Егер ол кірістің заңдылығын дәлелдей алмаса, сот процесінің келесі кезеңінде бар байлығынан айырылады. Оның активі Британия бюджетінің бүйірін толтырады. Сот актив иелеріне ешқандай шағым жасамайды. Өйткені олардың кінә­лі немесе кінәсіз екені даудың негізі болып саналмайды. Сот қылмыстық емес, азаматтық істі қараған бола­ды. Қарсы тараптың ақшасы мен мүлкі тартып алынады. Сот актив иесінен көрсетілген қаражатты қыл­мыстық емес, адал жолмен тап­қанын дәлелдеуді талап етті. «Қа­зына қаржысына қол салды» деген айып тағылған Молдованың бұ­рынғы үкімет басшысы ұрланған ақ­шасынан осылай айырылды. «Оффшорлық» аймақ құру сол елге қыруар қаржы түсіреді. Ертеңгі күні оның заңсыз екені анықталып, қайтару керек болған күнде қаржы құйылған ел пайдадан құр алақан қал­майды. Жоқ жерден ақша жа­сай­ды. Кайман, Сейшель аралдары – оффшор шоттар үшін өте тиімді аймақтар. Онда салық сұрамайды, кез келген қаржыны сақтау тиімді. Аралдарға оффшор шоттар не үшін керек? Онда ақшасын сақтаған ком­пания офисін ашуға міндетте­леді және сол жердегі азаматтарды жұмысқа алуы керек. Соның өзінен пайда табады. Есесіне, онда аме­рикалық салық реттегіші жұмыс істейді. Сол үшін оларда оффшор шот­тар мұқият қорғалады, иесін құ­пия сақтайды. Панама құжатта­рында оффшорлар туралы ақпарат тарап кетті. Бұрақ мұндай жағдай сирек кездеседі. Қорытындысында, қайтарымы қиын болатын қаржыны дауласа жатармыз. Дегенмен елден заңсыз шығарылмауын да қатаңдату керек екені анық. Сыбайлас жемқорлыққа байланысты мәліметтер ашық бол­ма­йынша, қатаң талап болмайынша бәрі қазіргі күйінше қалуы мүмкін. Қазақстаннан қаржыны шығаруға кедергі келтіретін шараларды жү­зеге асырып, маңызды экономика­лық активтердің меншік құры­лы­мының ашықтығын арттыру жө­ніндегі шаралар анағұрлым орынды әрі тиімді болар еді. Ал Президент пәрменінің қалай орындалатынын уақыт көрсетеді.